Еңбектің биік белесі
Жұмысшы мамандықтар жылы
«..Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат — Адал еңбек — Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады…».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Әбілқайыр Сотқаров отыз жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етеді. Мөлшерлеуші, балқытушы сияқты қарапайым жұмыстан басталған оның еңбек жолы көпке үлгі. Бүгінде республика деңгейінде металлургия саласы бойынша «Үздік тәлімгер» атанған кейіпкерімізді аз-маз сөзге тартқан едік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа зауытына жас маман ретінде жұмысқа келген Әбілқайыр Сотқаров әуелі мұндағы бірінші балқыту цехында мөлшерлеуші, алты айдан кейін осы цехта ферроқорытпа балқытушы, кейін №3 тәжірибелік-өнеркәсіптік цехта өндірістік шебер болды.
1997 жылы бұл цех жоғары көміртекті феррохром өндірумен айналысты. Хром өте таза болды — 99,9 пайыз. 2006 жылы №3 тәжірибелік-өнеркәсіптік цехта феррохромнан басқа сұйық шыныдан кірпіштер шығарылды, сондай-ақ ферротитан өндіру үшін әртүрлі тәжірибелер жүргізілді. Стандартты ферротитан, жоғары пайыздық титан, рутильді ильменит концентратты қож өндірісінде өнеркәсіптік тәжірибелер жүргізіле бастады. Ширек ғасыр ішінде Әбілқайыр Сотқаров жас маманнан цех басшысына дейінгі жолдан өтті.
— Әр адамның өз ұстанымы болады. Жастайымнан техника, технологияға жақын болдым. Мектепте математика, физика, химия сияқты пәндерді оқуға қызығушылығым жоғары болды. Металлургия саласы бойынша жоғары білім алып, 1993 жылы жас маман ретінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек жолымды бастадым. Бүгінде алғашқы ұстаздарымның бірі, зауыт директоры болған Наум Эпштейн сияқты өндірістік орынның өзге де басшыларының ізін өзімізге үлгі етіп келеміз, — дейді кейіпкеріміз Әбілқайыр Сотқаров.
2008 жылы ол жоғары көміртекті феррохром өндіретін еліміздегі алғашқы балқыту цехын басқарды. Ал 2009 жылдың күзінде №2 балқыту цехының басшысы болды. Бұл жерде оның бригадасы легирленген арнайы болаттарға арналған тазартылған феррохром өндірісімен айналысты. Оның басшылығымен бұл цех еңбек өнімділігі мен өндіріс мәдениетін арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету, жұмысшылардың денсаулығын нығайту, сондай-ақ әрбір жұмысшының зауыт өміріне деген қызығушылығын арттыру бойынша «Үздік цех» зауытішілік жарысында жеті рет жеңімпаз атанды. Үздік бригада, учаске, цех, зертхана, басқа да құрылымдық бөлімше номинациясы бойынша өткен республикалық қоғамдық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау байқауында да бірнеше рет жеңіске жетті.
— Біз еңбек адамын, еңбек мамандықтарын көп насихаттауымыз керек. Осы бағытта «Қазхром» компаниясының ықпалымен өзім еңбек ететін кәсіпорында, мектеп, жоғары оқу орындарында көптеген іс-шаралар өткізіліп жүр. Мақсатымыз — жастармен кездесу, оларды мамандық таңдауға бағыттау, жұмысшы мамандықтарды, еңбек адамының қоғамдағы рөлін насихаттау. Сондай-ақ қазір зауытта туристік маршрут өткізіліп жатыр. Бұл іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарын, студенттерді зауыттың тыныс-тіршілігімен, мұнда шығарылатын өніммен таныстырып, мамандармен кездестіреміз. Біз оларға кәсіпорынға балқытушы, мөлшерлеуші, шлактаушы, кран машинисі, дәнекерлеуші, газ электр дәнекерлеуші, электрик, слесарь сияқты мамандықтардың ауадай қажет екенін айтамыз. Осы салада еңбек етіп жатқан жұмысшылармен кездестіру, өндірістің мәдениетін ұғындыру да басты мақсатымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл — үлкен бастама. Себебі соңғы уақытта еңбек адамдарын, жұмысшы мамандықтарды насихаттау, үгіттеу жағы төмендеп кетті. Расын айтуымыз керек, қазіргі жастар табысы жоғары жұмыстарда еңбек еткісі келеді. Алайда жұмысшы мамандықтарды жақсы игеріп, өз міндетін кәсіби тұрғыда орындай білетін маман қашанда сұранысқа ие, — дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып еңбек ететін Әбілқайыр Сотқаров.
Металлургия саласында өзін сауатты, адал жұмысшы әрі командада жұмыс істеу қабілетін шебер көрсете білген Әбілқайыр Сотқаров бүгінде өзіне жүктелген бұл міндетті де кәсіби деңгейде асқан жауапкершілікпен орындауға тырысады.
Зауытта цех басшысы негізгі күш-жігерді өндірістік процестерді одан әрі автоматтандыруға, ақаудың алдын алуға, шикізат пен электр энергиясын үнемдеуге бағыттай отырып, өндірісті ұйымдастыруды және оның технологиясын жетілдіру жөніндегі іс-шараларды басқарады. Шеберлердің, ауысым басшыларының және цех қызметтерінің жұмысын шебер үйлестіре білуі қажет. Қарамағындағылармен бірлесіп, цехтың перспективалық дамуына, өндіріс технологиясын жаңғыртуға қатысты ұсыныстарды әзірлейді және бөлім басшылығының қарауына уақытылы ұсынып отырады. Бұл орайда Әбілқайыр Сотқаров — жиырмадан астам рационализаторлық ұсыныстардың авторы. Олардың көпшілігі өндіріске енгізіліпті.
— Еңбек жолымды зауытта жұмысшы маман ретінде бастаған жылдардан бері көкейге көп нәрсені түйдім. Қазір осындай жетістікке жеткенім сол жылдары еткен еңбек пен төккен маңдай тер үшін берілген үлкен жолдама деп білемін. Қазір жаңалыққа құмар, қолынан іс келетін, жақсылықты үйренуге тырысатын жастарымыз көп. Соның ішінде металлургия саласында жұмыс істеп жатқан жастарға қарап, риза боласың. Қазіргі күні зауытта жастар кеңесі бар. Олар кәсіпорындағы барлық бағдарламаға атсалысып, зауыт жастары арасындағы түйіткілді мәселелерді кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ ұйымы арқылы бірлесіп шешіп отыр. Жастар кеңесінің жеке бағдарламасы да бар. Мақсат — жастарды еңбекке баулып, болашағына бағыт-бағдар беру, — деді кейіпкеріміз.
Арайлым НҰРБАЕВА.