Оқушылар олжалы оралды
Олимпиада
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша өткен республикалық олимпиадасы қорытындыланды. Астана қаласында өткен білім бәйгесінде ақтөбелік оқушылар 25 медальді қоржынға салды.
Ауыл мектептері оқушыларына арналған арнайы жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен оқу жылынан бастап ұйымдастырылып келеді.
—Бұл олимпиада — ауылдық жерлерде оқитын оқушыларды қолдауға бағытталған жобалардың бірі. Сондай-ақ оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, болашақ мамандықтарын таңдауға қолдау көрсетіп, халықаралық олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік береді.
Ауыл олимпиадасы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша өтті. Оқушылар4 кезеңнен тұратын барлығы 13 пәннен бақ сынады. Байқау нәтижесінде ақтөбелік оқушылар 3 алтын, 4 күміс, 18 қола медаль алды.
Екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған олимпиаданың І кезеңі мектепішілік деңгейде өтті. Оған 113 мың оқушы қатысуға өтініш қалдырды. Іріктеуден сүрінбей өтіп, республикалық кезеңге жолдама алған 54 оқушының 25-імарапатқа ие болды. Соның ішінде бес оқушы Оқу-ағарту министрлігініңI, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Өткен жылы аталған олимпиадада 13 оқушы марапатталған болатын, — деді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының медиа сүйемелдеу және баспа қызметі бөлімінің басшысы Бекжан Асанов.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.