Алғашқы этнобірлестіктер қалай құрылды?

Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтылды. 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Сол жылы екі айдан соң облысымызда Ассамблея хатшылығы құрылады. Хатшылықтың алғашқы меңгерушісі болған Хабиба Сарқұлованың ықпалымен облыста 13 этномәдени бірлестік құрылып, жұмыстар жүйелене түсті. Бүгінде жасы сексенге жеткен Хабиба Диарқызының өңірде Ассамблея жұмысын қалыптастыруда сегіз жылдағы атқарған жұмысы күні кешегідей санасында сайрап тұр.
— Аймақта этномәдени орталықтарды құруда сіздің еңбегіңіз ерекше. Ассамблея құрылымының іргетасы қаланған бастапқы уақытта қандай міндеттер жүктелді?
—Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылды. Сол жылы екі айдан соң Ақтөбе облысында Ассамблея хатшылығы құрылды. 1995 жылдан 2003 жылдар аралығында Ассамблея хатшылығының меңгерушісі ретінде қызмет еттім. Ол уақытта облыста 90-нан аса ұлт болды. Бастапқы кезде аймақта 4 этномәдени ұйым аз алдарына жұмыс жасады. Солардың қатарында «Славяне» орыс, немістердің «Возрождение», сондай-ақ чехтар мен корей халықтарының этномәдени ұйымдары ғана жұмыс істеді. Бізге аймақтағы өзге ұлт өкілдеріне ұлттық мәдени орталықтар құру, оның жұмысын ұйымдастыру турасында міндет жүктелді. Бұл бастамаға алғашында біреулерінің көзқарасы теріс болып, қарсылық танытса, енді біреулері бірден қолдау танытып, ұсыныстарымызды қуана қабылдап жатты.
Біз оларға елімізде өзге ұлт өкілдері көп тұратынын жан-жақты түсіндіріп, осы бағытта насихаттық-ақпараттық жұмыстарды жүргіздік. Этностар арасында татулық пен бірлікті нығайту, достық қарым-қатынасты арттыруға барынша күш салдық. Бәріміздің міндетіміз енді ғана егемендік алған елімізді өркендету екенін түсіндірдік. Сондай-ақ әр ұлттың өзтарихын, дәстүрін, тілін білу керек екенін ұғындырып, осы мақсатта этномәдени орталықтар құруды, оларға бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруды үгіттедік. Бастапқыда хатшылықта екі адам ғана қызмет еттік. Біз әуелі өз айналамыздағы өзге ұлт өкілдерін үгіттеуге кірістік, солармен сөйлестік, олардың пікірін тыңдадық. Ол кезде Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы жұмысын жүргізуге облыс әкімдігі ғимаратынан бір бөлме ғана берілді. Мен бұл қызметке дейін қалада қырық жылдан астам жұмыс істегендіктен, көпшілігімен таныс-біліс болдым. Сөйтіп, үгіт-насихат жұмыстарын осылай бастап кеттік. Бастапқыда олар бізге сенім білдіргенімен, істі әрмен қарай ұйымдастыруды алып кете қойған жоқ. Сөйтіп, бірінші болып аймақта болгар этномәдени орталығы құрылды. Болгарлардың Ақтөбеге келуінің өз тарихы бар. 1906 жылы патшаның өкімімен оларды біздің елге жер аударыпты. Болгарлар Ақтөбеден 80 шақырым жерден жер алып, үй салып, тірлік ете бастайды. Одан кейін сол жергечехтар, молдовандар шоғырлана бастайды. Өзге ұлт өкілдері бір ауыл болып, жергілікті жерге бейімделе түседі. Болгарлардың қазіргі тұрмысы өте жақсы. Бүгінде Болгарка деген ауыл осылай қалыптасқан. Онда қазақ пен болгар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бір-бірінің салт-дәстүрін жетік біледі, аралас-құралас ғұмыр кешіп жатыр. Ұлттық мерекеміз — Наурызды ұлттар бірге тойласа, ал болгарлардың атаулы мейрамы — Рождество немесе Коледаны қазақтар да бірлесіп атап өтіп жатады. Екі ұлттың арасындағы қарым-қатынас әлі де жақсы қалыптасқан. Алғашқы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясын ұлты болгар Олег Григорьевич Дымов басқарды. Кезінде осы кісі аймаққа келіп, болгар этномәдени орталығын құруға ерекше ықпал етті. Бізбен бірге үгіт-насихат жұмыстарына да араласып, қатар жүрді. Орыс, болгар, македон, серб және ураин тілдерін жетік білетін Олег Григорьевичтан болгар ұлтының тың тарихымен терең таныса түстік. Сол кісінің арқасында Ақтөбеде болгарлардың этомәдени орталығы өз жұмысын бастады.
Оның алдында бізде 3-4 жыл бұрын ұйымдастырылған корей ұйымы болды. Институтта қызмет істейтін Константин Валентинович Цхайға орталықты басқаруға ұсыныс жасағанымда, ол кісі бас тартқанымен, кейін орталық құруда көп көмегі тиді. Облыстағы корейлер ұйымының бұған дейін де өз жұмыс жоспарлары болды. Алайда Ассамблея хатшылығы тарапынан өзге де міндеттер мен мақсаттар жүктелгесін, орталық жұмысы жанданып, белсенділігі арта түсті. Сол кездері корей этномәдени орталығының би тобы болғанымен, бишілерде костюмболмады. Осы бағытта жергілікті қазынадан қаражат қарастырылды, орталықтардың материалдық базасы жетілдіріле түсті. Кейін өңірімізде әзірбайжан, еврей этномәдени орталықтары ашылды. 1996 жылы еврейлердің этномәдени орталығы өз жұмысын бастады. Бірлестікті құруға ықпал еткен азаматтардың қатарында Марк Иоффе есімді азаматпен бір кездері бірге жұмыс істеген едім. Сол кісізайыбымен бірге бірлестікте өте жақсы жұмыстар атқарды. Бұдан әрі «Эллада» грек этномәдени орталығын ұйымдастырдық. Орталық төрағасы ретінде өңірімізге белгілі дәрігер-физиотерапевт Ян Липириди ұзақ жыл еңбек етті. Бұл кісінің зайыбы да осы қоғамның мүшесі болды, өзі әнші екен. Сол кісілермен бірталай концерт ұйымдастырдық. Сөйтіп, аймақта 13 этномәдени орталық құрылып, жүйелі жұмыстар жасау бағытында іс-жоспарлар бекітілді.
Жыл сайын 1 мамыр — Бірлік күнінде аймақтағы этномәдени орталықтар өкілдерінің, мүшелерінің қатысуымен түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, халықтың көңілін көтеруге тырыстық. Әрине, ол кездері этномәдени орталықтарда ән айтып, би билейтіндер қатары аз болды, бірақ қазақ жастарының араласуымен Ассамблеяның атынан мерекелік концерттік бағдарламалар әзірлеп, халыққа ұсына бастадық. Ол кездері мынадай Достық үйлері жоқ. Әр мекемеге барып, зал сұрап, концерт қоятынбыз. Сол кездері бізге көбінесе теміржолшылар клубы, қалалық Мәдениет үйі, металлургтер клубы сияқты мекемелер тарапынан көп қолдау болды. Кейін өнерпаздардың дайындығымықты болғасын, орталық алаңдарда, оның ішінде Стадион, «Қоныс»спорт сарайы сияқты алаңдарда Ассамблея өкілдерінің концерттік бағдарламасы жоспарға еніп, жұртшылық назарына ұсыныла бастады.
Жыл сайын этномәдени орталықтардың фестивалін өткізетін едік. Бұл күні әрбір ұлттық орталық мүшелері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрлері мен ғұрыптарын таныстырады, насихаттайды, ұлттық өнерлерін көрсететін. Астана қаласындағы «Оқжетпес» жастар лагеріне араға 1-2 жыл салып үздік балаларды демалуға жіберетін болдық. Осындай балалардың қатарында өзге ұлт өкілдерінің балалары да болды.
— Аймақта Ассамблея институтын басқарған уақытта қандай өзгеріс әкелдіңіз?
— Біз жастайымыздан орысша оқып, орыс мәдениетімен сусындап өстік. Өз деңгейінде қазақша білмегесін, отбасымызда бір-бірімізбен орысша сөйлесіп, тіпті балаларымыз орыс тілінде білім алды. Басқа ұлттың мәдениетін көтеру үшін біз өз тілімізді қастерлеп, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуді басты орынға қойдық. Сондықтан өз басым сол кезден бастап облыстық «Ақтөбе» газетін оқи бастадым. Қазақша сөйлеу үшін көркем әдеби кітаптарды көбірек оқуға тырыстым. Ассамблеяның құрылуының арқасында біз өзімізді-өзіміз қазақша тәрбиелей бастадық, дәстүрімізді жете біле түстік.
— Әртүрлі ұлттың басын біріктіру, оларды бір мақсатта жұмыс істеуге жұмылдыру сіз үшін қаншалықты қиын болды?
— Бастапқы кезде қиындықтар көп болды. Ең бастысы — Ассамблея ғимараты болмады. Іс-шаралар өткізетін орын табуда қиналатын едік. Әр жерден зал сұрайтын болдық. Бұрын этномәдени орталық мүшелерінің өз қолынан шыққан бұйымдарының көрмесін жиі өткізетінбіз. Көрмеге түрлі тұрмыстық заттар, ұлттық киімдер мен түрлі қолөнер бұйымдары шығарылатын. Алайда көрме ұйымдастыратын орын таппай қиналған сәттеріміз де көп болды. Мұндай кезде бізге облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымы көп көмектесті. 1997 жылдан бастап аймақта Орынбор түбіт шәлілер көрмесі ұйымдастырыла бастады. Осы көрмені ұлттық мәдени орталықтардың мүшелері ерекше қызығушылықпен тамашалайтын. Әрбір этномәдени орталықтарға бір күнімді арнаған уақыттарым да болды. Бір замандасым «кеше ғана шешендермен кетіп бара жатыр едің, енді бүгін немістерменкетіп барасың» деп маған үнемі қалжыңдайтын. Жұмысымыз алға басып, этномәдени орталықтардың жұмысы бір жүйеге түскесін, біздің де көңіліміз шат болды. Жалпы, бұл бағытта атқарған жұмыстарымды өз басым өмірімнің ең тамаша кезеңі деп білемін.
— Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың кепілі болған Ассамблея ұйымының отыз жылдағы жетістігі қандай? Бұл институттың болашақтағы келбеті қандай болады деп ойлайсыз?
— Қазір облыс орталығында керемет Достық үйі ғимараты бой көтерді. Мұндай орталықтар әр аудандарда да бар. Бұл — татулық пен береке-бірліктің, достықтың ордасы. Осы ғимаратта әртүрлі ұлт өкілдері өз жұмыстарын атқарып жатыр. Демалыс мектептерінің ашылуы, тіл үйрену орталықтарының жұмыс істеуі сияқты басқа да тағылымды іс-шаралар — жастарға саналы тәрбие берудегі үлкен қадамдар. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері, оның ішінде неміс, әзі
рбайжан, шешендер қазақша сөйлеп, қазақ әндерін шырқап, қазақ халқына деген құрметтері артып келеді. Арамызда қазақшасы қазақтардан да мықты кейбір ұлт өкілдері бар. Алдағы уақытта ұлттар арасында осындай достық қарым-қатынастар нығая түсетініне сенімім мол.
Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.