Спорт

Жаңа жобалар мен жетістіктер

Денешынықтыру және спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде (ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №251 қаулысы) биыл облыста мың адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 65,8 пайызға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 61,9 пайыз болған.

Өңірде спорт нысандарының саны 1747 болса, оның 505-і — жекеменшік және мемлекеттік мекеме. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында — 985, спорт мектептерінде 257 нысан бар. Жыл сайын спорттық инфрақұрылымдардың саны артуда. Атап айтсақ, 2024-2025 жылдары аралығында барлығы 19 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді: 2024 жылы 11 нысан, биылғы он айда 8 нысан ашылды. Жыл соңына дейін және 2026 жылы 13 жобаның құрылысы аяқталмақ. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені, 34 980 адамға дейін қабылдай алатын жаңа футбол стадионы, 5 000 орындық заманауи спорт кешені бар.
Бүгінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау бойынша облыста бюджеттік емес қаржы көзінен бірқатар жоба іске асырылды. Мәселен, Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен «ALAN» жобасы аясында Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі стадионында футбол алаңы жаңартылды, Хромтау қаласындағы №4 орта мектеп аумағында «FIFA ARENA» бағдарламасы аясында заманауи талаптарға сай жаңа шағын футбол алаңы ашылды. Сондай-ақ Қандыағаш қаласының Жастық шағын ауданында 200 орындық жаңа стадионның құрылысы аяқталуда (аталған стадион «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС демеушілігімен салынуда). Бюджеттік қаржы есебінен биыл Алға ауданындағы 1500 орынға арналған орталық стадион күрделі жөндеуден өтті.
Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы балалар футбол алаңдарының саны 430-ға жетіп отыр. Жалпы, облыста 12 стадион болса, оның алтауы аудан орталықтарында орналасқан.
Ақтөбе халқы арасында кеңінен қызығушылыққа ие футболмен облысымызда 50 мың астам адам тұрақты шұғылданады, 400-ге жуық маман жұмыс істейді.
2025 жылы бұқаралық футболды дамыту бағдарламалары аясында бірқатар маңызды іс-шара өткізілді. Соның ішінде футболды насихаттауға және балалар мен жасөспірімдерді спортпен айналысуға тартуға бағытталған «Аула лигасы — 2025» жобасы аясында аула командалары арасында бұқаралық футбол турнирі өткізілді. Жобаға облыстың барлық ауданынан командалар қатысты. 2007-2014 жылы туған тәрбиеленушілер арасында Ақтөбе облысының футболдан чемпионаттары өткізілді. Жарыстарға Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының командалары қатысты. Ақтөбе қаласында 2011 және 2012 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстардың, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары командалары қатысқан Қазақстан Республикасының чемпионаттары өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының «ОБЖОРСМ — 2011» командасы бірінші орынды иеленді. Ал «ОБЖОРСМ — 2012» командасы чемпион атанып, бапкерлер құрамы жоғары кәсібилігін дәлелдеді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының чемпионаты аясында облыс спортшылары зор нәтижеге қол жеткізді. Аталған спортшылардың барлығы — облыстық олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, бұл жетістіктер мекеме жұмысының тиімділігі мен жас сапортшылардың жоғары даярлығын көрсетеді.
Бүгінде өңірімізде әйелдер футболы да белсенді дамып келеді. «Ақтөбе» әйелдер командасы 2025 жылғы әйелдер лигасының чемпионы атанып, жоғары дайындық пен ұжымдық ұйымшылдықты көрсетті.

Наурызғали ЖАҚИН,
Спорт және туризмді дамыту бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button