Спорт

Ақтөбелік дзюдошылардың жеңісі

Ақтөбеде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. 15-18 қараша аралығында «Қоныс» спорт кешенінде өткен жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ге жуық спортшы келіп, жеті салмақ дәрежесінде кіл мықты анықталды.

Ақтөбе татамиінде сегіз жылдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген дзюдошылар бақ сынады. Соңғы рет осы спорт түрінен мұндай көлемдегі жарыс қаламызда 2016 жылы өткізілген-ді.

Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.

Дүбірлі додаға қазақстандық дзюдошы, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов те арнайы шақырылды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзінде дзюдодан чемпионаттың Ақтөбеде өтіп жатқанының маңыздылығын атап өтіп, туризм және спорт министріне көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін алғысын білдірді.

— Мемлекет басшысы Қазақстанда спортты дамытуға көп көңіл бөлуде. Бүкіл ел бойынша жаңа спорт кешендері салынып, жаттығу базалары мен спорт мектептері жаңғыртылып жатыр. Бұл кәсіби спортшыларға халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көмектесіп қана қоймай, спортты жастар мен жалпы халық арасында танымал етуге септігін тигізеді. Дзюдошылар Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың Париж Олимпиадасындағы жарқын жеңістері спортшылардың жаңа буынын жеңістерге жетелейді.

Бұл чемпионаттың Саламат Утарбаев, Рустам Ибраев, Гүлнар Көшербаева, Есет Қуанов және басқа да талантты спортшыларды тәрбиелеп отырған, дзюдода бай тарихы бар Ақтөбе жерінде өтіп жатқаны қуантады. Дүбірлі дода облыс жастары арасында дзюдоны насихаттауға, спортпен шұғылдануына және чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеуге жол ашатынына, оларға күш-жігер беретініне сенімдімін, — деді ол.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады. Жаңартылған құрамда ел құрамасы желтоқсан айында өтетін Токиодағы Grand Slam сериясының соңғы турнирінде өнер көрсетеді.

Іс-шара барысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысушыларға татамиде жарқын жеңістерге жетуіне, спортшылардың биік тұғырдан көрінуіне тілектестік білдірді.

— Мемлекет қолдауының арқасында чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл Қазақстанның әлемдік спорттағы позициясын нығайтады. Бүгінде көптеген қазақстандық дзюдошылардың есімі әлемдік спорт тарихына енді. Олар — төзімділіктің, шеберліктің және табандылықтың үлгісі. Спортшылардың жас буыны да ағалар ізін жалғастырып, жетістіктерге жететініне сенімдімін. Бұл чемпионат еліміздегі дзюдо спортының дамуындағы маңызды кезең болмақ және жаңа чемпиондардың шығуына, жастарды жеңістерге жетелеуге серпін береді, — деді Ербол Мырзабосынов.

Дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев елімізде спортшыларды даярлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырғанын айтып, турнирдің спорттың бұл түрін одан әрі  дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.

Чемпионаттың ресми ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке жоғары спорттық жетістіктерді айшықтайтын алтын «нашивканы» салтанатты түрде табыстады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов екі дүркін әлем чемпионы Әбиба Әбужақынованы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігімен марапаттады.

15-18 қараша аралығында өткен спорттық дода тартысты өтті. 73 келі салмақта белдескен жерлесіміз Есет Қуанов Абай облысынан келген дзюдошы Қуан Барысты жеңіп, алтын медаль иегері атанды.  Ел чемпионын және күміс, қола жүлдені қанжығасына байлаған спортшыларды өңір басшысы Асхат Шахаров пен Қазақстан Дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев құттықтап, медальдарын табыстады. Сонымен бірге  Ақтөбе облысының тумасы,57 келі салмақта дзюдодан Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен Бақыт Құсақбаева кезекті жеңісіне қол жеткізіп, алтын жүлдені еншіледі.Облыс қоржынына тағы бір алтынды Аруна Жангелдина салды. Жерлесіміз Мирас Жонысов қола жүлдегер атанды. Чемпионат қорытындысында облысымыз жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button