Пікір

Ана тілінің абыройы арта бермек…

Есен-Түгел Әзи
Философия докторы (PhD)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тіл мәселесі сөз болды. Қазіргі таңда қазақ тілін білуге ұмтылушы адамдар мен қазақ тілін қолдаушы орта көптеп қалыптасуда. Тіл – ұлттың жарқын бейнесі екенін ұғып, ана тілін ардақ тұтатын жастар қатары көбейіп келеді. Әрине, қазақ тілі – түп төркінін сақтаған түркі тілдерінің ішіндегі таза тілдердің бірі екенін айтады ғалымдар. Қазақ тілі лексикалық қоры мол, грамматикалық формаларға бай ұлттың асқақ рухы сақталған кемел тіл. Сондықтан да бойында намыс оты сөнбеген ар-ұжданы биік әрбір ұлан өзінің ана тіліннің мәртебесі үшін қызмет қылуы шарт. Бұл үшін де уақыт керек. Өйткені «…Күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек», – деп президент атап өткеніндей қиын кезеңдерден өткен ұлттың, оның салт-дәстүрінің, тілінің жаңарып, жаңғыруына да уақыт қажет. Қазіргі таңда жастардың өз ұлтының тіліне, дәстүріне деген көзқарастары жағымды әсер қалдырып жүргенін аңғарамыз. Ендеше болашақта ана тіліміздің мәртебесі артып, абыройы асқақтайтынына сенім мол болуы тиіс. Расында, бүгінде қазақ тілінін қолдану аясы артып, қазақ тілін үйренуге деген шетелдіктердің де қатары молайып келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Тілдің мәйегін шайқаған, тілі бай, кеудесі қазынаға толы ақын-жазушылар, журналистер, мұғалімдер, ғалымдар бірлесе жұмыс жасап, ана тіліміздің тағдырына ерекше қарап, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің артуы бағытында тіліміздің де жолын аша түсуі қажет. Әлемдік деңдейде етегін кең жайған алып тілдер қатарында бәсекеге түсуге қазақ тілінің де деңгейі биік екенін дәлелдеудің мезгілі жеткен секілді. Қ.Тоқаев: «Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді», – деп түйгеніндей халықты бірлікке ұйыстырып, ұлттық қалпын айшықтап, ынтымаққа шақырар ана тілінің ертеңіне сеніммен қараймыз.
Тіл – ұлттың намысы, ары, ұжданы, мәртебесі, абыройы! Намысты перзенттері барда ана тіліміздің де мәртебесі арта бермек!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button