Жаңалықтар

Балалар өнер мектебі ашылды

Қуаныш

Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы балалар өнер мектебінің оқушылары енді жаңа ғимаратта шығармашылығын шыңдайды.

Екіқабатты ғимарат 150 орынға шақталған. Мұнда қосымша білім берудің 5 түрлі бағыты бойынша 550-ге жуық бала тәрбиеленбек.

Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан балаларға игі тілегін арнады.

— Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеуінше, балалардың шығармашылық үйірмелерге қатысуы оларды өнерге баулып қана қоймай, когнитивті дағдыларын қалыптастырып, оқуға ынтасын оятады, сонымен бірге өздеріне деген сенімділігін арттырады. Өнер мектебінің ашылуы балалардың жан-жақты дамуына зор мүмкіндік береді, әсіресе бұл ауылдық жерде тұратын балалар үшін өте маңызды, — деді құттықтау сөзінде Жайық Сұлтан.

Мектептің жас өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, қонақтарға жаңа ғимараттың мүмкіндіктерін таныстырды.

Айтып өтейік, іргетасы төрт жыл бұрын қаланған Бадамша өнер мектебінің құрылысы былтыр қайта жанданды. Нысан облыс басшысының қатаң қадағалауында болды.

Айәли АЙБЕК.

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button