Дәстүрлі өнердің ошағы
Облыстық халық шығармашылығы орталығы көптеген облыстық, республикалық фестивальдерді дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырады. Іргесі қаланған күннен бастап бұл мәдениет ошағынан ән-жыр үзілген емес. Алпыс жылдан астам тарихы бар орталықтың бүгінгі тынысы, шығармашылық жетістіктері туралы мекеменің директоры Гүлзира Теңізбайқызымен сұхбаттасқан едік…
Кеше мен бүгін
Мәдениет үйінің тарихы 1960 жылдан бастау алады. Осы жылдар ішінде мәдениет ошағын Сергей Пузырев, Ираида Грибановская, Александр Великий, Лариса Сладкова, Владимир Гужан, Гүлсаяжан Есімбаева, Нұрлыбек Қалауов, Орынбасар Терековтер басқарды. Өз кезегінде халық шығармашылығы орталығының қалыптасуына Маржан Қорғанбаева, Нәзира Табылдинова, Айгүл Арынғазиева, Роза Тасирова, Райса Қомпақова, Сәкен Есенаманов, Ләйлә Омарова, Наталья Петрова сынды азаматтардың еңбегі зор.
— 64 жыл ішінде мекеменің атауы 4 рет өзгерді: облыстық халық шығармашылығы үйі, облыстық халық шығармашылығы және мәдени-ағарту ғылыми-әдістемелік орталығы, кейін қайтадан облыстық халық шығармашылығы үйі аталды. Ал қазіргі атауы — облыстық халық шығармашылығы орталығы. Облыстық халық шығармашылығы орталығының алғашқы қызметтік іссапары Алға қаласында КСРО Суретшілер одағының мүшесі, кәсіпқой суретші, Ақтөбе педагогикалық училищесінің оқытушысы Сергей Кукуруза мен кәсіби білім алған бір топ жас суретшілердің жылжымалы көрмесін ұйымдастырудан басталды. Жетпісінші жылдардың соңында мәдениет ошағы облыстық ғылыми-әдістемелік орталық атанып, ансамбльдер жасақтала бастады. Сол жылдары ашылған «Жазира» ұлт аспаптар ансамблі аз уақыттың ішінде тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп, көптеген додаларда топ жарды. Орталық «Жас дәурен» облыстық жастар мен студенттердің фестивалі, «Балдәурен» балалар шығармашылығы байқауы, Қазанғап атындағы «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауы, Нұрсұлу Тапалова атындағы «Бидің нұры — Нұрсұлу» республикалық би байқауы, аймақтық «Өнерім — өрісім» отбасылық ансамбльдер мен «Театр — өнердің ұлы көші» атты халықтық театрлар фестивальдерін ұдайы ұйымдастырады, — дейді Гүлзира Теңізбайқызы.
Оның айтуынша, бүгінде облыстық халық шығармашылығы орталығында 12 клубтық құрылым жұмыс істейді. Оның ішінде 7 ұжымның «Халықтық», «Үлгілі» атақтары бар.
— Бүгінде Мәдениет үйі креативті шығармашылықты дамытуға бағытталған жобаларды іске асырып келеді. Мәдениет ошағы жыл сайын «Батаменен ел көгерер», «Ел іші — өнер кеніші», «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы», «Мәдениет — елдің мәртебесі», «Рухани қазына» фестиваль-байқаулармен қатар, «Тары Fest» этнофестивалін ұдайы ұйымдастырады. Бұлар көпшілік қызыға тамашалайтын жаңа бағыттағы игі шараларға айналды. Мәдениет үйінде мониторинг, талдау және әдістемелік, халық шығармашылығын қамтамасыз ету бөлімдері мәдени қызмет көрсету саласын жақсарту бағытында қызмет етеді. Мәдениет үйінің жеткен жетістіктері де баршылық. 2020 жылы Астана қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына – 2020» республикалық онлайн байқауының «Үздік облыстық мәдени ойын-сауық кешені» номинациясын облыстық халық шығармашылығы орталығы жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды, — дейді ол.
Күй мен жыр
Облыстық халық шығармашылығы орталығында «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі, «Әдеп» халықтық тобы, «Ер Едіге» жыр мектебінен бөлек мәдени бірлестіктер де бар. Ақтөбеде «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы да ашылды. Төрағасы болып белгілі күйші, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас концертмейстері әрі оқытушы Талап Хамзин тағайындалды. Осы орайда облыстық халық шығармашылығы орталығы «Күйшілер одағы» облыстық филиалымен бірлесе отырып, өңірде тұратын күйшілердің басын біріктіріп, олардың кәсіби біліктілігін арттырып, шығармашылық орта қалыптастыру бағытында жұмыс жоспарын әзірледі.
Орталықтағы «Ақтөбе әуендері» жергілікті композиторлар бірлестігінің де жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Жетекшісі — ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгір. Облыс бойынша композиторлардың тізімі, репертуарлары мен ноталары жасақталып, «Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасы» атты бес бағыттан тұратын антологиялық жинаққа енгізу жұмыстары жүргізілді. Облыстық халық шығармашылығы орталығында қазақтың төл өнерін насихаттауға бағыталған жас айтыскерлер үйірмесі де жұмыс істейді. Жетекшісі — жас айтыскер ақын Айболат Көшкінбай. Бүгінде айтыскерлер үйірмесінен 30-дан астам шәкірт тәрбиеленіп шықты.
— «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Кенжеғалиевтің арнайы ұсынысымен 2021 жылдың 22 ақпанында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ақтөбеде «Күйшілер одағы» бірлестігінің облыстық филиалы ашылды. Мұнда 14 адам қызмет етеді. Бүгінде 12 өңірде бірлестіктің филиалдары жұмыс жасайды. Бірлестік мүшелері бабалар мұрасын насихаттап, республикадағы күйшілердің басын біріктіріп, түрлі мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді. Одақ құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы әрі ұстаз Жайлау Асылханов, Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Жанаманов, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Төребек Мұстафин бастаған күйшілер және басқа да жас өнерпаздар бар. Олар ұлттық өнерімізді дамытып, жастарды күй өнеріне баулуда ауқымды жұмыстарды атқарып жүр. Биыл Атырауда өткен «Саз пернелі Сарайшық» халықаралық домбыра фестиваліне Жайлау Асылханов арнайы қатысып, шеберлік сағатын өткізіп келді. Одақтың тағы бір мүшесі Балымбет Күзенбаевтың ұсынысымен ұйымдастырылған белгілі күйші, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Бисенбай Күзенбайұлының 95 жылдығына арналған «Ата мұраты» атты облыстық күйшілер байқауы жоғары дәрежеде өтті, — дейді Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас концертмейстері Талап Хамзин.
Жыршылық өнерді қайта жаңғырту мақсатында 2021 жылы Ақтөбеде облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылған еді. Осы мектептің жетекшісі әрі ұстазы Әділбек Сарин қосымша білім беру ұйымдарында да «Жыршылық өнер» бағдарламасы бойынша үйірмелер, кластар ашып, талапты оқушылар мен жастарды жыршылық өнерге баулуды үлкен ықыласпен қолға алды.
— Жыраулық мектептің ашылғанына үш жыл уақыт ішінде алды он дастанға дейін жаттаған шәкірттеріміз бар. Бұл — біз үшін үлкен жетістік. Ақтөбе топырағынан шыққан шайырларымыздың мақам саздары мен жырларын үйретуден бастадық. Шәкірттеріміз «Қобыланды батыр», «Едіге», «Мұса хан», «Нар қыз» «Асау-Барақ» дастандармен бірге, сөз жүйрігі атанған Нұрпейіс Байғанин, Әбубәкір Кердері, Сарышолақ Боранбайұлы, Шернияз Жарылғасұлы сынды ақындардың жыр-термелерін жатқа айтып жүр. Бір қуанарлығы — облыстық, республикалық жыр додаларында жүлделі орындарға ие болған шәкірттеріміз елдің абыройын асқақтатып келеді. Болашақта жырды қобыз, жетіген аспаптарымен де орындатуды жоспарлап отырмыз. Ендігі мақсатымыз — Ақтөбеде жыраулық мектептің қалыптасқанын республика көлемінде насихаттау үшін Астана мен Алматыда өнерімізді көрсету, бірақ оған қаражат мәселесі шешілмей тұр, — дейді жыраулық мектептің жетекшісі Әділбек Сарин.
Оның айтуынша, қазір Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде — 9, Шығармашылық академиясында — 8, қалалық №3 балалар музыка мектебінде бір шәкірт жыршылық өнердің әліппесін үйреніп жүр. Ал Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің «Дәстүрлі ән» класында оқитын 15 студент облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан ашылған осы «Ер Едіге» жыр мектебінен қосымша сабақ алуды жөн көрген. Ақтөбе қаласында өткен облыстық, республикалық жыршылар сайысында өнер көрсеткен жас жыршылар үлкен сахнада да өнер көрсетуге даяр екендерін дәлелдеді.
— «Ер Едіге» жыр мектебінің оқу бағдарламасына қазақтың батырлық эпостары, ғашықтық қисса-дастандары, тарихи жырлары енген. Шәкірттердің репертуарында халқымыздың сан ұрпағы сүйіне жырлаған, сүйсіне тыңдаған «Ер Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази». «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Нарқыз», «Намыс» секілді жыр-дастандар бар.
Шәкірттерімнің жеткен жетістіктері де баршылық. Жас жыршы Жанерке Құттығай өткен жылы Алматы қаласында өткен республикалық XV кіші олимпиада-байқауында 2-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «Ер Едіге» жыр мектебінен сабақ алып жүрген шәкірттің бірі Сымбат Жомартова былтыр Ақтөбеде өткен «Қобыланды деген ері бар» атты республикалық байқауда 1-орын иеленіп, Жезқазған қаласында ұйымдастырылған республикалық XXXI дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінде дипломант атанды. Ал жас талант Бақыт Арыстанғалиева 2022 жылы Ақтөбе қаласында «Азаттықтың ақ таңы» атауымен Базар жырау шығармашылығына арнап өткізілген аймақтық термешілер байқауында бас жүлдегер атанды, — дейді ол.
Бүгінде облыстық халық шығармашылығы орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйек айында мәдениет ошағы «Металлург» мәдениет үйіне көшкен болатын. Ғимаратты «Қазхром» ТҰК АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты облыстық халық шығармашылығы орталығына қайтарымсыз түрде сыйға тартқан-ды. Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.