Әлеуметтік кепілдік — әділетті мемлекеттің негізі
Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ,
Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Ана тілі” газетінің Бас редакторы Ерлан Жүніске берген сұхбатында экономиканы әртараптандыру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту туралы «Мақсатым — экономиканы және егемендікті нығайту» атты мақаласы жарық көрді. Ол жерде өзекті тақырыптар талқыланып, бірқатар мәселелерге тоқталған. Әсіресе, экономиканың өсімін қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Үкіметтің атқарып жатқан жұмысына ерекше екпін берді.
Халықтың Үкіметке қояр талабы жоғары. Үкімет те соған сай тапсырмалар орындап, шешім табуға жұмыс істеп жатқанын айтты. Расымен Үкіметтің арқалаған жүгі ауыр екенін мойындау керек. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген кезекті отырысы өтетінін де атап өтті. Президент: “ Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс», – деді.
Бұл мақалада Президентіміз Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін айтты. Мәселен, былтырдан бастап жүзеге асқан “Ұлттық қор–балаларға” бағдарламасы өте құптарлық жоба болды. Елімізде зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Елімізде шетелдің оннан астам беделді жоғарғы оқу орындарының бөлімшелері ашылды. Ғылымды дамытуға қолдау жасалып келеді. Мәдениет, спорт саласы еңбеккерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл кәсіподақ ұйымдары үшін маңызды. Себебі біз әрдайым қай салада болмасын жұмысшының орташа табысы артып, жалақысы өсіп, әлеуметтік және еңбек құқығының қорғалуын басты назарда ұстаймыз. Сондықтан бұл мақалада көтерілген бастамалар, әсіресе, жұмысшыларға жаңа әлеуметтік кепілдіктерге жол ашады деп ойлаймын.