Астанада әскери шеру өтеді
Қуаныш БІРЖАНОВ, Хромтау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым — экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатымен таныстым. Президентіміз сұхбатта еліміз үшін 2024 жылдың қорытындысын шығарған, алдағы жылдары, оның ішінде биыл атқаралатын міндеттерге нақтылы тоқталған. Биыл — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада әскери шеру өтпек.
«Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды», — дей келе Президент Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылғандығын тілге тиек етті. «Оның ең бастысы — Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазір облысымызда соғысты көрген бір ғана жауынгер қалды. Ол — Хромтау ауданының тұрғыны, жасы 101-ге жеткен ардагеріміз Василий Иванович Грецкий. Күні кеше ғана жауынгерімізді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов үйіне барып, туған күнімен және Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Кейінгі ұрпақ ардагерлеріміз жасаған ерлік пен олардың елге деген адал қызметін, бүгінгі бейбіт өмірдің негізін қалаған жандар екенін әркез естен шығармауға тиіс.