Тұрғын үйді басқарудың қос тетігі

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға облыстық әділет департаментінің, қалалық тұрғын үй инспекциясының мамандары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Биылғы 15 қыркүйекте қабылданған заңнамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың тек екі тетігі қалды. Олар: тікелей өзара басқару және жекеменшік бірлестігі. Бұрынғы «жай серіктестік» формасы заңды күшін жоғалтты.
— 36 пәтерге дейінгі үйлерде тұрғындар тікелей өзара басқару формасын таңдай алады. 36 пәтерден асқан үйлерде жиналыс өткізіліп, басқарушы субъектіні тағайындайды. Егер келісімге келе алмаса, қалалық тұрғын үй инспекциясына өтініш білдіріп, басқарушы компания конкурс арқылы тағайындалады, — деді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Болат Расқалиев.
Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Ақнұр Қазбаева заңнамалық өзгеріс негізінде бекітілген ережелерді түсіндірді.
— Басқарушы субъектілердің өкілеттігі енді 3 жылға тағайындалады. Әр үйде екі шот ашылады: ағымдағы шот пен жинақ шот. Жинақ шотына аударылатын ең төменгі жарна мөлшері 0,05 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген. Ал ағымдағы шотқа тарифті тұрғындар өз қажеттіліктеріне қарай белгілейді. Сонымен қатар жиналыстар өткізу туралы хабарландыру мерзімі 10 күннен 5 күнге қысқартылды.
Қазір қалада 500 үйге тікелей басқару формасы енгізілген, ал жалпы 2100 көппәтерлі тұрғын үй бар. Әзірге 16 басқарушы компания қызмет көрсетеді. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасуда, — деді Ақнұр Қазбаева.
Жаңартылған заңнама тұрғын үйді басқаруда ашықтықты қамтамасыз етуге және тұрғындардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне мүмкіндік береді.
А.АЛТЫБАЕВА.



