Адал азамат —Адал еңбек

Еңбекпен аты шыққан Аманғали

Бүгінгі кейіпкерімізді тек Байғанин ауданының орталығы ғана емес, ауылдық округтер мен көрші аудандар тұрғындары да жақсы таниды. Өзінің кәсіби шеберлігімен әрі өте еңбекқорлығымен елге танымал болған оны көпшілік «Олимпийский» деген лақап атымен атайды да, шын атын біле бермейді. Сонымен…

Не үшін «Олимпийский» атанды?

Аманғали Әбенов 1960 жылы Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. Әкесі Бақтығұл мал дәрігері болса, анасы Айман ауыл шаруашылығы мекемесінің қызметкері болған. Қарапайым отбасында армандарын жанына қанат қылып байлап өскен қазақтың қара баласы 1978 жылы Комсомолдың отыз жылдығы атындағы орта мектепті тәмамдап, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Онжылдық орыс мектебін бітірген Аманғалиға Мәскеудегіжауынгерлік өмірі онша қиынға соқпайды. Себебі саяси дәріс сабақтарында қазақ баласының тілге жатық, іске пысық екенібірден байқалған. Әрі сол тұста Мәскеудеөтетін олимпиадаға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатқан. Енді оны сол құрылыс жұмыстарында сынау үшін алдымен дәнекерлеушіліктің даярлық курстарынан өткізеді. Аманғали 6 ай бойы Ресейдің 5 қалашығында болып, осы салада іс-тәжірибесін шыңдап, білім-білігін арттырады. Содан соң кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп жатқан басқа да жауынгерлермен бірге Мәскеудегі ХХІІ жазғы олимпиада ойындарын өткізетін стадион құрылысында жұмыс істейді. Сол кездегі КСРО астанасы өз алаңында 80 елдің 5 мыңнан аса спортшысын қабылдау үшін және жанкүйерлерге жағдай жасау үшін қарбаласқандайындық жұмыстарына әскерден оралғанша Аманғали да қатысып, өз үлесін қосады. Бұл тәжірибе бүкіл саналы ғұмырына жететінін ол кезде толық бағамдай қоймаған жас жігіт түрлі каркастар,балкондар дәнекерлеп, небір мамандармен жолдас болып, тәжірибе жинайды. «Олимпиада ойындарының өзін емес, бейнетін ғана көрдім», — деп күледі өзі. Өйткені нағыз жазғы ойындар басталатын 1980 жылы Аманғали әскердегі борышын абыроймен өтеп, елге оралады. Ресей жерінде дәнекерлеу ісіне әбден машықтанған оған елге оралған соң жұмыс бірден табыла кетеді. Қолынан іс келетін маманды ауыл шаруашылығы мекемесі жұмысқа қуана қабылдайды. «Казсельхозтехника» — Аманғалидың елдегі алғаш еңбек еткен мекемесі. Ондағы өзіне жүктелген бар жұмысты өте шебер орындайтын Аманғали еңбекқорлығымен көзге түсіп, жұрт назарына іліге бастайды. Ол өзінің үлкен іс-тәжірибеден өткен әскердегі жылдарын әңгімелегенде ұжымдастар оған «Олимпийский» деген лақап ат таңады. Міне, сол кезден бастап азан шақырып қойған Аманғали аты емес, ел арасында «Олимпийский» деген шебер дәнекерлеушінің «жаңа есімі» таныла бастайды.

Осылайша жастық жігерін дәнекерлеудің шыр отына жаныған шебер «АТП», «Нефтебаза» сынды бірнеше мекемеде жұмыс өтілін

жалғастырады.

Дәнекерлеу ісінің шебері

Аманғали 22 жылдан соң ғана мекеме жұмысынан шығып, өз алдына жеке табыс табуға шешім қабылдайды. 2002 жылдан бастап ауылдағы үйлерге жылу жүйесін жүргізу, көліктер жөндеу және тағы басқа қоғамға қажетті дәнекерлеу ісінің бел ортасында жүрді.Табысы да істеген ісіне қарай молая түсті. Өйткені нағыз шебер маманға сұраныс жоғары әрі ісін адал атқаратын еді. Соңғы жылдары Ресей, Әзірбайжан, Армения секілді елдерден көптеп сатып алынған көліктер де қаздай тізіліп, Аманғалидың алдына келетін. Анау-мынау шіріген, сынған темірлерін ретке келтірген соң иелері ризашылығын білідіріп, алып кететін. Дәнекерлеу ісінің шебері әр жұмыстың өзінің қиындығы мен қызығы болатыны сынды дәнекерлеу ісінің де өзіндік ерекшеліктері барын, мұнда қауіпсіздік ережелерін сақтау ең басты талаптардың бірі екенін айтады.

Жұмыс кезінде жарылу немесе атылу қаупінің алдын алу үшін маңызды талаптарды орындау қажет. Талаптардың негізгісі — қорғаныш көзілдірік, қолғаптар мен арнайы киімдерді кию. Себебі олар зиянды сәулелерден, күйік пен жарақаттардан қорғайды. Үнемі жабдықтарды тексеріп отыру да маңызды, олардың ақаусыз болуы — қауіпсіздік кепілі.Ұқыптылық керек, себебі дәнекерлеу ісінде қателесуге болмайды, — дейді дәнекерлеу ісінің шебері.

Аманғалидың дәнекерлеуші болып жұмыс істегеніне биыл 46 жыл болыпты.

Өткен жылы зейнетке шыққан оладал еңбектің арқасында абыройы артқанын  айтады.

— Адал еңбек еткен адам тыныш ұйықтайды.Ешкімге қарызым жоқ, осы жасыма дейін несие де алып көрмеппін. Осы аудандағы үйлердің 85 пайызына жылу жүйесін тартып бердім деп айта аламын. Тек аудан орталығы емес, ауылдық округтердің елді мекендерінде де дәнекерлейтін шаруалардың біразын атқардым. Сонымен қатар көрші Темір ауданының Теректі, Промсол, Кеңқияқ сияқты елді мекендерінде де болдым. Еңбегіме қарай табысым да талай еселенді. Қиындықтары да болды, бірақ барлық кезде өзімді-өзім жігерлендіріп отырып, еңбек етуді тоқтатқан емеспін. Өзім жақсы көретін осы кәсібімнің арқасында отбасымды да қамтамасыз етіп, балаларымды да жетілдірдім. Бәрі жоғары оқу орынын тәмамдап, аяқтанып кету үшін тер төктім. Ел-жұртым да алғысын аяған емес, — дейді дәнекерлеуші Аманғали.

Жолаушыларға да көмектеседі

БүгіндеДәнекерлеушінің6 шәкірті бар. Олар Аманғали Бақтығұлұлына өздері келіп, тәлімгерлік етуін өтінген. Білгенін жан баласынан аямайтын ол боламын дегендердің бетін қақпай, белін буған. Күн сайын толастамайтын тұтынушыларына ерінбей еңбектеніп, көңілдерінен шығатын дәнекерлеушінің қол көмегіне тек ауыл тұрғындары ғана емес, Ақтөбе-Астрахан тасжолының бойындағы жолаушылар да жүгінеді. «Жақында Белқұдықтың тұсында тұрып қалған бір жолаушының көлігін жөндеп, жолға салып жібердім», —  дейді өзі. Сондай-ақ ұзын жолдың бойындағы түрлі ұлт өкілдері де дәнекерлеушінің қызметіне жүгініп, алғысын айтқан.

— Көбіне аудандық полиция бөлімінен хабарласып, жолда тұрып қалған шетелдік көліктерге көмектесуімді өтінеді. Түнгі сағат үш-төрт демей, құрал-сайманымды түгендеп,оларға да бара беремін. Ақтау, Атырау және  Қазақстанның басқа да қалаларының жолаушыларына қол көмегімді бердім. Бірде Мұстафа деген түрік ағайынның баласы көлігі бұзылып жолда қалыпты, жөн сұраса келе қолымнан келетін істе көмектесетінімді айттым. Көлігімен үйге әкеліп, қазақтың ұлттық асынан дәм ауыз тигіздік. Бір-біріміздің тілімізді түсінбейміз, кенже балам ғаламтордағы аудармашы арқылы біраз тілдесті, бізге де айтқан сөзімізді аударып берді. Сол Мұстафамен балам әлі де телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Сондай бір қызық болған.

Мамандығыммен мақтанамын. Қазір жастар мамандық таңдағанда кеңседе, көлеңкеде отырып жасайтын жұмыстарға ұмтылып жатады. Бірақ еңбек нарығында токарь, газ-электр дәнекерлеуші,механизатор сынды кәсіби мамандықтар жоғары сұранысқа ие. Адал, сапалы жұмыс үшін мекемелер мен компаниялар да жақсы жалақы төлейді. Мысалы мені көп мекемелер жұмысқа шақырады. Мәселен, 1996 жылдары Шұбарқұдықтағы газ тарту жұмыстарында болдым. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиындау уақытта да мен мамандығымның сұранысы арқасында балаларымды ештеңеден тарықтырып көрген жоқпын, себебі табысым жақсы болды. Ауылда әлі күнге дейін әртүрлі мекемелер көмек сұрайды, қолымнан келетін болса, міндетті түрде көмектесемін, — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінгі таңда дәнекерлеуші көмегіне ауылдық округтерден келген көлік жүргізушілері көп жүгінеді. Ондайда үйінің қасына келген көліктерді қаңтарып қоюға ұялып, жұмысын тез бітіріп беруге тырысады. Жолынан қалмасын дейді әрі уақыты да өзіне қымбат.

Сұранысы жоғарылаған сайын қолын қымбаттатып, жағдайы жоққа шалқайған емес. Ауылдастарының айтуынша, кімнің әлеуметтік жағдайы төмен бірінші сол үйдің жылуын жүргізіп беруге жанын салады екен. Бірде таң атысымен Аманғали үйінің ауласында бір үлкен әжейдің отырғанын көреді. Амандасқаннан кейін «Келгеніңізге көп болды ма, неге бізді оятпадыңыз?» — дейді, сонда әжей «Қорадағы малдарыңа қарап қазір сиыр саууға, мал шығаруға тұрады-ау деп күтіп отырдым. Келген шаруамды айтайын, үйімде шалым — бірінші топтағы мүгедек, жағдайым да мәз емес, балам, тезірек жылу жұмыстарын жүргізуге көмектес», —  дейді. Әр істі жауапкершілікпен атқаратын Аманғалидың бұл күні алып қойған тапсырысы бар еді. Бірақ үлкен кісінің жағдайын ойлап, келісіп қойған үйіне бір-екі күн шұғыл шаруа шығып қалғанын ескертіп, қарттардың үйіне жылу жүйесін қондырып, батасын алады. Өзіне күні түсетін тұтынушыларының осылай жағдайына қарай шаруасын тындыратын танымал дәнекерлеуші ешкімді алдап көрген емес.

Еңбекқор ата

Ақын Абай айтқандай, «адамның бір қызығы — бала деген». Еңбекқор әкенің бүгінгі мақтанышы  — балалары. Алпамысы мен Сағынтайы әкесі сияқты қолы шебер, құрылыс жұмыстарында епті. Кенже ұлы техникаға жақын.

—Үлкен балам Алпамыс — Байғанин аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы. Сағынтайым — өзімнің жолымды қуған дәнекерлеуші, вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Бибігүл қызым — Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы мектеп-гиманзиясында директордың орынбасары. Кенжем Қолғанат — студент. Қызымды аялап өсірдік, ұлдарыма қолымнан келгенше адал еңбекті үлгі еттім. Екі келінім бар, оларға да өте ризамын. Балаларымның арасында бірлік мықты болсын деп,біріне-бірін қолғабыс еткізіп, еңбекке баулып отырамын. Мысалы, осы кезге дейін біз отбасымызбен 5 жаңа үй, екі коттедж салдық. Бір тиын несие алған емеспін, балаларыма да алғызбаймын. Ақша керек пе, менен алыңдар деп отырамын. Адал еңбектің берекелі табысы бәріне де жетеді. Қарапайым дәнекерлеу ісінің берекелі ғұмыр кешуге мүмкіндік туғызғанына ризамын. Үйдегі апаң екеуміз осы балаларымыз бен немере-жиендеріміздің қызығын қызықтап әрдайым шүкір айтып отырамыз, —  дейді Аманғали Әбенов.

Көрші-көлемге де қайырымы мол Аманғали Бақтығұлұлы зайыбы Сара екеуі 14 немеренің әр жетістігіне қуанып, тілеуін тілеп отырады. Еңбекқор атаның немерелері де ата-әке ізін жалғап, қуантудан жалыққан емес. Алдыңғы екі үлкені Ақтөбедегі Есет батыр атындағы мамандандырылған спорт мектебінде оқиды. Өзбекстанның Хорезм қаласында өткен еркін күрестен белдесуде 9-сынып оқушысы Әділет Аманғали чемпион болғанда атасының жүрегін ерекше қуаныш кернеген.

— Ендігі саналы ғұмырымда немерелеріме де бар жағдайын жасап, қолымнан келгенше үлгі-өнегемді көрсетуге ниеттеніп жүремін. Еңбек еткен адамның қай кезде де маңдайы ашық. Көпшілік мені «Олимпийский»деген лақап атыммен танып алған. Жылу жүргізген, жұмыс жасаған үйлердегі  адамдардың көпшілігі танып, құрметтеп жатады. Олар көп болғасын мен ұмытып қаламын ғой, бірақ мені ұмытпайды. Бәрі — еңбектің арқасы, — дейді Аманғали Бақтығұлұлы.

Рита ТӨРЕӘЛІ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button