Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті
Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері өсті. «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру (зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек)» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Алмас Әлімбаев осы тақырыпта баяндады.
Облыста 34344 адам мемлекеттік жәрдемақы алады. Оның 25100-і — мүгедектігіне байланысты, 9244-іне асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы тағайындалған.
— Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің артуына байланысты облыста мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 5199 анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға), сондай-ақ бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын 1755 азаматқа тағайындалатын және төленетінай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 74428 теңге болды. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің артуына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәдемақы мөлшері де көбейді. Қазір облыста 28 760 көпбалалы ана бар, — деді Алмаз Әлімбаев.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) —3932 теңге мөлшерінде;
Ең төменгі зейнетақы — 62 771 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) —46228 теңге;
Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері —32360 теңге;
Жалақының ең төменгі мөлшерi —85000 теңге.
Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап 4 баласы бар аналар 63030 теңге, 5 балаға — 78798 теңге, 6 балаға — 94565 теңге, 7 балаға — 110332 теңге, 8 балаға — 125824 теңге, 9 балаға — 141552 теңге, 10 балаға — 157280 теңге, 11 балаға — 173008 теңге, 12 балаға 188736 теңгежәрдемақы тағайындалады.
Сондай-ақ облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған 10826 көпбалалы анаға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де көбейді.
Баспасөз мәслихатында спикер зейнеткерлердің жасына және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері де жаңа жылдан бастап 8,5 пайызға артқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 айлық есептік көрсеткішкеі (216 260 теңге) тең. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.