Өңірдегі жетекші университет жылды қорытындылады
Жуырда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. 2024 жылдың қорытынды есебіне арналған мәжіліске университет ұжымымен қатар, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, өңірге белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс орындарының бірінші басшылары және студенттер қатысты.
Есептік кездесуде басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова оқу орнының білім беру және ғылыми зерттеу жұмысы, инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелері туралы баяндады.
2023-2024 оқу жылындағы негізгі нәтижелерді талдап, батыс өңіріндегі ең ірі университеттің келер жылғы даму жоспарымен таныстырды. Қазіргі таңда университетте білім алушылар саны 14 мыңнан асады.
Жыл сайын университеттің студенттер географиясы кеңейіп келеді. Бұрын университетте, негізінен, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының жастары оқыған болса, бүгінгі таңда Алматы, Астана, Өскемен сияқты қалалардан, сондай-ақ Қазақстанның басқа да шалғай аймақтарынан келетін студенттер қатары артты.
Биыл университет Қазақстанның шекарасынан тыс, Армения, Гана, Кения, Үндістан тағы басқа да елдерден студенттер қабылдады. Сонымен қатар Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусына Ресейден алғаш рет түлектер қабылданды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Атамекен» рейтингінде түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша Қазақстандағы үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына енді.
Университет өңірлік жоғары оқу орындары арасында алғаш болып қабылдаудың шектік балын 50-ден 55-ке көтерді. Осылайша оқу орны студенттер санының азаюына жол бермей, керісінше, көбейтуге қол жеткізді.
Ректордың айтуынша, бұл сапалы контингенттің артуына үлкен ықпалын тигізген. 2024 жылы Ақтөбе облысы мектептерін аяқтаған түлектердің 40 пайызының Жұбанов университетін таңдауы — өңірлік жоғары оқу орны үшін үлкен көрсеткіш.
Сонымен қатар Жұбанов университеті — академиялық адалдық лигасын басқарған өңірлік алғашқы жоғары оқу орны. Бұл университеттің академиялық этика мен стандарттарға деген жоғары адалдығын көрсетеді.
Университет ғылым мен өндірісті байланыстыруға арналған коммерцияландыру бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
2021 жылы университеттің ғылымға жұмсаған қаржысы 177 млн теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд 836 млн теңгеге жетті. Биыл алғаш рет екі жобаны коммерцияландыруға шығарды: бірі — түрлі өндіріс орындарындағы газды тазартуға арналған жаңа жабдықтар өндірісі, екіншісі — ферроникельдің жаңа концентраттарын өндіру жобасы.
Бұл жобалар нақты экономикаға үлес қосып, өндіріс мәселелерін шешуге бағытталған. Жұбанов университетінің ғалымдары осы жобаларда жетекші орындарды атқаруда.
Биыл университет тек студенттер үшін ғана емес, барлық ақтөбеліктер үшін есігін ашты.
«Күміс университет» жобасы аясында қарт адамдарға арналған білім беру бағдарламасы іске қосылды. Жобаға қатысушылар 7 курс бойынша білім ала алды: «Цифрлық сауаттылық», «Қаржылық сауаттылық», «Құқықтық сауаттылық», «Ағылшын тілі», «Вокал», «ЛФК» және «Тігу». Сондай-ақ 40 жастан асқан адамдар үшін қазақ тілін үйрену курстары ұйымдастырылды.
Жиын соңында 2025 жылға арналған басым міндеттер белгіленді. Университет металлургия саласында жаңа докторантура бағдарламасын ашуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған Академиялық артықшылық орталығын құру көзделіп отыр.
Кәмшат ҚОПАЕВА.