V дүниежүзілік көшпенділер ойындары: біздің чемпиондар
Өткен айда Астана қаласында ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан командасының көш бастағаны белгілі. Тарихи жеңісте ақтөбеліктердің де үлесі бар: біздің өңірден қатысқан 6 спортшының барлығы олжалы оралды. Оның 3-еуі — жеңімпаз. Атап айтсақ, қазақ күресінен Назерке Азаматова мен Бақыт Құсақбаева, ал тоғызқұмалақтан Мөлдір Серікқызы I орынды иемденді. Ал өзбек халқының ойыны — күраштан Әділет Шалғынбекұлы күміс, Бекнұр Бектай қола жүлде иеленсе, түрік халқының зияткерлік ойыны — мангаладан Азамат Хайдар үшінші орын алды. Көшпенділер ойындары аясында өткен әлемдегі тұңғыш ат марафоны — «Ұлы дала жорығы» бәйгесінде Ақтөбе облысының командасы үздік үштікті түйіндегенін айта кету керек.
Осы орайда біз алтын медаль тағынған жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, спорттағы жолы, дүбірлі додадан алған әсері мен алдағы мақсат-жоспары туралы білген едік…
«Бұл — дайындық пен жауапкершіліктің нәтижесі»
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресі бойынша 52 келі салмақта жеңіске жеткен Назерке Азаматова спортпен 8 жасынан бастап кәсіби түрде айналысады. Әуелі дзюдомен шұғылданған бойжеткен бірталай байрақты бәсекеде бағы мен бабын сынаған.
— Оқушы кезімде спортқа қызығып, өз қалауыммен айналыса бастадым. Шыны керек, «мына кісі спортқы баулыды» немесе «таңдауыма осының ықпалы болды» дейтіндей адам жоқ. Алғашында дзюдоға ықыласым ауып, сол бойынша біраз облыстық, республикалық, тіпті халықаралық сайыстарға қатыстым. 2020 жылы өткен Азия кубогының қола жүлдегерімін.
2017 жылы қазақ күресіне де ден қоя бастадым. Біршама уақыт екі спорт түрін қатар алып жүрдім. Ақырында өзіміздің ұлттық спортқа деген махаббатым басым түсті (жылы жымиып). Сөйтіп, осы жолды мақсатты түрде таңдап, Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясын ойдағыдай тәмамдып шықтым.
Астанадағы көшпенділер ойындарына келсек, дайындық мықты болды. Өз елімізде өткендіктен, жауапкершілік те екі есе. Алғашқы белдесуім 9 қыркүйек күні өтті. Әзірбайжан қызбен күресте жеңіліп келе жатып, соңында әдіске салғанның арқасында бозкілемде атой салдым. Кейін молдаванмен күш сынасып, ақтық сында өзбекстандық қарсыластың жауырынын жер иіскеттім. Мен үшін бірінші және соңғы кездесу қиынға соқты, — дейді 22 жастағы Назерке.
Қазіргі таңда Ақтөбедегі спорт мектептерінің бірінде жаттықтырушы болып жұмыс істейтін чемпион қыз Оңтүстік Кореяда өтетін жарысқа жол жүргелі отырғанын, демалуға уақыттың жоқтығын атап өтті. Ендігі басты мақсаты — желтоқсан айында Үндістанда шымылдығын түретін әлем чемпионатында жеңімпаз болу.
«ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ»
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов:
— Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт саласы қарқынды дамып келеді. Өз мәресіне жеткен Көшпенділер ойындары — соған айқын дәлел. Біз айтулы аламанды өткізіп қана қоймай, Қазақ елінің, сондай-ақ көшпелі халықтың бай мәдениетін әлем назарына паш еттік. Талай туристің табаны қазақ топырағына тиіп, ұлтымыздың дәстүр-танымына таң-тамаша болып кетті.
Көшпенділер ойындары әлем қызығушылығын тудырған мәдени және идеологиялық маңызы жоғары халықаралық дода болды. Ұлттық спортымызды кеңінен насихаттай отырып, әлем қауымдастығы алдында көшпенділер өркениетінің бір бөлшегі екенімізді, мақтан тұтатын ұлттық спортымыз бар екенін көрсете білдік, — дейді.
«Кеудемді мақтаныш кернеді»
Қазақ күресі бойынша алтын медаль алған тағы бір жерлесіміз Бақыт Құсақбаеваның есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Бұған дейін осы спорт түрі бойынша Қазақстан біріншілігінде атой салған оның бозкілемде белдесіп жүргеніне 15 жылдан асқан. Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
— Өзім — дзюдодан да спорт шеберімін, Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионымын. Қазіргі кезде ұлттық құраманың мүшесімін. 12 жасымнан бастап осы спорт түрімен айналысқандықтан, көптеген сайыстарға қатыстым.
Ең бірінші кезекте газет арқылы әр жылдары бапкерлік етіп, менен тәлімін аямаған Гауһар Әбішева, Есенжол Мысин, Жайдар Сайлаубаев сынды аға-апайларыма алғысымды білдіргім келеді. Кез келген жүлдем — әуелі еңбегім мен күш-жігерім, сосын жоғарыда аталған жаттықтырушыларымның арқасы.
Өткен айда еліміздің бас қаласында ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өте жоғары деңгейде болды. Үндістан, Ресей, Польша мемлекеттерінің спортшыларынан озып, 60 келі салмақ дәрежесінде алтын медальді еншіледім. Әрине, өз елімде осындай жетістікке жеткенімде бақыттан басым айналып, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Өйткені туған жеріңдечемпион болу бәрібір бөлек. Әрі біздің елде Көшпенділер ойындары алғаш рет ұйымдастырылды ғой.
Жарыстан алған жүлдем — 500 мың теңге мен Ақтөбе облысы атынан берілген 1 миллион теңге сыйақымды өзімнің керек-жарағыма жұмсаймын. Қазақ күресіне, ұлттық спортқа қолдау күшейе берсе тек қуанамыз, — дейді Бақыт.
Жеңістен соң бірден жыл соңында өтетін әлем біріншілігіне дайындықты бастап кеткен спортшы қыз өзіне көрсетіліп жатқан сый-құрметке риза екенін, осы айдың соңында ғана Астанада «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын айтты.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
8-13 қыркүйек күндері елордада өткенVДүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қатысушылар 21 спорт түрінен сынға түсті. Жаһандық жарысқа 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы келді.
«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда 100-ден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін, көрме, айтыс, т.б. өткізді.
Ұйымдастырушылар әуелде этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған еді. Шетелдік құрамалардың өтініші негізінде дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті.
Қазақстан спортшылары командалық есепте 114 медальмен топ жарды: оның 43-і — алтын, 34-і — күміс және 37-сі — қола жүлде.Екінші орынды Қырғызстан ойыншылары еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Үздік үштікті Ресей спортшылары қорытындылады.
Қатысушылар мен қонақтарға 1600-ге жуық волонтер көмектесіп жүрді.
Айтпақшы, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нежмеддин Біләл Ердоған VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтетінін хабарлады.
«Ұлттық спортымыз жақсы ұлықталды»
2020 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен адамзатқа ортақ мәдени мұра деп танылып, жоғарыда аталған ұйымның репрезентативтік тізіміне енген тоғызқұмалақ ойынының тарихы әріде жатыр. Тұтас түркітілдес халыққа ортақ аталған ұлттық ойынды кезінде ақын Абайдың да ойнағанын, тіпті өз заманында Шыңғыстау мен Қарқаралы жерінде тоғызқұмалақшылар сайысын ұйымдастырғанын әдебиеттен білеміз. Ұлттық спорттың Ақтөбедегі даму қарқыны ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бір көрінісі — жерлесіміз Мөлдір Серікқызының V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алтын медалі.
9 жасынан тоғызқұмалақ ойынымен «дос» Мөлдірдің спорттағы алғашқы ұстазы — әкесі Серік Қуатбаев. Есейе келе екі дүркін әлем чемпионы,Қазақстанның спорт шебері Нұрбек Қабиев жаттықтырып келе жатқан спортшының өзі қазіргі уақытта ой жарысына балаларды баулып жүр.
— Астанадағы халықаралық сында 8 ойын өткіздім. Соның ішінде қырғыз, моңғол, поляк қарсылыстарыммен ойындарым тартысты болды. Дей тұрғанмен менің тәжірибем басым түсті.
Соңғы 5 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде еңбек етемін. Шүкір, талантты шәкірттерім баршылық.
Төл спортымызға осылай айрықша мән беріп, үлкен деңгейдегі жарыс өткізгеніне разымын. Жеңімпаз ретінде марапаттап, қошемет көрсетіп жатыр. Енді бұдан да биік белестерді бағындырып, маған сенім артқандардың үмітін ақтасам деймін. Алға қойған басты жоспарым — бір айдан кейін Түркиядағы әлем чемпионатында жеңіске жету, — дейді зияткерлік ойын бойынша жақсы нәтиже көрсетіп жүрген бойжеткен.
P.S. Біз сұхбаттасқан чемпион қыздардың үшеуіне де осы қазан айының басында Астана қаласында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырды. Құтты болсын!
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.