Ел қорғаған ер еді…


Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ол жақ, бұл жағында дүниеге келген буынның көрген қиындықтары аз болған жоқ. Олар бала шағынан қоғамдағы қанды қақтығыстар көрінісіне куә болды. Одан кейін ашаршылық, қуғын-сүргін зардаптары да бұлардың жас шыбықтай көктеп келе жатқан кіршіксіз көңілдеріне кіреуке түсірді, жандарын жаралады.
Олар от пен су ішінде шынықты. Әкелері мен аналарының соңына еріп жүріп, соларға қолғанат болуға жарады, балаға тән бір ойындары кем болса да, қабақтарын шытпай, шаруа соңында жүре берді.
Сағиталы Қазыбаев 1915 жылы Шалқар ауданының бұрынғы №14 ауылында дүниеге келген. Әкесі Төралы өз уақытының есебімен көзі ашық, заман талабын ұғына білген ел азаматтарының бірі болса керек. Келер күндердің қабағын болжап болмайтын тұста ол баласын, ең алдымен, еңбекке баулуды жөн көреді.
Бала Сағиталы ауылдағы мектептен бастауыш білім алып, әлі қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген шағында колхоз жұмысына кірісіп кетеді. Ол уақытта бұларды бала деп санамайды, кейде үлкендердің өзіне салмақ түсіретін шаруаларға да кірісіп кетеді.
Осылайша ерте есейген оны жиырма жасқа толған тұста есепшілік қызметке алады. Іске жауапкершілігі, тындырымдылығы оны ересектер қатарына тез қосады. Халықпен жұмыс істеп, өмір тәжірибесін жинақтап үлгерген жас жігіт соғысқа дейін №15 және№16 ауылдық кеңестерде әуелі хатшы, сосын төрағалық қызметтерді де атқарады.
1941 жылы неміс фашистері тыныш жатқан елге соғыс бастаған кезде қолына қару алып, майданға аттанады. Соғысқа жол шеккен өрімдей жас баласын қимаған анасы Сағира әже көзіне үйірілген жасты ақ жаулығының ұшымен сүртіп, перзентін құшағына қысып, ақ батасын берген екен. Ана тілегі шығар, бәлкім, әйтеуір, үміт пен күдік толы күндер, жылжып жылдар өткесін ол елге аман-есен оралады.
Талай рет оқ пен оттың ортасында жүріп, қанқұйлы жауды қайтсек те өз ұясында талқандаймыз деген сертпен алғы шептен табылады.
Сағиталы жауынгер майданда әйгілі «Катюша» расчетының оқтаушысы болады. «Катюша» іске қосылғаннан-ақ жау әскерлерінің үрейі ұшып, ініне тығылған аңдардай берекеті кетеді екен.
Жаумен шайқастағы жан берісіп, жан алысқан қанды майданда ол екі рет жаралы болады. Екеуінде де госпитальда жатып емделіп шығып, қайтадан қолына қару алады, жауынгер жолдастары қатарынан еш қалыс қалмайды.
Осылайша жеңіс туы көтерілген соң да әскер қатарында болып, елге 1945 жылдың 13 қарашасында оралады.
Ол ел қорғаудағы жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Будапешт», Вена қалаларын азат еткені», «Германияны жеңгені үшін», тағы да басқа медальдармен марапатталады. Кейінірек берілген КСРО Қарулы Күштерінің мерекелік медальдары да оның ерен еңбегінің бағасы іспетті еді…
Майдангер елге келген соң колхоздың шаруасына бел шешіп кірісіп кетеді. Әуелгіде төрт жылға жуық есепші болады да, сосын басшылықтың шешімімен Орал қаласындағы колхоз басқармаларын даярлайтын алты айлық курсқа оқуға жіберіледі. Оны бітірген соң аудандағы ірі шаруашылық — «Қорғантұз» колхозында басқарма төрағасы болып сайланады. Ал одан кейінгі сайлауда ірілендірілген «Комсомол» колхозында басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Басқарма болу — өте жауапты міндет, үнемі ат үстінде жүреді. Апталап, айлап үй бетін көрмейтін кездері аз болмайды. Астындағы атымен жүздеген шақырым жүріп, көптеген күрделі мәселелерді шешіп жүреді. Малды ауылдарда шопандармен бірге түнейді, шөп шабатын далалық қостарда тыныстайды.
1951 жылы оны партия қызметін ұйымдастырушыларды даярлайтын бір айлық курсқа жібереді. Осындай саяси әзірліктен соң 1954 жылдан 1963 жылға дейін Жаңатұрмыс, Бостандық, Қорғантұз ауылдық кеңестерінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1963 жылы бұрынғы колхоздардың орнына кеңестік шаруашылықтар құрылды. Сол кездерде арзан ет пен жүн фабрикасы деп аталған «Сарыбұлақ» кеңшары өз жұмысын бастағанда ол шаруашылықтағы жанар-жағармай қоймасының меңгерушісі болып тағайындалды. Ауыл-аймақта қанша техника бар, солардың жанар-жағармайы бір қолдан өтеді.
Сағиталы аға мен Ұлбибі анамыз ауылдың ерекше жаратылған бір қадірлі адамдары еді. Олардың отбасында тоғыз перзент дүниеге келді. Тұңғыштары Зиба ұзақ жыл ұстаздық қызметте болды, білім беру ісінің үздігі.
Бибітәлі білікті инженер, «Сарыбұлақ» кеңшарында белді мамандардың бірі болды.
Дүйсенжан өрттен қорғау инспекциясы саласында басшылық қызмет етті.
Омархан қазіргі уақытта туған ауылында шаруа қожалығын өрістетуде.
Есенжан шаруашылықтың озат механизаторларының бірі еді, өмірден ертерек кетті.
Рахила, Гүлнәзия ұлағатты ұстаз болса, Гүлсім — қолы шипалы дәрігер.
Шаңырақтағы кенже бала Батырханның өзі бүгінде ел ағасы жасына жетті.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деп жатады. Ауылдың ардақтысы атанған Сағиталы ағаның есімі ұмытылмайды.
Ұлы Жеңістің отыз жылдығы тұсында майдангер Сағиталы Қазыбаевтың атына КСРО Қорғаныс Министрі, Кеңес Одағының Маршалы А.Гречкодан келген арнайы құттықтау хат ауылдағы маңызды оқиғалардың бірі болғаны жадымызда.
Ұлбибі ана өмірден өткенше шаңырақтың жылы шырайын сақтап, үлкен әулеттің ұйытқысы болғанын елдегілер жақсы біледі. Ол кісі де жастайынан еңбекке араласып, қиындықта шыңдалған. Соғыс жылдарында есепші, бригадир, ферма меңгерушісі, ауылдық кеңестің төрағасы, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары болып еңбек еткен. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Аудан орталығынан жетпіс шақырым жердегі Шолақжиде, Күнгей елді мекендерінен Шалқарға ер адамдармен қатар жүріп атпен қатынап, есеп-қисаптарды тапсырып қайтады екен. Сол кездердегі еңбегінің бағаланғаны шығар, ол бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Оған 1967 жылы І дәрежелі «Ана даңқы» ордені беріледі. Тәуелсіз еліміздің «Алтын алқа» белгісі де оған көрсетілген ерекше құрметтей еді.
Сағиталы аға 1995 жылысексенгекеліпдүниеденозды.
Енді оның жақсы есімі ұрпақтары арқылы жалғасуда.
Алтынбек АЛДИЯРОВ,
ардагер ұстаз.
Шалқар ауданы.



