Елдестірмек елшіден…
Кездесу
Облыс әкімі Асхат Шахаров Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимовпен кездесті.
Кездесу барысында Ақтөбе облысы мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Облыс әкімі екі елдің тату көршілік қатынастары мен тығыз өзара іс-қимыл сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы тиімді байланыстардың белсенді дамуына ықпал ететінін алға тартты.
Айтып өткен жөн, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қазірдің өзінде белсенді дамуда. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Ақтөбе облысының Өзбекстан Республикасымен сыртқы сауда айналымы 40 млн АҚШ долларына, тауарлардың экспорты бидай, ұн, күнбағыс майы және мұнай өнімдері сияқты позицияларды қосқанда 29,3 миллион АҚШ долларына жетті. Импорт 10,7 млн долларға жетті, ондағы негізгі тауарлар жеміс-көкөніс өнімдері, тұрмыстық техника, жаңғақтар, кептірілген жемістер, киім және тоқыма.
— Өзара ынтымақтастықтың одан әрі нығая түскеніне қуаныштымыз. Біз маусымнан тыс уақытта қоймаларда тұрақты көлемді қамтамасыз етуде тауарларды уақтылы жеткізуді ұйымдастыру үшін ақтөбелік бизнес өкілдерімен жұмыс істеуге дайынбыз.
Өзбекстанның туристік әлеуеті туралы айтқым келеді. Көптеген қазақстандық Ташкент пен Самарқанды туристік бағыт ретінде қарастырады, сондай-ақ медициналық туризм аясында емделуге де барады. Бұл тұрғыда Ақтөбе мен Ташкент арасындағы тікелей әуе қатынасы мәселесін шешу қажет. Бұған қажеттілік зор, өйткені қазір рейстер Түркістан арқылы жүзеге асырылып жатыр, — деді елшімен кездесу барысында өңір басшысы.
Әкім өңірдің қолайлы географиялық жағдайы мен дамыған көлік инфрақұрылымы, соның ішінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Өзбекстанмен сауда байланыстарын кеңейтуде қосымша мүмкіндіктер туғызатынын тілге тиек етті.
Бахтиер Ибрагимов өңірлер арасындағы әуе қатынасын дамытудың болашағы зор екеніне тоқталды. Өзбекстанның Төтенше және өкілетті Елшісі кездесу қатысушыларына өз елінің туристік әлеуетін таныстырып, мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайтудың маңызын атап өтті.
— Біздің елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі жақсы қарым-қатынастар қалыптасты. Бүгін Ақтөбеде Өзбекстанның туристік әлеуетін алғаш рет таныстырып отырмыз, бұл көшбасшыларымыздың күш-жігерінің арқасында мүмкін болып отыр. 15 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша еді, қазір екі ел арасында ешқандай шектеулер жоқ.Сіз басқаратын өңірмен ынтымақтастықты дамыту өте тиімді. Біз мәдениетаралық пен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға әзірміз. Екі өңірдіңжақын орналасуы өзара іс-қимыл үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады, — деді Б.Ибрагимов.
Елші Өзбекстанның Ақтөбе облысымен тоқыма өнімдерін, құрылыс және әрлеу материалдарын жеткізу саласы бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екендігіне назар аударды. Өзбек делегациясы бұл мәселені ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесуде де талқылаған.
Кездесу соңында Асхат Шахаров меймандарды Ақтөбе облысы нәтижелі өзара іс-қимылға дайын екендігіне және екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына әсер ететін зор әлеует барына сендірді.
М.ТАБЫН.