Ұлттың ұлағаты — ұрпақтың тәрбиесінде
Семинар
Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінде «Ұлттың ұлағаты — ұрпақтың тәрбиесінде» атты облыстық көшпелі семинар өтті. Іс-шара облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға облыстағы 38 колледж өкілдері және ата-аналар барлығы жүзге жуық адам қатысты.
Семинардың мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттау және осының негізінде жан-жақты, дамыған тұлғаны тәрбиелеу. Сондай-ақ іс-шара денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында өткізілді.
Семинардың ашылуында облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиеваұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызы және білім беру саласында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Жеңіс Скаковамен аталған медициналық колледж директоры Серік Қапанов бұндай іс-шараның жастар тәрбиесінде маңызы зор екенін айтты.
Сондай-ақ семинар аясында көрме ұйымдастырылды. Бұл жерде қазақтың ұлттық дәстүрлі бұйымдары қойылды. Мәселен, зейнеткер Сәбила Сәрсенбаева жүн түту, иіру, тері илеу, ұршық иіру секілді ұлттық өнерімізді көрсетті. Келушілер мұражайды аралап, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының жұмысымен танысты. Семинар аясында «Арнайы пәндерде ұлттық құндылықтарды игеру арқылы жеке тұлғаны дамытудың маңызы», «Өзіне-өзі қызмет көрсету тапшылығы бар пациентті күту принципі» тақырыптарында арнайы сабақтар өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырып жүрген Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Тәжібаева ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде өткізілетінін айтты.
Семинар соңында колледждің өнерлі жастары ән айтып, би биледі.
К.ҚОПАЕВА.