Тарих

Ашаршылық жылдарының тарихы әлі де зерттелуге тиіс

Қазақ тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі — 1930 жылдардың басындағы ашаршылықтан, кей деректерге сүйенсек, 1,5-2,3 миллионға жуық қазақ қайтыс болған. Бұл сол кездегі қазақ халқының 40 пайыздан астамы деседі.
Кеңестік кезеңдегі күштеп ұжымдастыру, көшпелі халықты отырықшылыққа мәжбүрлеу, мал-мүлікті тәркілеу саясаты, басқа да саяси-науқандық шаралар салдарынан халық ашаршылыққа ұшырап, жаппай босқыншылық белең алғаны тарихтан белгілі. Елімізде этнодемографиялық өзгерістер орын алып, қазақ өз жерінде азшылыққа айналды. Ұлттық трагедияға айналған ашаршылық туралы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары талай зерттеу жүргізілді. Дегенмен тарихшылар ашаршылық жылдары халқымыздың басынан кешірген күнделікті тұрмыс-тіршілігі, ішіп-жемі, көңіл-күйі, билікке, үкіметтің саясатына көзқарасы қандай болды деген сұрақтарға толыққанды жауап берерлік еңбек жазылуға тиіс деп есептейді.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Мәденнің айтуынша, халықтың әлеуметтік тарихын зерттеу —  тарихты зерттеудің жаңа бір тармағы. Кеңестік кезеңде отарлаушы елдің құрамында болған елдердің барлығының тарихы бірыңғай саяси бағытта жазылды.

Ақтөбе өңірінде ашаршылық және босқыншылық жылдарғы күнделіктілік тарихты зерттеу мәселелерімен айналысуды қолға алған Асылбек Мәденмен осы тақырыпта сұхбаттасқан едік.

— Күнделіктілік тарихы —  тарих ғылымының жаңа бағыттарының бірі. Бұл әдістің ерекшелігі — халықтың сол кезеңдегі күнделікті өмірін, қарапайым адамдардың жағдайын, олардың қандай қиындықтарға тап болғанын, қалай өмір сүргенін зерттеуге бағытталған. Мақсатымыз — Ақтөбе өңіріндегі 1930 жылдардағы ашаршылық пен босқыншылықтың күнделікті тарихын зерттеу арқылы өңірлік деңгейдегі жекелеген аудандардағы сол кездегі жағдайдың ерекшелігі, сол уақыттағы тұлғалар туралы толығырақ мағлұмат алу. Ауылдарға, ел арасына барып, ашаршылық куәгерлерімен, ұрпақтарымен сұхбаттасамыз, естеліктерін аламыз. Бүгінде ашаршылықты көргендердің көбі қайтыс болды, бәлкім, сол кездерге куә болған ата-аналарының, ата-әжелерінің естеліктерін білетіндер бар шығар…  Көнекөз қариялардың, өлкетанушылардың естеліктеріне де сүйенеміз.
Ашаршылық бір күнде пайда болған жоқ. Бұл — жылдар бойы жиналған экономикалық, саяси және әлеуметтік факторлардың салдары. Біз осы зерттеу арқылы сол кезеңнің қарапайым халық үшін қандай болғанын жан-жақты ашып көрсетуге тырысамыз.
Жалпы, ашаршылық белгілері жиырмасыншы жылдардың аяғында байқалған. 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы болып Филипп Голощекин тағайындалады. 1925-1933 жылдары Голощекин басқарған тұста қазақ жерінде социалистік қоғам құру процесі жүзеге асырыла бастады. Осы мақсатта Кеңес билігі саяси және экономикалық науқандарды жүзеге асыра бастады. Соның ішінде қазақ шаруаларының мал-мүлкіне шабуыл жасап, тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, көшпелілерді отырықшыландыру, ет, астық, май, жүн, тері, сүйек-саяқ, т.б. алым-салықтар салу, халықтың малын тартып алып, колхоздарға, артельдерге, басқа да шаруашылық құрылымдарына беру секілді саяси-шаруашылық науқандар жүргізілді. Байлардың малын тәркілеу ғана емес, оларды жер аудару басталды. Үкімет ауқатты қазақ шаруаларына «бай» деп айдар тағып, қолдан таптық күрес туғызуға тырысты. Әйтпесе, қазақ байлары ертеден дәстүрлі қазақ қоғамында маңызды рухани және экономикалық қызмет атқарған. Жергілікті халық негізінен малмен күн көріп отырғандықтан, малын тартып алуды нағыз ұлтқа жасалған қастандық ретінде қарастыруға болады.
— Бұл науқандар Ақтөбе өңірінде қалай жүргізілді?
— Ақтөбе өңірінде де кеңес үкіметінің саяси-шаруашылық науқандары қарқынды жүргізілді. Көшпелі және жартылай көшпелі аудандар ретінде саналған Ырғыз, Байғанин (ол кезде Табын ауданы деп аталды), Шалқар, Темір, Ойыл аудандары секілді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан аудандар аштықтан қатты зардап шекті.

Сол уақыттарда ұжымдастыру, яғни ұжымдық шаруашылықтар құру науқаны қарқынды жүргізілді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, ортақ мүлік ретінде тартып алынды, ет салығы, астық салығы, жүн салығы… салық салынбаған нәрсе қалмаған. Тіпті балпақ тышқандарды аулатып, жоспар жасатып, соның терісін жинатып, тапсыртқан. Жергілікті тұрғындар амалсыздан барлық бұйрықты орындаған. Себебі қарсы шыққандардың барлығын қуғын-сүргінге ұшыратты. Осының барлығы қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық жүйесіне үлкен соққы болып, ұлы ашаршылыққа әкелген.
1930 жылдардың басында ашаршылық белең алғанда малынан айырылған халық жаппай көшуге мәжбүр болды. Кейбірі Кеңес үкіметіне қарсылық ретінде қолындағы малының барлығын сатып, қалғанын сойып, бір түнде ауа көшіп кеткен. Енді бірі ішерге ас, тігерге тұяқ қалмағасын амалсыз босып кеткен. Халық босқыншылығы екі бағытта жүрді: біріншісі, республика ішіндегі көші-қон; екіншісі, республикадан тыс аумақтарға бағытталған көш. Босқындар тіпті Қытай, Ауғанстан, Иран, Түркия сынды алыс-жақын шетелдерге көшуге мәжбүр болды.

Ақтөбе өңірі тұрғындарының бір бөлігі Доңызтау, Үстірт арқылы өтіп, Қарақалпақстанға қоныстанған. Енді бірі Өзбекстан жеріне, Түрікменстанға қарай ауа көшкен. Біршама қазақтар қазіргі Орынбор облысы арқылы Башқұртстанға, ал кейбірі Ресейдің Орынбор, Самара облыстарына қоныс аударған.

Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықтың салдары көптеген ауылдар мен аудандарға ауыр тиді. Ауылдар жанынан жаңа құрылған колхоздар аштықтан қатты зардап шекті. Оларды азық-түлікпен толық қамтамасыз ету қиынға соқты.

Отызыншы жылдардағы ашаршылық туралы мәліметтер тіпті архивтерде де өте аз. Себебі ол уақытта ашаршылық туралы ақпараттар «құпия», «аса құпия» грифімен сақталды. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде 30-жылдардың басындағы ашаршылық туралы деректерді ОГПУ-дің арнайы хабарламаларынан кездестіруге болады. Ол құжаттарда қай аудандар мен ауылдарда аштық болғаны, аштықтан күнделікті қайтыс болған адамдар саны, ісініп жатқан (аштыққа шалдыққан) адамдардың саны туралы мәліметтер бар.
— Босқыншылықты, көшті тоқтату қалай  жүргізілді?
— Кеңес билігі халықтың жаппай босып кетуін тоқтатуға тырысты. Жергілікті билік арнайы адамдарды жіберіп, босқындарды кері қайтару үшін үгіт жүргізді.
1931-1932 жылдары билік тарапынан қазақтарды елге қайтару туралы пәрмен беріліп, арнайы жоспар жасалады. Соның нәтижесінде шенділер босқындар көшіп барып, орныққан аймақтарға барып насихат жұмыстарын жүргізіп, оларды қайта оралуға үгіттеді. Алайда кері қайтқан халықтың жағдайы оңала қойған жоқ. Кеңес билігі тамақтандыру пункттерін ашу, балаларды қабылдайтын орталықтар құру, қайтып келгендерге мал және қаржылай көмек беру секілді жағдайларды жасауға тырысты. Бірақ бұл жұмыстардың барлығы тиімді болмаған, азық-түлік қоры жетіспеген. Аштықтан қашқан халықтың басым бөлігі кері оралмады, ал оралғандардың көбі жағдайдың ауырлығынан қайта босып кетті.
Елде қуғын-сүргін шаралары кең етек жайғандықтан, кейбірі елге келуден бас тартқан.
— Аштық жылдары 1,5-2,3 миллионға жуық қазақ қайтыс болған деседі…
— Бұл цифр әлі күнге дейін нақты белгісіз. Түрлі дереккөздерде 2 миллион адам, енді бірінде халықтың төрттен бірі, үштен бірі қырылып қалған деп жазады. Бұл тақырып бойынша Сара Кэмерон (АҚШ), Роберт Киндлер (Германия) секілді шетелдік ғалымдар да зерттеу жүргізген. Олардың еңбектерінде қазақ халқының төрттен бір бөлігі жаппай қырылғаны туралы мәліметтер беріледі.  Мұндай деректердің барлығы зерттеуді қажет етеді.
— Зерттеу нәтижесінде қандай жұмыстар жүргізіледі?
— Зерттеулер аясында естеліктер жинағы жарық көреді, отандық және шетелдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланады, архивтік құжаттар негізінде ғылыми еңбектер дайындалады.
Бұл жұмыстарды халықпен тығыз байланыста жүргізу маңызды. Осы мақсатта Ақтөбе облысының 12 ауданындағы тұрғындардан 30-жылдардың басындағы ашаршылық, босқыншылық туралы ақпарат, естеліктер, фотосуреттер мен құжаттар жинау көзделіп отыр. Сонымен бірге ашаршылық жайлаған ауылдар мен аудандарды нақтылау мақсатында арнайы карта жасау жоспарда бар. Архив құжаттарында қай ауылдарда, қай аудандарда жаппай ашаршылық болғаны туралы мәліметтер кездеседі. Осы деректерді негізге ала отырып, аштықтан зардап шеккен елді мекендерді көрсететін карта құру маңызды. Сонымен қатар ашаршылықтан қаза тапқандар жерленген бауырластар зираттарын анықтау қажет. Жаппай жерлеу орындарын нақтылау қиын, бірақ егер ондай мәліметтер табылып жатса, олардың картасын жасау жоспарлануда. Бұл болашақ ұрпақ үшін тарихи әділдікті қалпына келтірудің бір жолы болмақ.
Ақпарат жинауға студенттер, магистранттар көмектесіп жатыр. Архивтер мен музейлерден көмек күтемін. Сондай-ақ газет арқылы ақсақалдар мен өлкетанушыларға, ата-бабалары ашаршылықтың зардабын тартқан азаматтарға үндеу жасағым келеді: Егер сізде 30-жылдардың басындағы ашаршылық пен босқыншылыққа байланысты қандай да бір мәліметтер, естеліктер, суреттер немесе басқа да материалдар болса, бізге хабарласуларыңызды сұраймыз. Ашаршылық куәгерлері ұрпақтарының естеліктері мен отбасылық архивтерде сақталған құжаттар тарихымызды жан-жақты зерттеуге зор үлес қосады.
— Бүгінге дейін қангдай да бір мәліметтер жинай алдыңыздар ма?
— Хабарласып, білгенімен бөлісіп жатқандар баршылық. Жақында маған бір кісі хабарласып, атасының ашаршылық жылдарында бастан кешкенін айтып берді. 1930-жылдардың басында оның атасы атпен келе жатып, жол бойында бір әйелдің мүрдесін  көреді. Қасында жатқан сәби тірі, анасының омырауын еміп жатыр екен дейді. Әлгі адам сәбиді өзімен алып кетіп, асырап алған.
Тағы бір ауданның тұрғындары да осындай бір естеліктерімен бөлісті. Ашаршылықтан әбден тарыққан ана ер баласын құтқару үшін шабуыл жасаған аш қасқырларға қызын тастап қашуға мәжбүр болған. Зерттеу барысында әлгі ер баланың ұрпақтарын таптық. Сол адам басынан өткен ауыр тағдырын кітап етіп жазып қалдырған екен.
1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде көптеген балалар жетім қалды.  Архив деректеріне сүйенсек, аштық жылдары Ырғыз, Темір, т.б. аудандар аумағындағы балалар үйлерінде балалар қырылып қалған…
Бұл сияқты оқиғалар әлі де көп. Халық арасынан осындай тарихи естеліктерді жинап, ашаршылық жылдарындағы халық қасіретін толық зерттеп, тарихи шындықты ашу — біздің міндетіміз.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button