Спорт

Ғарышбектің жүлдесі

Ұлттық спорт

Көкшетауда асық атудан ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатынан жекелей 1-ші сақа жарысында сынға түскен жерлесіміз Ғарышбек Құлыбек қола жүлдемен оралды. Спортшыны ақтөбелік жанкүйерлер және облыстық асық ату федерациясының президенті Оразбай Ұлқабай, федерацияның атқарушы директоры Мұсағали Тасқалиев бастаған делегация теміржол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан спорт жанашыры Нұрдәулет Тайжанов өз атынан Ғарышбекке қомақты қаржылай сыйақы ұсынып, алдағы сайыстарына сәттілік тіледі.

—  Облысымызда Асық ату федерациясы құрылып, ұлттық ойынымызды дамыту қолға алынғанына екі жылға жуықтады. Аз ғана уақыт ішінде көп жұмыс атқарылып, міне, тұңғыш ел чемпионатының жүлдегері де шығып жатыр. Мұның бәрі ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасы, төгілген тердің жемісі деп білеміз. Ұлттық ойынымыз асық ату спортын дамытуға атсалысып жүрген барша ақтөбеліктерге ел чемпионатынан бұйырған алғашқы жүлде құтты болсын! Ақтөбеден Қазақстан чемпиондары шығатын күнге жетейік! — деді спорт жанашыры.

Айта кетейік, дүбірлі додада еліміздің 16 аймағынан іріктелген 100-ге жуық ойыншы бақ сынады. Кіл мықтылар төрт күн бойы жүлделерді өзара сарапқа салды. Мақсат — ұлттық спорттың дамуына үлес қосу.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button