«Ақтөбе» — 100!

Әйелдер белсенділігі және игі бастамалар

Форум

«Әйелдер көшбасшылығы:қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі» форумының қатысушылары еліміздің қоғамдық және саяси өміріндегі қыз-келіншектердің белсенділігі туралы ортақ сөз қозғады.

Ақтөбе қаласында өткен бұл шараға 100-ден астам адам қатысты, олардың арасында депутаттар, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және мемлекеттік құрылымдардың басшылары бар.

Форумның ұйымдастырушылары — облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияныңхатшылығы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өңірлік іскер әйелдер кеңесі.

Форум модераторы, облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Атамекен» палатасы өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова бұл жиында өңірдің және жалпы еліміздің болашағына бейжай қарай алмайтын бастамашыл және талантты ақтөбеліктердің бас қосып отырғандығын атап көрсетті. Олар кәсіби қызметтерімен қатар, қоғамдық істермен де белсенді шұғылданады.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева форумға қатысушыларды құттықтап, қыз-келіншектердің өңірдің экономикасы мен саясатқа үлесінің маңыздылығын атап өтті.

—Әйелдің күші оның қиындықтарды жеңе білу қабілетінде ғана емес, сондай-ақ өзгелерді де жігерлендіре білуінде. Біз біріге білсек, мүмкіндіктеріміз молая түседі, мұндай жағдайда кез келген қиындықты жеңу қиын емес, — деді Қазақстанның Еңбек Ері, «Сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құралай Байменова.

Amanat партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әсел Сарманова бүгінде қыз-келіншектердің қоғамдық процестерге қатысуы жандана түскенін айтты.

Алқалы жиынға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова саясаттағы әйелдер үшін мүмкіндіктер мен қиындықтар жөнінде әңгімеледі.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова нәзік жандылардың бизнеске белсенді қатысуы және олардың көшбасшылық қабілеті еліміздің тұрақты дамуы үшін негіз қалайтындығын атап көрсетті.

Ұлттық дәстүрлер мен аналық мейірбандылық арқылы рухани тәрбие беру тақырыбын қозғаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаеваның сөзі көпшілік назарын аударды.

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің ректорыЛаура Қарабасова мазмұнды ой-ұсыныстарымен ерекшеленді. Жоғары білім беру саласындағы басшылықтың жаңа буыны өкілі ретінде ол әйелдер көшбасшылығы тақырыбын кең ауқымды талдау арқылы таразылады.

Негізгі пікірталас соңы «Медиа және әйелдер көшбасшылығы» тақырыбындағы практикумға жалғасты. Бұл шараның тізгінін Ұлттық комиссияның мүшесі және медиапрактик Назым Жанғазинова ұстады. Ол медиамен тиімді өзара әрекет жасау және оң имидж қалыптастыру бойынша кеңестерімен бөлісті.

Бұл жиын кеңінен пікір алысып, тәжірибе бөлісудің, жаңа бастамалар көтерудің маңызды алаңына айналды. Сондай-ақ мұндай шаралардың маңызды әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуде қыз-келіншектер өкілдерінің рөлін көтеру және әйелдер көшбасшылығын дамытуда әсерін тигізетіндігін атап көрсетті.

Бас қосушылар әйелдер көшбасшылығы экономикаға немесе саясатқа үлес қана емес, сондай-ақ болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін негіз де болатындығы туралы пікірге тоқтам жасады.

Форум аясында қонақтар «Бақытты отбасы» орталығында болып, тұрғындардың осал топтарын қолдау жөніндегі мамандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ Есет батыр шағын ауданындағы жаңадан ашылған «Ұмай» балабақшасын көрді.

Марина НҰРАЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button