Пікір

«ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ЕЛ ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ…»

Бибігүл ӘБІЛДАЕВА,
«Алтын алқа» иегері, кәсіби медиатор:
— Президентіміздің «Ана тілі» газетіне берген сұқбатын оқып, пікір білдіруді жөн көрдім. Сұқбатта көптеген маңызды мәселелер қозғалып, еліміздің қазіргі жағдайына қатысты ойлар айтылған. 2024 жылы біздің еліміз үшін күрделі әрі маңызды кезең болды, бірақ Президентіміздің айтуынша, барлығы оңтайлы шешіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының мықтылығына, төзімділігіне жоғары баға беріп, кездескен қиындықтарды жеңе отырып, елдің болашағына сеніммен қарайтынын атап өтті. Бұл — халыққа деген үлкен сенім мен үміт.
Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болып, көптеген отбасы қиын жағдайға түсті. Мемлекет басшысының осы мәселеге көңіл бөліп, су тасқынынан зардап шеккен бірде бір адам көмексіз қалмайтынын айтқаны есімізде. Осы тұста «Қамқор-Ақтөбе» қоғамдық қорының мүшесі ретінде айтарым, біздің облыста су тасқынынан зардап шеккен көптеген отбасыға көмек көрсетілді. Жеткізілген көмектің арқасында кей отбасы өз үйлеріне қайта оралып, қажетті қаржылай қолдауды алды. Тасқынның кесірінен баспанасыз қалғандар үйлі болып, қоныстойын тойлады.
Жаңа жыл қарсаңында Ақтау жеріне Әзірбайжан ұшағы құлады. 38 адам қайтыс болып, 29 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Жақындарын жоғалтқан адамдарға тек мемлекет қана емес, жұмысшылар да, тұрғындар да көмектесіп, қолдау көрсетті. Төтенше жағдайда қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігі тағы да көзге түсті.
Биыл — «Жұмысшы мамандықтар жылы». Барлық саладағы жұмысшыларға басымды иемін. Мен де жұмыс талғамай, еңбек еттім: тазалықшы да болдым, еден де жудым. Кейін оқып, ұстаз, медиатор болдым, ал 55 жасымда магистрант атандым. Әрдайым жұмыс істей отырып, өзімді дамытып, ел үшін пайдалы болуға тырысып келемін.
Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде де, түрлі мәселелерді оңтайлы шешуге тырысып жүрген медиатор ретінде де заң мен тәртіп мәселесіне бейжай қарай алмаймын. Елімізде заң мен тәртіпті сақтауға ерекше мән беруіміз керек. Жастарға дұрыс тәрбие беру, олардың қайда жүргенін қадағалау үшін ювеналды полиция қызметкерлері күн сайын рейдтер жүргізеді. Қоғамдағы тәртіп пен мәдениетті сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу — біздің басты мақсатымыз.
Президент сұқбатында заң мен тәртіпке қатысты пікірін айтып, бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырмағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты — шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі.
«Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз.
Сондықтан біздің міндетіміз — бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру», — дейді ел Президенті.
Елде тәртіп пен заңға бағыну арқылы ғана біз мәдениетті, өркениетті мемлекетке айнала аламыз. Бұл — әрбір азаматтың, әсіресе жастардың жауапкершілігі.
Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button