Дұрыс бағдар, нық бағыт
Гүлқасима СҮЙІНТАЕВА,
Облыстық мәслихат төрағасы.
Республикалық “Ана тілі” газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту” атты мақаласымен таныстым.
Бұл сұхбаттың ерекшелігі – Мемлекет басшысы өткен кезеңдегі саяси оқиғаларға, халықты толғандырған қоғамдық меселелерге ашық жауап беруі. Бұл мақаланы жай ғана жыл қорытындысы емес, осыған дейін елімізде жүргізіліп келген жұмыстардың нәтижесі деуге де болады.
Президент былтырғы жетістіктерге тоқталып: “Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрі азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция болады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шынында да, былтыр еліміз бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елімізде болған су тасқынына қарамастан көп өңірде жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың әл-ауқатын көтеруде қыруар жұмыс атқарылды. Мәселен, біздің облысымызда да мәдени, білім беру және медициналық нысандар салынды. Облыс бойынша су тасқыны салдарынан 4 мыңға жуық үй зардап шексе, 1013 үй апатты деп танылды. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде былтыр ірі бизнес өкілдерінің демеушілігімен 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға өтемақы берілді. Жалпы, ақтөбеліктер су тасқыны кезінде ауызбіршілік танытып, зардап шеккендерге барынша қолдау көрсете білді. Бұл біздің бірлігімізді, бір-бірімізге деген жанашырлығымызды көрсетеді. Бұл туралы Президентіміз де өз мақаласында атап өтті: “Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр”-деді Мемлекет басшысы.
Бір сөзбен айтқанда, Президенттің бұл мақаласы біздің алдағы уақытта өсіп-өркендеуіміздің жолын көрсететін, экономикалық, әлеуметтік және рухани салада дамуымызға жол ашатын бірден-бір бағдар деуге болады. Сондықтан жаңа жылда жаңа бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруда бар күш-жігерімізді салып, жұмыс істеуіміз керек.