Адал азамат —Адал еңбек

Жер учаскесін өлшейтін Есен

Еліміздің әр азаматына 10 сотық жердің тиесілі екені белгілі. Мемлекет ұсынған бұл игілікке қолы жеткен адам міндетті түрде осы маманның қызметіне жүгінеді. Ол — жерге орналастырушы.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе филиалының  жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы бас маманы Есен Шындыбаевтың міндетіне берілген жер учаскесінің аумағын анықтап, қазық қағу кіреді. Сырт көзге жеңіл көрінетін жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы туралы:

— Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Кейде объектіге шыққанда қызмет алушымен түсініспей қаламыз, тіпті қабаған иттерге де жолығып қалып жатамыз. Бірақ қандай жағдайда да сабыр сақтауға тырысамыз. Кәсіби маман қандай нәрсеге де дайын болуы керек. Бәрібір өз жұмысымды жақсы көремін, — дейді Есен.

Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы университеттің түлегі қазіргі қызметі бойынша мамандықты арнайы игергенін, жерді өлшеудің өзі білім мен білікті қажет ететінін қосты. 2011 жылдан бері осы салада еңбек ететін ол бұрын жердің өлшемін алу үшін тахеометрді пайдаланса, қазір заман ағымына сай дәлдікпен көрсететін GPS-құрылғысы «сенімді серігі» екенін атап өтті. «Бұл құрылғы жер учаскесін өлшеуді әлдеқайда жеңілдетті. Тіпті ауа райына да қарамастан, тапсырысқа шыға береміз», — деп ағынан жарылды жігіт.

Сондай-ақ әңгімелесушіміз жұмыс барысында жер даулары бойынша соттарға маман ретінде жиі қатысатынын, сондай уақытта кәсіби кеңес беретінін айтты.

Оның ойынша, болашақта жерге орналастырушы мамандығына сұраныс айтарлықтай артады. Өйткені жылма-жыл құрылыс саласы қарқынды дамып, жер алушылардың да саны көбейіп келе жатыр.

35 жастағы Есен — көпбалалы әке. Гаджеттерге, тіпті смартфондарға мүлде қызықпайтын, заманауи қондырғыларды тек жұмыс бабында пайдаланатын еңбек адамы бос уақытын тек отбасына арнағанды жаны сүйеді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button