Тарих

Дала данагөйі тағылымы

Мөңке би-350

Биыл Мөңке би Тілеуұлының туғанына 350 жыл толмақшы. Осыған байланысты дала данагөйінің есімін ұлықтау, оның артында қалдырған мұраларын жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, жас буын санасына жаңғыртып жеткізу күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселелер Мәдениет министрлігі тарапынан атқарылатын шаралар тізіміне енгізілді.

Осы жайға орай біз тағылымдық-тәлімдік мәні зор шаралардың жүзеге асыру ісінің басы-қасында жүрген «Мөңке би» қорының төрағасы Бақытжан Қосановты әңгімеге тартқанбыз.

— Сіз ұзақ жылдардан бері Алматы қаласында тұрасыз. Құрылыс саласында басшылық қызметтерде болып, «Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығы» президентінің кеңесшісі ретінде де ірі әлеуметтік маңызы бар нысандардың ел игілігіне пайдаланылуына еңбек жасап келесіз.

Мамандығыңыз бен кәсібіңіз басқа арнада өрбігенімен, руханият әлемінен бойыңызды аулақ салмайсыз.

Туған жеріңіз, бүгінде Мөңке би атағын иеленген қадірлі мекенге де жиі келіп, жанашырлық танытып, хабарласып отырасыз.

Бүгінгі күні, міне, тағы бір үлкен шаруаға кірісіп кеттіңіз. Соңына салиқалы сөзі қалған Мөңке бидің 350 жылдығы үлкен ауқымда аталып өтпекші. Осы бағытта әңгіме өрбітсек.

Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 24 ақпандағы 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы бұйрығында 2025 жылы Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығы аталып өтетіндігі атап көрсетілген.

Үкіметтік шаралар өз алдына, біз бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсету мақсатында бастамашыл топтың мерейтойды өткізу комиссиясын құрдық, оның төрағасы болып облыс аумағында басшылық қызметтерде болып, бабаларға байланысты талай жиындарды ұйымдастыруға қатысып жүрген Марат Мұңайтбасов сайланды. Сондай-ақ осы комиссия құрамында «Қабақ баба» қорының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Амантай Үмбетай, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ардақ Өтегенов, елдің белгілі, сыйлы азаматтары Қонысбай Дәулеталин, Қуанышбай Әлмұрат енді.

Ең алдымен, Мөңке бидің өмірбаяны мен шығармашылық қырларын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға көбірек көңіл бөлгелі отырмыз. Сонымен бірге дала данышпанының тұлғасын таныта түсетін дөңгелек үстел, танымдық сағаттар, тарихи кештер, оқырман конференциясы, т.б. сондай іс-шаралар кешенін ұйымдастырып, өткізу қолға алынбақшы.

Мөңке би шығармаларын жинақтап,  баспадан шығару, «Мөңке би» атты спектакль  дайындау және қою жұмыстары белгіленді.

Мөңке Тілеуұлының 350 жылдығына арналған халықаралық конференция  «Мыңжылдықты болжаған Тұранның ұлы тұлғасы» атауымен танымал ғалымдар мен оқымыстылардың басын қоспақшы.

Бұдан басқа«Мөңке мұңы»  деректі фильмін түсіру де ойымызда. «Бозқырда бір әулие Мөңке би» атты республикалық жыр мүшәйрасын өткізуді де жоспарлап отырмыз. Кейінгі уақыттарда Мөңке бидің төрт күйі бар екендігі белгілі болып отыр. Осы туындыларды облыстағы Ахмет Жұбанов атындағы оркестрдің репертуарына енгізу реттерін де қарастыруымыз керек.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бердібай Кемал «Мөңке бидің күйшілігі хақында» атты еңбегінде Мөңкенің «Жиын алқа, кеңес», «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен» деген күйлері жұртшылыққа таныс бола бастағанын атап көрсеткен болатын.

Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі болған, атақты күйші-домбырашы Тұяқберді Шәмелов Мөңке бидің күйлерін үнемі орындап, өмірден өткенінше насихаттап кетіпті. Тіпті 2009 жылы арнайы диск де шығарып, артына өшпес бір із қалдырып кеткен екен. Кейінірек республикалық өнер конкурсының лауреаты Талаптан Хамзин аталған күйлерді халық алдында жүйелеп тартып, көпшілік ықыласына ие болып жүрді.

— Осы шаралардың ішінде ең бастысы, сірә, Мөңке бидің даналық сөздерін ғылыми тұрғыда пайымдау, оның артында қалған мұраларының маңыздылығын ұғындыру сияқты мақсатты көздеген ғылыми конференцияның орны бөлек қой деп ойлаймыз.

— Иә, бұл айтуыңыз дұрыс.Шынында да, осы мәселеге ерекше көңіл бөліп отырмыз.

Жақында ғана Алматыда, қазақ білімінің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым, ҚР Ғылым академиясының академигі Мұқаш Бүркітбаевтың бастамасымен Мөңке бидің 350 жылдығы қарсаңында өтетін халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастыру жөнінде кеңес өтті.

Жалпы мақсат — конференцияны ТҮРКСОЙ деңгейінде өткізу, бірнеше жыл ТҮРКСОЙ-да қызмет істеген ғалым Асқар Тұрғанбаев пен түрік ғалымы Арслан Мехмед осы мәселе төңірегінде түрік ғалымдарымен байланыс жасауды мойындарына алса, тарих ғылымдарының докторы, академик Берекет Кәрібаев университетте дөңгелек үстел басқосуын өткізіп, бабамыздың тағылымдарын насихаттау жөніндегі шараларды бастайтынын айтты.

Одан кейін ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың атына мерейтой қарсаңындағы ғылыми конференция мәртебесін көтеруге байланысты арнайы хат жазылды.

Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, тағы басқа елдердің ғалымдарын осы үлкен жиынға қатыстыру реттері қарастырылмақшы.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Түркияның Ыстамбұл қаласында ойшыл, дала философы Мөңке Тілеуұлының шығармалар жинағы жарық көрді. Одан кейін Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада түрік тілінде шыққан осы туындының тұсаукесері өтті. Кітаптың құрастырушысы филология ғылымдарының докторы, профессор — Жұманазар Асанов. Түрік ғалымдары аса қызығушылық танытып, есімі алты алашқа мәлім Мөңке би туралы деректер мен толғаулар жинағын 10 мыңнан аса данамен шығарған. Бізге мың данасы сыйға тартылды.

— Жалпы, Мөңке би есімі кеше-бүгін ғана жарыққа шыққан жоқ, оның данышпандығы ел аузында ежелден келе жатқаны бәрімізге мәлім. Осы арада ол туралы ілгерілі-кейінді жарияланған еңбектерге тоқтала кетсеңіз.

— Мөңке бидің ерекше қасиеті, артына қалдырған асыл мұралары туралы күні бүгінге дейін аз айтылып жүрген жоқ. Ахмет Байтұрсынов өзінің «Сауат ашқыш» кітабында Мөңкенің даналық сөздерін келтіреді. Жүсіпбек Аймауытов «Ел қорғаны» еңбегінде Мөңке есіміне ерекше тоқталады.

Нұржан Наушабаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Нұрпейіс Байғанин сияқты сөз қадірін жете ұғынған өз уақытының заңғарлары Мөңке би тағылымдарын алға тартып, өзгелерге өнеге етіп отырған.

Қазақ өнерінің жанашыры Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» атты кітабында Мөңке сөздеріне сүйеніш жасайды. Ол: «Мөңке — өз заманының аса тапқыр, ердiң құнын екi ауыз сөзбен шешкен адам» — деп тұжырым жасайды.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаев «Елең-алаң» атты тарихи романында ұлы тұлға есімін дәріптейді. Қайраткер жазушы Шерхан Мұртазаның Парламент мінбесінен «Мөңке би баба айтып еді…», — деп тебірене сөйлегенін көпшілік ұмыта қоймаған болар.

Мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед мың жылдығын болжаған Мөңке бидің Ақтөбеде ескерткіші ашылу салтанатына арнайы келіп, оның бүкіл қырын дерлік ашатындай елеулі баяндама жасады.

Академик Мұхтар Құл-Мұхамедтің 2006 жылы Алматыдағы «Аруна» баспасынан «Шығыстың ұлылары» топтамасымен жарыққа шыққан осы негіздегі «Мөңке би» кітабы тәлімдік те, тағылымдық та жағынан мәні зор. Кітап беташарында айтылғандай, «бұл туындыда ой-тұжырымын сиқырлы сөзбен өрнектеген шашасына шаң жұқпас шешен, қара қылды қақ жарған әділ би, айтқаны айдай келген көреген, дала данагөйі, жырау Мөңке би өмірі толық әрі әсерлі баяндалады».

Белгілі ғалымның өзі Мөңке би туралы: «Оның есімі көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып, ел ішіне кеңінен тарады. Ел аузында ол болашақты болжағыш көріпкел, құт дарыған, яғни Жаратқанның ықыласы ауған киелі кісі атанды. Ұлы далада ондай адамдарды әулие дейді» деп толғаныпты.

Белгілі журналист Серікқали Байменшенің «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» деп толғауы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді.

Мөңкетанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанов та осы бағытта талмай еңбектеніп келеді.

Орыс жазба деректерiндегi бірқатар мәлiметтер Мөңке бидiң Әлiмұлы тайпаларының iшiндегi ықпалды билердiң бiрi болғандығынан хабар бередi.

Осыдан алты-жеті жыл бұрын Мөңке би атындағы ауылда ұлы бабаға арнап ескерткіш тұрғызылды. Оған дейін Қайыр атағын алып келген ауылдың сән-салтанаты бүгінде жоғарылай түсуде. Жаңадан еңселі үйлер салынуда. Мектеп ғимараты жаңарды. Басқа да әлеуметтік құрылыстар бой көтерді. Спорттық кешен іске қосылды. Ескерткіш жасыл желекке бөленген саябақта орналастырылды.

Осы арада айта кетейін, Қордайдың гранитінен қашап жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі үш жарым метрге жуықтайды. Кезінде белгілі суретші Сағынтай Әлімбетов Мөңке бидің портреттік суретін салған болатын. Енді сол ізбен мүсінші Алтай Бейсенов, сәулетші Бақытжан Қосанов ескерткішті жасап шығарды.

— Осы ауқымда басқа да атқарылатын жұмыстар бар ма?

— Әрине. Ұлттық спорт түрлерінан Ақтөбедегі «Жекпе-жек» спорт сарайында жарыстар өткізгіміз келеді. Бұған байланысты қазіргі уақытта ойласу шаруалары жүріп жатыр.

Ақтөбе қаласындағы баба ескерткіші мен Мөңке би көшесін абаттандыру, көгалдандыру шаралары да тұрақты қолға алынбақшы.

Белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Бақтыбай Көкенов бабамыздың 350 жылдық тойына арналған халықаралық бокс турнирін наурыз айының орта тұсында Шалқар қаласында өткізу бастамасын көтеріп отыр. Онда 2012-2013 жылдары дүниеге келген жас былғары қолғап талапкерлері шаршы алаңда бақтарын сынамақшы. Қазірдің өзінде қырғыз, өзбек, тәжік, әзірбайжан, түрік, ресей командалары осы сайысқа қатысуға ынталылық білдіруде. Сондай-ақ бұл турнирге бірқатар олимпиада, әлем, Азия  чемпиондары құрметті қонақ ретінде қатысады деп күтілуде.

— Дүние есігін ашқанына үш жарым ғасыр толып отырған Мөңке би есімі қаншама уақыт толқынында ескірмей, болашаққа да батыл барады деген ойдамыз. Сондықтан да биылғы жылы өтетін шаралардың тәлімі мен тағылымы, ұлағаты мен өнегесі мол болатыны күмәнсіз. Қолға алып жатқан игілікті шаруаларға сәттілік тілейміз!

— Зерттеушiлер Мөңкенiң туған жылы деп 1675 жылды белгіледі. Ал дүниеден қайтқан уақыты — 1756 жыл.

Иә, бұл көпшіліктің қатысуымен жүзеге асатын іс қой. Қазіргі уақытта арнайы қор ашылып, елдің белгілі азаматтары, кәсіпкер бауырларымыз, жалпы жұртшылық өз үлестерін қосуда. Басты мақсат — Мөңке бабамыздың 350 жылдығын лайықты атап өту.

Ойлап қарасақ, Мөңке бабамыз алдағы бір замандардың құбылмалы болатынын жеріне жеткізіп айтқанымен, бірыңғай түңілдіріп те тастамаған.

Оның «Күндердің күнінде айтарлықтай заман туады, сол заман жоқшылықтың бәрін қуады. Түрлі-түрлі халық болады, күндіз-түні жарық болады. Жарығымыз мол болсын!» деген сәулелі сөздері бәрімізді де ілгері жетелейді.

Иә, аузы дуалы бабамыздың айтқаны келсін!

Сұхбаттасқан: Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button