Жеңіс

Майдангер ұстаз өнегесі

Биыл ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осы 80 жылдың ішінде майдан даласында от кешкендер туралы қаншама зерттеулер мен естелік кітаптар жарық көрді.

Құрманиязова (Жонатова) Зиба (1921-2012)

Одан бөлек сұрапыл шайқастар өткен жерлерде іздестіру экспедициялары жұмыс жасап, бірталай жауынгердің деректері анықталды. Осы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанымен, майдан даласының куәгерлері де күн өткен сайынортамызданалыстап барады. Бұл алдағы уақыттағы зерттеулерді тек архивтік құжаттарғағана негіздеп жазуға алып келетінін ойласаң, әрине, өкінішті.Бүгін қолымызға қалам алып, мақала жазуға себеп болып отырған майдангер ұстаздың да өмірі мен қоғамдық қызметі уақтылы хатқа түсірілмеген. Әйтпесе жүріп өткен жолы кеңестік биліктің орнауымен тұспа-тұс келіп, ұжымдастыру, ашаршылық, саясиқуғын-сүргін, соғыс жылдарымен тығыз байланыста өрбіген.

Ардагер ұстаз Әбдіхалық Құрманиязов 1919 жылы Темір уезініңСулы аша деген жерінде дүниеге келген. Бұл жер кейінЖұрын ауданы аумағына еніп,«Қазақстанның 30 жылдығы атындағы» колхоз атанған. ӘкесіЖантөре Жем мен Темір бойындағы елге танымал күйші болған. Ол кісінің күйшілік өнері туралы ақсақалдардың ауызында әлі күнге дейін айтылып келеді. Дегенмен «Шалқыма» деген күйінен басқасы нотаға түсірілмей, көшпелі қоғамның елесінде қалып кеткен. Әбдіхалықтың 1955 жылы жазған өмірбаяндық жазбасында:«Мені бауырына басқан әкем 1920 жылы қайтыс болды» — деп көрсетілген. Соған қарағанда, атасы Құрманияздың тәрбиесінде болған секілді. Өйткені жазбасын: «1933 жылға дейін әжемнің тәрбиесінде болдым» деп жалғастырады. «Ал туған әкем Жантөре Құрманиязов 1939 жылы Рыбнинск еңбекпен түзету лагерінде қайтыс болды», — деп атап өтеді. 1917 жылғы төңкерістен кейін әкесі Жантөре кеңестік билікте қызмет еткен. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінде ұсталып, лагерьге жіберілген екен.

Әбдіхалықтың өзі 1933-1936 жылдары Темірдегі педагогикалық училищенің толықкурсын тәмамдайды. Мұғалімдік қызметі 1936 жылдан басталған. Алғаш еңбек жолын бүгінгі Шұбарқұдық кәсіпшілігі (Промысел) мектебінде мұғалім болып бастайды.1937 жылдың тамыз айынан бастап 1938 жылдың ақпан айына дейін Темір аудандықбілім бөлімінде мектеп инспекторы болып қызмет атқарған. Осыдан соң «Кеңестуы» колхозында (бүгінгі Досжан ишан мешітінің маңында орналасқан) мұғалім болды. 1938 жылдың тамыз айында, яғни жаңа оқу жылы қарсаңынан бастап Темір қаласындағы қазақ мектебіне ауысып, 1940 жылдың ақпан айына дейін осындамұғалім, директордың орынбасары болып еңбек етті.

Одан кейін «Ашакенау» колхозының(бүгінгі Қалмаққырғанға жақын орналасқан)  мектебіне ауысып, мұнда да екі жыл мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Осы жерде еңбек етіп жүргенде өмірлік жары ЗибаЖонатовамен танысып, отау құрған. Зиба апамыз 1921 жылы Бәшенкөлде дүниеге келген. 1940 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдаған. Оның алдында, өзінің айтуынша, Қостанай қаласында білім алады. Бірақ 1937 жылы қазанда ағасы Бақытжан Байдақов Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған жерінен қамауға алынып, қарындасы елге қайтуға мәжбүр болған. Елге келгенмен, бұл жақта да жағдай қиын еді: әкесі Жонат та халық жауы ретінде сотталады. Жонаттың отбасы енді Бәшенкөлден шығып, Ақтөбеге қоныс аударыпты. Өйткені Ақтөбеде қалалық қазақ мектебінде мұғалім болып қызмет ететін баласы Итес бар еді. Зиба апамызда осы ағасы Итестің қолында болып, мұғалімдік мамандық алып шығады. Алайда бұл жақсы уақыт та ұзаққа созылмады. 1940 жылы Итестің өзі өкпе ауруынан қайтқан соң, отбасы қайтадан жан-жаққа тарап кетуге мәжбүр болды. Осы кезде Зиба апамыз Сталин атындағыколхозға мұғалім болып орналасып, шешесі мен бауырлары «Ашакенау» колхозына көшіп келген. Бір жылдан соң Зибада олардың қасына келіп, мектепке мұғалім болып орналасады. Соғыстың алдындағы қилы тағдыр екі отбасын «Ашакенау» колхозында тоғыстырып, артынша Әбдіхалық пен Зиба шаңырақ көтереді. Бұл 1941 жылдың 20 шілдесі еді. Ал 1942 жылдың ақпан айында Әбдіхалықты Темір ауданының «Қопа» колхозындағы (бүгінде Сарыкөл ауылдық округіне қарайды) мектепке — директор, зайыбы Зибаны мұғалім етіп жібереді. 1942 жылдың мамыр айында осы қызметте жүрген кезінде әскер қатарына шақыртылған. Осымен Әбдіхалықтың мұғалімдік қызметі уақытша тоқтап, қару асынған әскери өмірі басталады.

Майдан даласында алғашқы уақытта Оңтүстік Оралдағы 333-дивизияның 1118- қосалқы полкінде қатардағы жауынгер, кейін кіші сержант шенінде болды. 1942 жылдың тамыз айынан бастап бір жыл бойы Оңтүстік-Батыс майдандағы 5-танк армиясының арнайы күзет ротасы штабында сержант, саяси мәселелер жөніндегі орынбасар (замполит) болып әскери қызметін жалғастырған. 1943 жылы тамызда басшылық оны Миллерово қаласындағы әскери-саяси училищеге тыңдаушы етіп жібереді. Одан әрі Харьков жоғары әскери командалық-инженерлік училищесінде тыңдаушы болды. 1945 жылдың тамыз айынан 1946 жылдың қыркүйегіне дейін Венгрияда орналасқан 8-дивизияда лейтенант, авиация технигі болып қызмет жасады. 1946 жылдың күзінде Мәскеудегі Н.Жуков атындағы Әуе күштері инженерлік академиясының тыңдаушысы болып қабылданып, 1947 жылдың ақпанына дейін осы жерде білімін толықтырған. Одан әрі лейтенант шенімен қайтадан Венгриядағы 8-ші дивизияға жіберіліп, тағы да бірнеше ай әскери қызметте болды.Сөйтіп,1942 жылы майданға алынғаннан әскери қызметтен 1948 жылдың маусым айында ғанабосатылған. Осы алты жылдың ішінде қатардағы жауынгерден лейтенант шеніне дейін көтеріліп, авиация технигі мамандығын игеріп, елге абыроймен оралды.

Бұл кезде оның отбасы М.Калинин атындағы колхозға тұрақтаған еді. Бұл — қазіргі Қопа ауылы. Зайыбы Зиба 1942 жылдан бастап колхоз мектебінде мұғалім болып еңбек етсе, шешесі де бар және тұңғыш баласы Ғабижан есін біліп қалған еді. Елге оралғасын әскери өмірді ұстаздыққа айырбастап, қайтадан мұғалімдік қызметін жалғастырды.

1949-1952 жылдары Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтының сырттай бөлімін орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. 1948-1951 жылдары М.Калинин атындағы колхозда және Шұбарқұдық бекетінде мұғалім, мектеп басшысы болып еңбек етті. 1952 жылы жаңа оқу жылы қарсаңында Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалып, одан соң Н.Крупская атындағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Зайыбы Зиба даосы мектепке мұғалім болып орналасады. 1954 жылы Шұбарқұдыққа оралып, №54 мектепте мұғалім болды. 1955 жылдың 26 қазаны күні жалпы жиналыстың шешімімен Шұбарқұдық теміржол торабы партиялық комитетінің хатшысы болып сайланған. Бірақ партиялық қызметте көп жүрмей, қайтадан мұғалімдікке оралып, Шұбарқұдықтағы бүгінгі №1 және Ж.Кереев атындағы орта мектептерде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс жасаған.

Білім саласындағы ұзақ жылдар бойғы табанды қызметі үшін 1966 жылы 28 қыркүйекте «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен марапатталған.

Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес армиясы мен әскери-теңіз флотына — ХХХ жыл»,басқа да медальдармен марапатталған. Жары Зиба Жонатқызы да өмірін ұстаздыққызметке арнап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ұстаздар шаңырағында Ғабижан, Ғалымжан, Валерижан және Лида атты төрт перзент дүниеге келген.Ұрпақтары бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатыр. Оның ішінде Валерижан Әбдіхалықұлы мен немересі Дәурен үлкендер жолын жалғастырып, білім саласында табысты еңбек етіп келеді және әулеттің құжаттық деректерін де сақтап отыр. Ендігі кезекте шөбересі Назар ұстаздық жолға түссе деген үміт те бар.

Тұтас бір кезеңнің жүгін арқалап, ұзақ жылдар бойы білім саласында бірге еңбек еткен ұстаздар отбасының тарихы — туған жер шежіресінің бір бөлігі. Сондықтан алдағы уақытта жарық көретін энциклопедиялық жинақтарға енгізіліп, жас ұрпаққа насихатталса екен дейміз.

Райымбек ЖҰБАНЫШ,

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button