Десантшылар әскерден оралды

Азаматтық борыш
Талдықорған қаласындағы 37-ші жеке десанттық-шабуылдау бригадасында борышын өтеген 35 десантшы-жауынгерді Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі бірлескен басқармасының командалық құрамы және жауынгерлердің тума-туыстары перронда салтанатты түрде қарсы алды.
Ақтөбе гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы Махамбет Жақсылықовтың айтуынша, өткен жылдың көктемінде Ақтөбеден әскерге шамамен 1100 адам шақырылды. Биыл көктемде 1200-ден астам жасты әскерге жіберу жоспарланып отыр. Салтанатты іс-шарада әскери қауіпсіздік мәселелері бойынша қорғаныс істері департаментінің өкілдері мен Қарулы Күштер және Ауған соғысының ардагерлері сөз сөйлеп, ел тыныштығын қорғау әрбір азаматтың абыройлы міндеті екенін атап өтті.
— Бір жыл бұрын біз 35 жас сарбазды 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасына шығарып салған едік. Бүгінде олар әскери міндетін абыроймен орындап, туған жеріне қуанышпен оралды. Сіздер еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар және армияның ең элиталық бөлімдерінің бірінде дайындықтан өттіңіздер. Ата-аналарға айтарым — балаларыңызды әскерге жіберуге қорықпаңыздар. Әскери борышты өтеу абыройлы міндет деп білемін, — деді облыстық қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Рамазанов.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Қажымұқан Сәтенов сарбаздардың ата-аналарына ерекше алғыс білдіріп:
— Біз жастарға үлгі болған балаларымызды қарсы алдық. Бір жылдық қызмет барысында олар батылдыққа үйренді. Түрлі әскери-патриоттық байқауларда бақ сынап, мықтылығын дәлелдеді, — деді.
Десантшылардың қатарында әскери борышын өтеген Әділ Әбілқайын жауынгерлердің өмірі жайлы былай дейді:
— 37-ші жеке десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет еттім. Әскерде түрлі тактикалық шабуылдарды үйреніп, шыңдалып, шынықтым. 40 секундта киініп, сақадай сай тұруға және парашютпен секіруді үйрендім. Әскерде нағыз достар таптым. Ендігі мақсатым, жоғары оқу орнына түсіп, ел болашағына үлесімді қосқым келеді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.





