Өнерлі ұжым өрісі
Қарғалы ауданындағы Мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін мерекелік іс-шаралар мен концерттерді жиі өткізіп тұрады. 75 жылдық тарихы бар мәдениет ошағының бүгінгі тынысы туралы аталған мекеменің директоры Шапағат Аманжолдан білген едік…
Таланттар мекені
Іргетасы 1949 жылы қаланған Мәдениет үйіне 2020 жылы толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көрермен залындағы орындықтар мен сахна жапқыштары түгел жаңартылды. 200 орындық көрермен залы заманауи құрылғылармен жабдықталған.
— Қарғалы аудандық мәдениет үйінде 71 қызметкер жұмыс істейді. Шығармашылық ұжымның дені — жастар. Мұнда 62 үйірме, соның ішінде 7 халықтық, 1 үлгілі атағы бар үйірмелер бар. Мәдениет үйіне қарасты 8 ауылдық клуб қызметкерлері өнерімен көпшіліктің алғысын алып жүр. Өткен жылы «Ұшқын» халықтық жастар театрының «Алғашқы махаббат» комедиялық қойылымы көрсетіліп, көрермен көңілінен шықты. Былтыр аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жақсылық жасап жарысайық!» атты қайырымдылық акция-эстафетасы ұйымдастырылып, акциядан жиналған қаражат ауданымызда салынып жатқан мешіт құрылысына берілді және аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Жуырда Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Әуелейді Шәмші әні» облыстық ән байқауы, «Ауыл кеші көңілді» сынды іс-шаралар ұйымдастырылды, — дейді Шапағат Аманжол.
Оның айтуынша, аудандық мәдениет үйінде тамылжыған даусымен өз ортасының сәнін кіргізіп жүрген «Ақпейіл», «Славяночка», «Freude» халықтық вокал ансамбльдері және «Ұшқын» халықтық жастар театры, «Нұр-ай», «Наз» халықтық би ансамбльдері мен «Сарыарқа» халықтық домбырашылар ансамблі көптеген жарыста топ жарып келеді.
— Биыл «Наз» халықтық ансамблі Маңғыстауда өткен байқауда топ жарып, 15-тен астам би ұжымы арасынан үздік шықты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен үміткерлер жиналған байқауда біздің ұжым нәтижелі өнер көрсетті. «Наз» халықтық би тобы қазақ өнерін дәріптеп, талантты балаларды шыңдап келеді. 2014 жылы құрылған би тобы 2019 жылы «Үлгілі ансамбль» атағын қорғап шықты. Талантты балалардың биік тұғырдан көрінуіне үлесін қосып жүрген хореограф Назым Жанғазының еңбегі ерекше. Алғашында «Кербез» атауымен танылған би ұжымы 2023 жылы атауын «Наз» деп өзгертіп, халықтық би ансамблі атағын алды. Өнер ұжымы өткен жылы «Би құпиясы-2023» хореографиялық байқауында 1-дәрежелі лауреат атанса, биыл «Dance non stop» халықаралық хореография байқауында гран-при жүлдесін иеленді. Осы халықаралық хореографиялық байқауда ұжымдық номинация бойынша «Наз» халықтық би ансамблінің кіші тобы жүлделі 2-орынды иеленді. Ал жеке номинация бойынша бас жүлдені Жандая Сағитжан жеңіп алса, 1-орын Айша Батиханға бұйырды. Жетекшілері Назым Қойшықарақызы «Үздік хореограф» төсбелгісімен және Алғыс хатпен марапатталды, — дейді ол.
Ұлтымыздың мәдени мұрасын дәріптеуге үлесін қосып жүрген аудандық Мәдениет үйі 2021 жылы «Жыл үздігі» номинациясының иегері атанып, кәсіби шеберліктерінің жоғары екендігін көрсетті. Мәдениет үйі қызметкерлерінің жеткен жетістіктері де тек бұл ғана емес.
— Өткен жылы Мәдениет үйі директорының орынбасары Асқат Түлкібаев іскерлігімен көзге түсіп, Астана қаласында өткен «Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының үздігі» атты республикалық байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Салтанатты іс-шарада әріптесімізге 1-дәрежелі диплом, статуэтка және төсбелгі табысталды. Сондай-ақ өткен жылы Алматы қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері» атты республикалық байқауда аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жансая Дабылқызы жеңімпаз атанып, Құрмет грамотасымен марапатталды. Биыл аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Бірлігіміз жарасқан» мәдени орталығының көркемдік жетекшісі Лидия Уварова Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан «Еңбек ардагері» төсбелгісін алды. Биыл «Aktobe Fest Star» XXI халықаралық ән-би байқауына Петропавл ауылдық клубының «Нұр-ай» халықтық би ансамблі қатысып, бас жүлдегер атанды.
Осы жылы аудандық Мәдениет үйінің жастарынан жасақталған жайдарман командасы облыстық Премьер-лига ойындарында нәтижелі ойын көрсетті. Олар астарлы әзілдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында ауылішілік «Жайдарман» ойындары да өткізіліп тұрады. Жастарға қолдау болса, Мәдениет үйінің қызметкерлері әлі талай белесті бағындыратыны сөзсіз, — дейді Ш.Аманжол.
«Ұшқынның» жетістігі
«Ұшқын» халықтық жастар театры осы уақытқа дейінгі байқауларда топ жарып, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген. Өнер ұжымы өткен жылы Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған батысаймақтық ауыл театрларының байқауында бас жүлдегер атанып, «Ең үздік актер» номинациясына ие болды. Жастар фестивальде К.Олжастың «Дүние» трагикомедиясын сахналады.
— 2019 жылдың шілде айында «Ұшқын» жастар театры «Халықтық» атағын қорғап шықты. Ұжым аз уақыттың ішінде көптеген облыстық, республикалық байқауларда облыс намысын қорғады. Театрда 16-25 жас аралығындағы мамандар еңбек етеді. Биыл жастар театры КСРО халық артисі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Өмір — театр, біз — актермыз» атты облыстық балалар мен жасөспірімдер театры фестивалінде шебер өнер көрсетіп, «Үздік қойылым» және «Үздік бейне» номинацияларын иеленді. Сондай-ақ аймақтық «Жас дәурен» көпжанрлы өнер байқауында «Шеңбер» авторлық қойылымын сахналап, бас жүлдені алды. Өнер ұжымының әр қойылымы мазмұндылығымен ерекшеленеді. Мәселен, «Дүние» трагикомедиясында қоғамдағы өзекті мәселелер суреттеледі. Бір қуантарлығы, бүгінде ауыл жастарының театрға деген қызығушылығы артып келеді. Алдағы уақытта «Ұшқын» халықтық жастар театры көрермендерін тың дүниелермен қуантпақ ниетте, — дейді теардың көркемдік жетекшісі Дастан Әбішұлы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.
Қарғалы ауданы.