Тұмау тағы өршіп тұр
Брифинг
Облыста 63 адамнан шошқа тұмауы анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Тұмау, ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай және алдын алу жолдары» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың мәліметінше, ПЦР әдісімен тексерілген2131 науқастың 63-інен А типті тұмау вирусы (H1N1), яғни шошқа тұмауы анықталған.
— Қазан айынан бастап өңірде ЖРВИ, тұмау және пневмония ауруларының өсімі байқалды. Осы кезеңде ЖРВИ-мен 101 063 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге көп.Науқастардың дені — 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ 291 жүкті әйел вирус жұқтырған. Пневмония анықталған 274 адам ауруханаға түсті, оның 1-еуі — жүкті әйел, 208-і — бала, 43-і — 1 жасқа дейінгі бала. Аурушаңдық деңгейі 2,8 есеге артқан. Қазір балабақшалар мен мектептерде ауа тазартқыштар орнатылып, балалардың температурасын тексеру ұйымдастырылған.Ақтөбеліктерге отырған бөлмелерінің тезересін ашып, жиі желдетіп тұруға, көпшілік орындарға жиі бармауға, көп адам жиналатын іс-шаралардан аулақ болуға және тұмауға қарсы вакцина алып, бетпердетағып жүруге кеңес беремін. Сондай-ақ дұрыс тамақтанудың пайдасы зор, — дейді Мұхтар Сербаев.
А типті тұмау (H1N1) немесе шошқа тұмауы — өте жұқпалы әрі қауіпті ауру.
Шошқа тұмауының белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас екен, мұнда да адамның дене қызуы 38,5°С жоғарылап, қалтырап, басы жиі ауырады. Бұлшықет және буындарында ауырсыну байқалып, адам әлсірейді.
Шошқа тұмауы жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарына зақым келтіруі, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сол үшін мамандар уақтылы дәрігерге қаралу керектігін айтып, мұндай жағдайда өзін-өзі емдеу өте қауіпті екенін ескертеді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.