Инклюзивті білім беру: мүмкіндіктер мен тәжірибелер
Конференция
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында
«Инклюзивті білім беру: мүмкіндіктер мен тәжірибелер»тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Конференцияға Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы білім саласының қызметкерлері, арнайы және түзету білім беру ұйымдарының басшылары, «Өрлеу» БАҰО Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының, Ақтөбе педагогикалық шеберлік орталығының басшылары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің меңгерушілері, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары,үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.
Инклюзивті білім беру саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту және озық тәжірибелерді талқылауды мақсат еткен пленарлық отырыстың ашылуында әуелі облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан сөйледі. Ол инклюзивті білім беру — бұл ортақ мақсатқа жетудің және әр бала үшін қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз етудің маңызды қадамы екенін атап өтіп, өңірдегі инклюзивті білім берудің қазіргі ахуалына тоқталды.
Одан соң Атырау облыстық әдістемелік орталығының инклюзивті және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Гүлжанар Көбиева Атырау облысы бойынша инклюзивті және арнайы білім берудің ерекшеліктері туралы баяндаса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің психология және арнайы педагогика кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуреш Имжарова еліміздегі инклюзивті қоғамды қалыптастырудың мәселелері мен болашағы жайында айтты.
Ал №6 Ақтөбе қалалық емханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Айнамкөз Ботай ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың диагнозын ерте сатыда анықтау мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар облыстық арнайы
«мектеп-интернат-колледжі» кешенінің директоры Гүлсім Шакенова, №4 Хромтау орта мектебінің директоры Айгүл Ешкеева, Ақтөбе қаласы «Ақбота» сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы балабақша меңгерушісі Жансая Измаева, «Ерекше балалардың ата-аналары одағы» республикалық қоғамдық бірлестігініңоблыстық филиалының директорыҰрқия Камирова тақырып аясында сөз сөйледі.
Шара аясында қатысушыларға арналған ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Екі жүзден астам қатысушы өзара пікірлесті.
А.БАЛЖАНАЙ.