Басты жаңалықтар

30 жылдық белес

Мәслихат

Сәрсенбі күні ҚР мәслихаттарының 30 жылдығына орай Amanat партиясы облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға барлық 8 шақырылымның депутаттары шақырылды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін атап өтіп, олардың өңірді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдер қабылдаудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ депутаттарға азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

— Облыстық мәслихаттың депутаттары 30 жыл бойы халықтың сенімін ақтай отырып, елдің бірлігі мен тұрақтылығы үшін еңбек етті. Сіздер—халық пен билік арасындағы алтын көпірсіздер. Әлеуметтік-экономикалық даму процестерін қалыптастыру сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Депутаттар әрқашан бюджетті қалыптастырудан бастап, инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтің әлеуетін көтеруге дейінгі маңызды мәселелерге назара ударады. Алдағы уақытта да сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен атқара беретіндеріңізге сенімдімін. Сондықтан баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймын, —деді А.Шахаров.

Облыс әкімі бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты өзекті мәселелерді қалай шешкені туралы естеліктерімен бөлісті. Ол әріптестерімен бірге инфрақұрылымды жақсарту, білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау және ауылдық жерлерді қолдау бойынша қалай жұмыс істегенін айтып берді.

Бұдан кейін облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева облыс әкіміне депутаттармен тиімді қарым-қатынас орнатқаны үшін алғысын білдіріп, мәслихаттың осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

— Мәслихат — біздің демократиялық жүйеміздің негізіне айналған және жергілікті басқаруда маңызды рөл атқаратын өкілді орган, азаматтардың мүдделері мен билік тетіктері түйісетін алаң. Дәл осы мәслихаттар арқылы тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалып, мәселелері шешіледі. Біз әртүрлі партиялар мен түрлі кәсіп өкілдері болсақ та, жұмысымыз бір мақсатқа—халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және Отанымыздың дамуына бағытталған. Біз үшін басты мақсат қашанда адамдардың өмірін жақсарту болып қала береді. Облыстық мәслихатта отыз жыл ішінде 8 шақырылым ауысты. Осы уақыт аралығында облыстық мәслихаттың депутаты болып 260 адам сайланды.

Қазіргі сегізінші шақырылым жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Депутаттық корпустың 70 пайызға жуығы жаңартылып, 34 депутаттың 17-сі партиялық тізім, қалғаны бір мандатты округтер бойынша сайланып, бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Былтырдан бері сегізінші шақырылым депутаттары 17 сессия мен 150 комиссия отырысын өткізді, нәтижесінде 203 шешім қабылданды, — деген мәслихат төрағасы биыл мерейтой қарсаңында Ақтөбе қаласында сквер ашылып, депутаттардың демеушілігімен өңірде шамамен 200 миллион теңгеден астам қаржыға қайырымдылық көмек көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ Гүлқасима Сүйінтаева өзге өңірлерден жиынға арнайы келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жиында облыстық мәслихаттың І шақырылымының хатшысы Балихан Жоламанов, Парламент Сенатының VII шақырылымының депутаты Мұхтар Жұмағазиев, Парламент Мәжілісінің алғашқы шақырылымының депутаты Төлеген Қуанышев, облыстық мәслихаттың І, ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдарының депутаты Аманғос Төлеуов, облыстық мәслихаттың VI, VII, VIIІ шақырылымдарының депутаты Сергей Вишняк, облыстық мәслихаттың ІV, V шақырылымдарының депутаты Светлана Айтбаевалар сөз сөйлеп, қызмет еткен жылдарында мәслихатта көтерген мәселелері мен өңірді өркендету жолында атқарған жұмыстары жайлы айтып берді.

Іс-шарада «Саз» балалар студиясының кішкентай өнерпаздары өнер көрсетіп, бір топ депутат облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», сондай-ақ «ҚР мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.Бұдан бөлек бірқатар депутат министрліктердің арнайы Құрмет грамоталарына ие болды.

Айта кету керек, бұл күні аталған ғимаратта Ақтөбе қалалық мәслихаты да салтанатты іс-шара өткізді. Қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен өткен жиында қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова, қалалық мәслихаттың алғашқы шақырылымының депутаты Гүлсамал Аймаханова, қалалық мәслихаттың ІІІ шақырылымының мәслихат хатшысы Хабиба Сарқұлова, сондай-ақ қалалық мәслихаттың ІV, V, VІ шақырылымдарының мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова депутаттарды мерейтоймен құттықтап,еңбек жолдарындағы қызықты сәттерін еске алды.

Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттарына мерекелік төсбелгілер мен Алғыс хаттар табысталды.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button