Жеңіс

Менің атам – Тіржанов Баттал

Атам – менің мақтанышым. Оның өмірі – мәңгілік өнеге.

Ол 1917 жылы 9 мамырда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Атамның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі, ерлік пен еңбекке толы тағдыр жолы.

1937 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына алынып, елге оралуға дайындалып жүргенінде 1939 жылы Қысқы соғыс басталады. Фин майданында жанқиярлықпен шайқасып, 1940 жылы Мәскеудегі Кремльде Михаил Калининнің қолынан “Қызыл жұлдыз” орденін алды. Бұл — атамның ерлігінің ел мойындаған белгісі еді.

Бірақ атамның жауынгерлік жолы мұнымен аяқталған жоқ. Ұлы Отан соғысы басталғанда, жүрек қалауымен, Отанын қорғауға өз еркімен майданға аттанды. Украина мен Ленинград майдандарында пулемет взвод командирінің орынбасары болып шайқасты. 1942 жылы Ленин партиясының қатарына өтті. 1944 жылы тағы да көзсіз ерлік көрсетіп, екінші рет “Қызыл жұлдыз” орденін иеленді.

Соғыс жылдары талай марапат пен алғыс хаттар алды. Бірақ атам үшін ең үлкен марапат — елге аман-есен оралып, туған жерге қызмет ету болды.

Жеңістен кейінгі жылдары атам ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етті: бригадир, ферма меңгерушісі, колхоз төрағасы, шаруашылық меңгерушісі сынды сан түрлі жауапты қызмет атқарды. Өз ісіне адал, халқының қамын жеген еңбек майталманы болды.

Ол кісі тек елінің емес, отбасының да тірегі еді. Зайыбы Орынша екеуі 8 баланы тәрбиелеп өсірді. Бізге — немере-шөберелеріне — адалдықты, ерлікті, еңбекқорлықты мұра етіп қалдырды.

Мен атамды мақтан тұтамын! Ұрпақтарына осындай бейбіт өмірді сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін!

Серік Баттал, соғыс ардагерінің ұрпағы, Шалқар ауданы

#ҰлыЖеңіс
#80АлғысСөз

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button