Жеңіске жеткізген камбэк
Премьер-Лига
«Ақтөбе»-«Қайрат» — 2:1
3-4 қазан күндері Премьер-Лиганың 22-тур ойындары өтті.
«Елімай» сырт алаңда «Жетісу» командасынан ұтылып қалса, сырт алаңда «Ордабасы» кезекті жеңісіне жетті. Турнир кестесінің соңында жүрген «Жеңіс» «Тобылдан» басым түсті. Өз алаңында «Атырау» «Тұранды» ірі есеппен жеңді.
* * *
«Балапанның күзде саналатыны» рас. Футбол командаларының ұпайы да солай. Айталық, жаз бойы дес бермей келе жатқан команда күзде лезд турнир кестесінің төменгі сатыларына түсіп кетуі ғажап емес. Немесе керісінше.
Әсіресе дәп қазіргі уақыттағы секілді чемпионат аяқталар қарсаңда бапкерлер де, футболшылар да әр ойынға, ондағы әр ұпайға аса мән бере қарайды. Онсыз жол оңғарылмайды. Айталық, осы 22-турда сырт алаңда жеңіліске ұшыраған көш басындағы «Елімай» бірден үшінші орынға сырғып түсті. Ал үшінші орында тұрған «Қайрат» төртінші орынға ығысуға мәжбүр болды. Жалпы алғашқы төрттікте тұрған командалардың қай-қайсысы да қазір әлдеқалай жеңілсе, тұтас чемпионатта жеңімпаз немесе жүлдегер болудан үміт үзе беруге болатындай жағдай қалыптасып тұр.
* * *
4 қазан күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайратты» қабылдады.
Соңғы жылдары алматылықтарды көш басынан көре алмай жүргеніміз де рас. Бірақ бұл «Қайратты» есептен шығарып тастауға болады деген сөз емес. «Жыланды үш кессең де» кесірткедей қуаты болатыны сияқты «Қайраттың» да қай сатыда тұрса да көнеден келе жатқан қуаты бар екеніне ешкім дау айта алмас.
Сол себептен де Ақтөбе қаласында өтетін кездесуді жанкүйерлер де екі ұдай көңіл күймен күтті. Жеңеміз бе, жеңілеміз бе?
Сірә, футболшылардың да ойларында осындай күдіктер алма-кезек арпалысқан болуы керек, ойын бірден итжығыс шабуылдармен басталды. Біздің жігіттер өз алаңында жүргендіктен батыл қимылдауға тырысты, әрине. Дегенмен батылдық шеберліксіз ештеңе бітіре алмайтыны да белгілі. 12-минутта Амаду Думбия қарсыластардың айып алаңына сыналап еніп кетті де, сол жақ қапталдан еңірете соққы жасады. Бірақ «Қайраттың» қақпашысы Вадим Ульянов допты қақшып түсті. Ал сол бойда қарсы шабуыл ұйымдастырушылардың бірі болған Валерий Громыконың соққысын біздің қорғаушылар қайтарды. 20-минутта Эльдер Сантанаға кезек келді. Оң жақ қапталдан жетіп келген бұл футболшының соққысын қақпашымыз Игорь Шацкий тырп еткізбей ұстап алды. Дәл үзілістің алдында Георгий Зария тепкен допты Бағдат Қайыров кері қайтарып үлгерді.
Жалпы алғанда бірінші таймда қонақтар ширақтау қимылдады. Бірақ гол соғудың сәті түспеді.
Сол сәтке алматылықтар екінші таймда қол жеткізді. Қонақтар бұрыштама соғу құқына ие болды да, 51-минутта Георгий Зария допты қақпаның дәл алдына әуелете тастады. Шашырап жүрген біздің қорғаушылардың дәп осы жерде жоқтығын пайдалана кеткен Валерий Громыко допты баспен емін-еркін соғып үлгерді. Тап қарсы алдынан соғылған допқа Игорь Шацкий еш қарсылық жасай алмай қалды — 0:1.
Осы тұста біздің қақпашымыз бірнеше әбжілдік жасады. Жоао Пауло қақпа маңдайшасының дәл астына бағыттаған допты И.Шацкий қағып үлгерді. Қақпашымыз одан соң Иброхимхалил Юлдошев қия бұрыштан бағыттаған қитұрқы соққының да жолын кесті.
Қонақтардың шабуылына бойы үйренген жерлестеріміз енді нәтижелі шабуылсыз қимылдардың пайдасы жоқтығын ұғынған болуы керек, қақпаны тікелей назарға ала бастады. 70-минутта Ыдырыс Умаев допты әуені айналдыра соққы жасады, бұған В.Ульянов дайын болып шықты. Одан соң допты Әлібек Қасым сол қапталдан ұшырта тепті, оны қақпаға тікелей бағыттап жіберетін ешкім болмай қалды. Дегенмен осы ұмтылыстар «Қайраттың» қорғаушыларын кәдімгідей абыржытып тастаған болуы керек, 82-минутта қарымта гол да соғылды. Өзіне келген допты іле кеткен Ыдырыс Умаев қақпаның алдына келіп, сәл кері бұрылды да, қорғаушылардан аулақтау шыға келген Фредди Гондолаға тамаша пас тастай қойды. Фредди шапшаң соққымен допты қақпаның сол жақ жоғары бұрышына енгізді де жіберді — 1:1.
Тайм соңына таман осылайша қанаттанған біздің жігіттер бұл жолы тең ойынмен қанағаттануды ойламайтындарын аңғартты. Арада алты минут өтер-өтпесте ақтөбеліктер тағы бір гол соқты. Қарсы шабуылға шыққан біздің жігіттердің бірі Фредди Гондолаға пас тастады да, Фредди құлап бара жатып допты қапталында келе жатқан Ыдырысқа бағыттап үлгерді, ал осындай сәтті күтіп жүрген Ыдырыс қақпаны тура нысанаға алды. Алматылық қақпашы ауа қармап қала берді — 2:1.
Камбэк деген осы болды. Негізгі уақыттың екі-үш минутында да, 90 минутқа қосылған жеті минутта да алматылықтар есепті өзгерте алмады. Жерлестеріміз аса бағалы үш ұпайға ие болды.
Ойынның қандай тартыспен өткенін соңғы он минут шамасында қақпаға соғылған доптар да, футболшыларға көрсетілген 11 ескерту қағазы да, алаңдағы ойыншылардың алыс-жұлқыстары да анық көрсетті. Әрине, 82-минутқа дейін есепте басым болып келген «Қайраттың» соңғы алты минутта екі гол жіберіп алуы алға ұмтылуға шындап кіріскен командаға оңай тимегені анық. Дегенмен бұндай ойында мақсатты төзімділік пен шын шеберлік қана үш ұпай әперетінін ақтөбеліктер анық дәлелдеді.
«Ақтөбе»-«Қайрат» — 2:1
Гол авторлары: Валерий Громыко, 51-минут (0:1); Фредди Гондола, 82-минут (1:1); Ыдырыс Умаев, 88-минут (2:1).
Ескерту қағазын алғандар: Дорни Ромеро, 24-минут, Жан Жайро, 34-минут, Ыдырыс Умаев, 58-минут, Фредди Гондола, 58-минут, Әлібек Қасым, 71-минут, Бағдат Қайыров, 90+4 минут («Ақтөбе»), Иброхимхалил Юлдошев, 58-минут, Александр Мартынович, 58-минут, Офри Арад, 69-минут, Гиорги Зария, 75-минут, Вячеслав Швырев, 90+4 минут («Қайрат»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Әлібек Қасым, Габи Кики, Бағдат Қайыров, Әділхан Таңжарықов, Леонел Струмия, Амаду Думбия (Арман Кеңесов, 46-минут), Жан Жайро (Матео Барач, 90+2 минут), Фредди Гондола, Дорни Ромеро (Ыдырыс Умаев, 46-минут).
Бас бапкер — Игорь Леонов.
4 қазан 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.
* * *
Басқа кездесулер
«Қызылжар»-«Ордабасы» — 0:1
«Атырау»-«Тұран» — 3:0
«Жетісу»-«Елімай» — 2:0
«Жеңіс»-«Тобыл» — 2:1
* * *
Біздің мергендеріміз:
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 6 гол;
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;
Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;
Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,
Габи Кики, қорғаушы — 2;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,
Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;
Фредди Гондола, шабуылшы — 2;
Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;
Матео Барач, қорғаушы — 1;
Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;
Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;
Арман Кеңесов, қорғаушы — 1.
* * *
Жерлестеріміз 21 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 4 рет жеңілді. Ұпай саны — 37. Доп айырмашылығы — 34-23.
* * *
22-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:
- «Ордабасы» (Шымкент) — 39 ұпай;
- «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 37 ұпай;
- «Елімай» (Семей) — 37 ұпай;
- «Қайрат» (Алматы) — 35 ұпай;
- «Астана» (Астана) — 31 ұпай;
- «Тобыл» (Қостанай) — 27 ұпай;
- «Атырау» (Атырау) — 29 ұпай;
- «Қайсар» (Қызылорда) — 25 ұпай;
- «Жетісу» (Талдықорған) — 20 ұпай;
- «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
- «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай;
- «Жеңіс» (Астана) — 17 ұпай;
- «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай.
* * *
23-тур ойындары
19 қазан, сенбі
«Жеңіс» — «Жетісу»
«Қайрат» — «Тұран»
«Тобыл» — «Ордабасы»
20 қазан, жексенбі
«Елімай» — «Астана»»
«Қызылжар» — «Атырау»
«Қайсар» — «Шахтер»
* * *
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазан айында УЕФА Ұлттар лигасында ойнайтын футболшылардың нақтыланған тізімін жария етті. Оқу-жаттығу жиыны 5-9 қазан аралығында Австрияның Кремс қаласында өтіп жатыр.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас Покатилов («Тобыл»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);
Қорғаушылар: Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров («Астана»), Сұлтанбек Астанов («Ордабасы»), Роман Асранқұлов («Тобыл»), Лев Скворцов («Шинник», Ресей), Асхат Балтабеков («Жетісу»), Ұлар Жақсыбаев («Қызылжар»), Әділбек Жұмаханов («Атырау»);
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен («Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Аслан Дарабаев («Елімай»), Бактиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Ислам Чесноков («Тобыл»), Андрей Ульшин («Қайрат»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Айбар Жақсылықов («Кайсар»), Жан-Али Пайруз («Елімай»), Артур Шушеначев («Сочи», Ресей).
Қазақстан 10 қазанда Линц қаласының (Австрия) «Райффайзен Арена» стадионында Австрия құрамасымен кездеседі. Басталу уақыты — 23.45.
Ал үш күннен соң Алматыда Словения құрамасымен ойнайтын боламыз. Басталу уақыты — 18.00.
Е.АХАТҰЛЫ.