Волонтерлер мектебін жандандыру керек

Өңірде облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет «Volunteer School-2025» жобасы басталды. Бұл іс-шараға волонтерлік топ белсенділері мен жастар қатысып жатыр.

Волонтерлік мәдениетті қалыптастыру, белсенді жастарды қоғамдық іс-шараларға тарту мақсатында ұйымдастырылған облыстық жобада қатысушылар үшін 5 күн бойы өңірімізге белгілі коуч-тренерлер жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар ұйымдастырып, оларға құқықтық көмек береді.
— Жоба барысында жастар волонтерлік қызметтің медициналық, әлеуметтік, эковолонтерлік және құқықбұзушылықтың алдын алу бағыттары бойынша теориялық және тәжірибелік жұмыстарға қатысып, кәсіптік білімін шыңдады. Жобаға қатысушылар, ең алдымен, медициналық волонтерлік қызмет бағытында дәріс тыңдап, «Үздік волонтер — 2024» жастар сыйлығының иегерлері — «Гиппократ» волонтерлік тобының жұмысымен танысты. Олар алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсету жолдарын тәжірибе жүзінде үйретті. Жобаның екінші күнінде облыста әлеуметтік волонтерлік қызметтің дамуына үлес қосып жүрген «Фонд помощи продуктовая корзина» жеке қайырымдылық қорының басшысы Айзада Балмағамбетова мен «Жүректен жүрекке» волонтерлік тобының жетекшісі Әлішер Садық көмекке мұқтаж жандарға көрсетілген қайырымдылық істер туралы баяндап, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жиналғандарға эковолонтерлік қызмет пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы тың жобалар таныстырылып, қоқыс өңдеудің жаңа тәсілдерін ойлап тапқан білім алушылардың жұмыстары үлгі ретінде көрсетілді, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы.

Қазіргі таңда облыс бойынша 5695 мүшесі бар 135 волонтерлік топ қызмет етеді. Биыл волонтерлік топтың белсенділері 6 мыңға жуық қарияға көмек көрсетіп, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын ұйымдастырған. Сондай-ақ эковолонтерлер «Таза Қазақстан» акциясында да белсенділік танытып, қала аумағын күл-қоқыстан тазартты. Іс-шараға қатысушы Думан Еркін болашақта көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созатын ерікті болуды армандайды.
— «Volunteer School-2025» жобасы арқылы волонтерлікке деген қызығушылығым арта түсті. Мұнда жүрегі мейірімге толы ұйымшыл достар таптым. Осы жобадан үйренгенімді әлеуметтік желіде жариялап, жастарды волонтер болуға шақырғым келеді. Өзім оқып жатқан Бопай ханым жоғары медициналық колледжінде «Ашық жүрек» атты волонтерлік топ бар. Осы іс-шарадан үйренгенімді топтағы достарыма айтып, жалынды жастардың озық ойлы идеяларын кеңінен насихаттайтын боламын, — дейді ол.
Жоба барысында прокуратура органының өкілдері құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ақпарат берді. Содан соң жастар №1 қалалық полиция бөліміне барып, жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Жиында «Жас сақшы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жастарды қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырып, белсенді болуға үндеді.
— Аталған ұйым мүшелері құзырлы орган өкілдерімен бірлескен рейдтік іс-шараларға қатысып, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға, соның ішінде спирттік ішімдік ішкен кәмелет жасына толмаған қыз-жігіттерді анықтауға көмектеседі. Олар түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз бейберекет жүргендерді қадағалап, арнайы бейімдеу орталықтарына жеткізеді. Бүгінде 2018 жылы құрылған ұйым мүшелерінің қатары жастармен толығып келеді, — дейді волонтер Тоғжан Әбужанова.
Бүгін бес күндік іс-шараның қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



