Жеңіс

Бұл — Іскендір Сәрсенбаев көшесі

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі ел бостандығы үшін қан майданда ерен ерлік үлгісін көрсетіп, қанқұйлы фашисті өз ошағында талқандаған қаһарман жауынгерлеріміздің даңқын тағы бір мәрте паш еткен айтулы бір сәтке айналды.

Сондай майдангердің бірі Іскендір Сәрсенбаевқа Ақтөбе қаласының Жаңақоныс ауылынан көше атауы берілуін жергілікті тұрғындар қуана қарсы алды.

Оқ пен оттың ортасынан оралған…

«Қызыл жұлдыз»,бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері Іскендір Сәрсенбаев Шалқар ауданының Кішіқұм өңірінде 1913 жылы 1 мамырда дүниеге келген.

Оның тұстастарының балалық, жастық шақтарының қазақ халқы тағдырындағы қиын жолдармен тұспа-тұс келгені белгілі. Оның өмір жолында талай қиындық-кедергілер алдынан көлденең кездесті. Бірақ соның қай-қайсысында да жігерін жасытып, мойымады, сүрінген жерінің өзінде жандәрмен етек-жеңін жиып алып, алға ұмтылумен болды.

Заманында әкесі Сәрсенбай алдына мал құралған, ауқатты адам болған екен. Кеңестік қоғамның заңына сәйкес бай болғаны үшін біраз қудалау-қысымға түседі. Қызыл белсенділер мал-мүлкін тәркілеп, өзін түрмеге қамайды.

Дархан далада еркін еңбек етіп, малын өсіріп, игілігін көріп, айналасына да шапағатын тигізіп отырған елдің белді азаматының ғұмыры тар қапаста үзіледі.

Әкесінің барында оның ақыл-кеңесімен сауат ашып, арабша хат танитын дәрежеге жеткен бала Іскендір кеңестік сауатсыздықты жою кезінде жаңаша білімге ұмтылыс білдіреді. Осылайша өз қатарының ішінде алдыңғы лекте жүрген ол салық жинаушы қызметіне алынады. Бұл міндетін жауапты атқарып жүргенімен, «бай баласы» деген желеумен соңына түсушілер толастамайды. Ол осылайша отыз жетінші жылдың қуғын-сүргінінің құрығына ілініп,күзетпен Қарағандының еңбекпен түзеу лагеріне жіберіледі. Екі жыл қатаң бақылауда болып, талай сыннан тайсалмай өтіп, елге аман-есен оралады.

Енді өткенге салауат, алдан жарқын өмір есігі айқара ашылғандай болып еді. Артына бұрылып қараудың қажеті жоғын ұғынып, бұрынғы жұмысына қайта орналасады.

Үлкендердің батасын алып, шаңырақ көтереді.

Көп ұзамай батыстан жау тиіп, қанды соғыс басталады. Елдің бас көтерер азаматтарының бәрі қолына қару алып, майданға аттанады. Осы қатарда жас отау иесі Іскендір де бар еді.

Ол салық жинау қызметін жанындағы жары Үрпатшаға тапсырады.

Ағайынды екеудің — Іскендір мен Нәдірдің ел қорғауға қатар аттануы ағайын-туыстың арасында бір жағынан, «олар бір-біріне қорған болып жүреді ғой» деген сабырлылық сезімін тудырса, екінші жағынан, «аман-есен келсе екен азаматтар» деген алаңдаушылығын да байқатып жататын-ды. Сондықтан да олар поштамен жететін үш бұрышты хаттарға елеңдеп, хат келген сайын тәубаға тоқтап отыратын.

Іскендір жеңіс туын көтеріп, туған жер топырағын қайта басқанымен, өкінішке қарай, інісі Нәдір елге оралмады. Белоруссия жерінде мәңгілік мекенін тапты.

Бұған дейін де өмірдің талай қиындық-кедергісімен бетпе-бет келген Іскендір алғашқы күннен-ақ майданда да маңдайдан сипамайтындығын бірден сезінеді. Жауды аяған жаралы. Сондықтан да ол қолына қару алғаннан күннен бастап, елге ылаң әкелген фашистердің көзін жоймай, жақсылыққа жете алмайтындарын ұғынды. Оқ пен от ортасында жүрген майдангер бірте-бірте саперлыққа маманданады.

«Сапер бір рет қателеседі» деген қалыптасқан қағида бар. Оның жаны қашанда қыл үстінде жүреді. Өзгелерді қауіптен құтқарамын деп жүріп өзіңнің ажал құшуы мүмкін. Өйткені Отан алдындағы парызды орындау өз алдында сонау елде сағына күтіп отырған аяулы жар, ағайын-тума бар.

Ақиқатын айтқанда, саперді ажал дәл жүрер жолында аңдып жатады ғой. Өз ісіне маманданған ол міндетін де мәрттікпен атқарды, соның нәтижесінде тікелей төнген ажалдан бірнеше рет аман қалады. Осындай қауіп-қатер ортасында жүріп, екі мәрте жарақат алады.

Төбеден үздіксіз оқ жауып тұрған тұста ағынды да арынды асау Днепрді қанды көйлек бір топ жолдасымен бірге кесіп өтуінің өзі ерлік емес пе?!

Жеңісті Венгрияның астанасы Бухарест қаласында қарсы алған ол әскер қатарынан 1945 жылдың 25 қыркүйегінде ғана босайды. Елге жеткенде қазан айы туған-ды…

 

Бейбіт күндегі берекелі істер

 

Іскендір Сәрсенбаев от пен оқ ортасынан аман оралғаннан кейінгі бейбіт күндерде де туған ауылында аянбай еңбек етті, шаруашылықтың ілгері дамуы жолына үлесін қосты.

Шалқардан әрі қарайғы Кішіқұм өңірінде көп жыл еңбек еткен бұл кісіні ел адамдары жақсы білетін, бәрі де сыйлап, қадірлейтін. Іскендір ата іскерлігі өз алдына, от ауызды, орақ тілді айтқыштығымен де, жөн білетін, жол көрсете алатын білгірлігімен де осы өңірдің белгілі азаматының бірі болды. Көргені мен көңілге түйгені көп одан ақыл сұрап келушілер де көп еді. Түрлі шаруасын ойласып, ақылдасып тұратын.

Соғыстан кейін де Іскендір ата біраз жыл бұрынғы кәсібі — салық инспекторы қызметін жалғастырады. Елуінші жылдары ел сеніміне лайық халық қалаулысы атанып, ауылдық кеңестің депутаты болып сайланады. Бұдан кейін 1951-1953 жылдары №10 ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет жасайды. Шаруашылық құрылымдары өзгеріп, экономикалық ілгерілеулер орын ала бастаған жылдарда Кішіқұм бойындағы Ворошилов атындағы, оған жалғас «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозында еңбек етті.

1965 жылы жаңадан «Тоғыз» совхозы құрылғанда шаруашылықтың бастапқы ұйымдастыру жұмысына белсене қатысты. Ауылдағы тұрғындарға қажетті әлеуметтік мәселелерді шешуге бастама көтеріп, ынтамен кірісті. Соның нәтижесінде шаруашылық орталығында қысқа мерзім ішінде мектеп үйі салынғаны бүгінде қатары сиреп қалған алдыңғы буын өкілдерінің жадында жақсы сақталыпты.

Ол құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін совхозда қойма меңгерушісі, бригадирлік қызметтерді абыроймен атқарды. Оның көп жылғы мінсіз қызметі «Еңбек ардагері» медалімен атап өтілді.

2020 жылы баспадан Іскендір Сәрсенбаев туралы «Ғибратты, өнегелі ғұмыр» атты жинақ жарыққа шықты. Осы еңбектен біздің кейіпкеріміз туралы көзкөрген ел адамдарының пікірін келтіре кетелік.

Панабек Ыбырашев: «Өте еңбекқор, шыншыл, турашыл адам болатын. «Тоғыз» совхозы ашылғаннан сол шаруашылықтың дамып, өркендеуіне ерекше күш-жігерін жұмсады. Науқандық жұмыстарға белсене қатыса жүріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге көп септігін тигізді».

Аманкелді Шойтанов: «Іскендір аға өте ақылды, данышпан, ер жүректі, турашыл жан болатын. Бүкіл қазақтың шежіресін түгендеп отыратын. Діни сауатты, саясат жағынан да кемелді еді».

Шалқарбек Қарағұлов: «Іскендір аға науқандық жұмыстарды ұйымдастыру, белгіленген тапсырмаларды орындауға жұмылдыру, жұмысшылардың жағдайын жасау мәселесін өте ұқыптылықпен атқаратын. Сол жылдарды «Тоғыз» совхозы Одақ бойынша да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізсе, бұл биік деңгейде бұл кісінің де үлесі мол болды.

Іскендір ата зайыбы Үрпатша екеуіҚашан, Қаракөзайым, Қамажай, Кітабия, Құсайын, Бағдат есімді перзенттерін өсіріп, олардың барлығы да отбасын құрып, әулетке Дамиға, Жаңылай есімді келіндер түсіріп, Шампан бастаған Айдәулет, Хамит, Сәкен сынды күйеубалалар жан-жағын көріктендірді.

Балаларыныңбарлығы да халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек етті.

Азаматы майданда жүргенде тылда аянбай еңбек еткен Үрпатша апаға «1941-1945 — Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалі берілді.

Бұл әулеттің үлкен күйеубаласы Шампан Нағашыбайұлы — облыстағы тәжірибелі дәрігерлердің бірі. Көп жыл медицина саласында жемісті еңбек еткен ол өзінің атасына жақын болғанын, оның тәлімді әңгімелерін көбірек тыңдағанын айтып отырады.

— Атамыз жігерлі, батыл адам болатын. Бұл соғыс көріп, шыңдалғанынан да болар. Оның қайраттылау кезінде Ресейден «Нива» көлігін алу үшін Орск, Орынбор, Куйбышев, Тольятти қалаларын аралап, жол шектік. Тольятти қаласында асханада кезекте тұрған зауыт жұмысшылары кеудесінде орден-медальдары жарқыраған бұл кісіге құрметпен қарап, жол берді. Соның өзіне кедергі жасағысы келген бірен-саран желөкпелерге мінез көрсетіп, ығыстырып жіберді деп еске алады.

 

Жаңа көшенің тұрғындары

 

Бұл күнгі салтанатқа жұтшылық молынан жиналды. Әсіресе жаңа көшенің тұрғындары ерекше көңіл күйде.

Олар өздері тұратын көшеге қаһарман жауынгердің есімі берілуін құптап қарсы алды. Енді солардың бірқатарының ой-пікіріне құлақ түрсек.

Ләйла Ықсанова:

— Біздің Жаңақоныс ауылына қоныстанғанымызға биыл екінші жыл. Көршілерімізбен танысып-білісіп, араласып қалдық. Біз көшіп келген уақытта мұнда көше атауы болған жоқ. Жақын арада Ұлы Отан соғысының ардагері Іскендір Сәрсенбаев есімі берілгенін білдік. Оған қуаныштымыз. Майдангердің өзін көрмесек те, ұрпағы туралы естіп жүрміз.

Ел қорғаған ерлерге тағзым ету, олардың ерлігін дәріптеу — парызымыз.

Біздің тұрған мекеніміз жаңарып, жақсарып келеді. Көшеміз жарықтандырылған. Енді асфальт жол төселсе дейміз.

Хамит Хасенов:

— Біз бұл араға былтыр көшіп келдік. Бұрынғы мекеніміз — Атырау облысының Жылыой елді мекені. Үйренісіп келеміз. Айналамыз, көршілеріміз жақсы. Ел қорғаған атамыздың атына көше беріліп жатыр. Ол кісінің өмірбаяны, ерлігі туралы естідік. Осындай аға ұрпақ өкілдерінің өнегесін өрістету — біздің міндетіміз.

* * *

Майдангер Іскендір Сәрсенбаев 1990 жылы 77 жасында өмірден өтті.

Содан бері отыз бес жыл артта қалса да, жауынгер есімі — ел жадында, көптің көңілінде.

Соның бір айғағы — оның есіміне көше атының берілуі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button