Жаңалықтар

Аспан әлеміне саяхат

12 сәуір — Халықаралық ғарышкерлер күні және «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығына орай облыстық планетарийде «Байқоңырдың ғарышы — Қорқыттың әлемі» космонавтика апталығының ашылуы болды.
Шарада Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Нұрсұлтан Айтқалиев және В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің курсанттары Азамат Кәрібаев пен Мақсат Жаңбырбай театрландырылған қойылым ұсынып, Байқоңыр мен Қорқыттың даналағы арасындағы байланысты көрсетті. Ал Нокин мәдениет үйінің әншісі Жаңагүл Келдібай «Қорқыт-қобыз» әнімен көркемдеді. Артынша Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалды музейінің қызметкерлері «Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кешені» ғылыми көрмесін таныстырды.
— Елімізде ашылған алғашқы стационарлық планетарийдің жұмыс істегеніне 58 жыл болды. Ақтөбе планетарийі — заңды мемлекеттік тіркеуден өткен, өзінің арнайы штат кестесі бар, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты осындай бағыттағы жалғыз мекеме. Кейінгі жылдары басқа өңірлерде планетарийлер біртіндеп салынып жатыр, бірақ бұлар Оқушылар сарайы жанынан үйірме есебінде жұмыс істейді.
Бізде, әсіресе көктем мезгілі ерекше қарбаласпен өтеді. Неге десеңіз, жыл сайын наурыз айында, яғни Ай фазасының бірінші ширегіне жақын уақытта Халықаралық планетарийлер күні аталып өтіледі. Жылда 25 наурыз күні осы мерекеге орай қала тұрғындары мен қонақтарына «Ашық есік күні» ұйымдастырылады. 12 сәуір — ғарышкерлер күні екені белгілі. Атаулы күннің құрметіне дәстүрлі түрде мектеп оқушыларына арналған поэзия және шығармашылық байқаулар, ғарышкерлермен кездесулер және дәрістер, басқа да шаралар өткізіліп жатыр. Атап айтсам, «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы, қазіргі тынысы туралы тың мәліметтер жинақталған «Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кешені» көрмесі, Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының жас оқырмандарымен планетарийдің жұлдызды күмбезі астында кездесу, «Қияға самғар үш қыран» кеші ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінің сұранысы бойынша әдістемелік көмек ретінде «Ғарыштық дәуір» тақырыбында дәрістер өткізілді. Сонымен қатар балаларға арналған «Байқоңыр — жас суретшілер көзімен» байқауы, басқа да мәдени шаралар жылдағыдай жалғасын тапты. Апталық батыр-ғарышкер Виктор Пацаевтың ескерткіші алаңындағы мерекелік шарамен аяқталады, — дейді облыстық планетарий директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Қорлан Бөлеков.
Салтанатты шара барысында 2006 жылдан бері Ақтөбедегі планетарий жанынан жұмыс істейтін «Үркер» астрономиялық үйірмесіне баратын балалар да өнер көрсетті.
Басқосуға Қызылорда облысынан келген Қорқыт ата мемориалды музейінің қызметкерлері, В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің курсанттары, №2 мектеп-гимназияның оқушылары мен аспан әлеміне қызығатындар қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button