Білім

Жастарға құқықтық тәрбие беру — маңызды іс

Қазіргі заман адамнан тек кәсіби біліктілікті ғана емес, мәдениеттілікті, белгілі бір деңгейде ғылым мен техниканың да тілін білуді, ең маңыздысы, өз ортаңмен, жан-жағыңмен, қоғаммен тіл табысып өмір сүруді талап етеді.

Баланың тұлғалық дамуының негізгі параметрлері — жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстана білу, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының ар-намыс сезімі, ой-пікірінің тәуелсіздігі. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасуы мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері болып саналады.

Білім беру жүйесінің басты міндеті — жеке тұлғаны ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды негізге ала отырып, қалыптастырып-дамыту, оның кәсіби тұрғыдан жетілуіне қажетті жағдайлар жасау, баланың білім алу, ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау, денсаулығын нығайту секілді құқықтарын іске асыру. Бұл Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасында» да көрініс тапқан.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша жас ұрпаққа тәрбие беру ісінде ұлттық, адами құндылықтар негізге алынады. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асырудың басты бағыттары, мақсаты мен міндеттері айқындалады. Мақсат — жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу. Жақсылыққа, ізгілікке қарап бой түзеп, абыройлы болуға, жауапкершілік пен мейірімділікке баулу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағдарламаның басты міндеттерінің бірі ретінде атап көрсетілген.

Еліміздің болашақ азаматы ретінде білім алушыларға саналы тәрбие беру мақсатындағы мемлекет саясатының бағыттары ҚР этномәдени білім беру тұжырымдамасы, ҚР оқушыларға құқықтық білім беру тұжырымдамасы, ҚР білім беру саласындағы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы сынды құжаттарда қамтылған. Еліміз өзін құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде жариялағаны баршаға белгілі. Ал қазақ халқының ұлттық менталитетінде ғасырлар бойы жинақталған дәстүрлі құқықтық құндылықтардың алатын орны ерекше.

Жастарға құқықтық білім, адамгершілік тұрғысында тәрбие беруде ата-бабамыздың дәстүр-салт, әдет-ғұрпында көрініс тапқан үлгі-өнегенің орны ерекше. Сөзді қадірлеп, бір ауыз сөздің өзіне үлкен мағына сыйдырып, тәлім-тәрбиенің кілтіне айналдыра білген ата-баба мұрасы — сарқылмас рухани қазына.

Тарихтағы ұлы тұлғалардың өнегесін, хандардың жарлығымен енгізілген заңдарын, билердің шешімдерін жастар ерте бастан біліп, олардың мән-мағынасын ұғып өсуі ләзім.

Мемлекеттің заңдарын құрметтеу де — ата-баба өнегесі. Халқымыз 13 жастағы баланы отау иесі деп атаған. Ал қазіргі еліміздің заңдары бойынша 14 жастан бастап балаға өз ісі үшін заң алдында жауапты болу жүктеледі. 16 жаста азамат ретінде жеке куәлік алып, өзі үшін толық жауапкершілік алады. 18 жаста кәмелеттік кезең басталады.  Яғни сайлау, өз мүлкіне иелік ету, неке қатынасына тұру, қалыпты еңбек қызметімен айналысу құқығы беріледі.

Өз құқығы мен жауапкершілігін білмесе, оның әлеуметтік мәнін түсінбесе, заңдарға құрметпен қарау керектігін де түсінбейді. Сондықтан әр азамат құқықтық қағидалармен бала кезінен танысуы қажет.

Жаңа қазақстандық азамат қалыптастырудың алғышарттарының бірі — жасөспірімдерге құқықтық терең тәрбие беру. Сондықтан құқықтық тәрбие беру, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу ісін жандандару бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі деп ойлаймыз. Құқықтық тәрбие — ертеңгі күні қоғамға да, жастардың өз балашағына да өте қажет, маңызды іс.

Арайлым ҚАРМЫСОВА,

№75 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button