«Тобыл» қайтадан тоқтатты
Премьер-Лига
«Тобыл»-«Ақтөбе» — 3:0
20-21 қыркүйек күндері Премьер-Лиганың 21-тур ойындары өтті.
«Қайрат» «Қайсарды» 86-минутта соққан жалғыз голдың арқасында жеңді. «Шахтер» өз алаңында «Елімайдан» ұтылып қалды. «Елімай» турнир кестесінің басына шықты. «Тобыл» «Ақтөбені» ірі есеппен ұтса, «Астана» Шымкентте «Ордабасы» командасынан басым түсті, қонақтар осымен қатарынан бесінші рет жеңіске жетті.
Ал чемпиондыққа таласы жоқтарға келсек, «Жеңіспен» кездесу барысында 90+1 минутта пенальтиден соққан голдың арқасында «Атырау» жеңіске ие болды. Өз алаңында «Тұран» «Қызылжарды» ұтты.
* * *
Ақтөбелік 12 400 көрермен биылғы жылғы 30 маусымда, бірінші айналым барысында өзіміздің стадионда «Ақтөбе» мен «Тобылдың» кездесуі қалай өткенін ұмыта қоймаған шығар. Бірінші таймда қостанайлықтар қақпамызға әй-шәй жоқ 3 гол тоғытып жіберді (Чесноков, Эль-Массауди, Иванович). Біздің жігіттеріміз тек екінші таймда ғана ес жинағандай болды. Онда да пенальтиден Әлібек Қасым мен Дорни Ромеро екі доп соққан соң ғана «уһ» деп демалғандай болдық, бірақ демалып та жарытпадық. Чесноков және бір гол соқты да соңғы минуттарда Ромероның өткізген добы пайдаға аспай қалды. Сөйтіп, оған дейін чемпионаттағы төрт кездесуді тең аяқтаған жерлес командамыз ең болмаса бұл жолы да тең ойынға ие болар ма екен деген үмітіміз көзден бұлбұл ұшты.
«Ақтөбенің» «Тобылмен» кездесулері ылғи да осындай талас-тартыспен өтеді. 2023 жылғы чемпионатта Қостанайда да, Ақтөбеде де тең ойнадық, 2022 жылы өз алаңымызда ұтқанмен, Қостанайда жеңіліп қалдық. 2021 жылы өз алаңымызда тең ойнадық та, Қостанайда тағы да ұтылдық. Ал 2020 жылы «Ақтөбе» Бірінші лигада ойнап жүрген болатын. Қысқасы, жиырмасыншы ғасырдың мынау жиырмасыншы жылдары бойы «Тобылға» толық үстемдік жасай алмай келеміз.
Өткен жексенбіде Қостанайда болған кездесу солардың заңды жалғасы еді. Жанкүйер қауым бұл жолы да өте тартысты ойын болатынын алдын ала болжады да. Өйткені екі команда да алтын медальдан дәмелілердің қатарында еді. Рас, «Ақтөбе» ойыншыларының шеберлігі қостанайлықтардан, қалай болған күнде де, дәп қазір жоғары екені мойындалып тұрған.
Қазақстанның белгілі спорт маманы Болат Есмағамбетов осы ойынның алдында берген сұхбатында: «Тобыл» әуелгі уақытта чемпионат серкелерінің сапында жүрді. Көпшілік бұларды «алтынға» таласатындардың қатарына қосқан. Өкінішке қарай, олар соңғы кездері күткен нәтижені көрсете алмай жүр. «Тобыл» тұрақтылықпен мақтана алмайды. Ал «Ақтөбе» қазір турнир кестесінің жоғары жағында тұр, ойыны да қызықтылау. Бүгінгі кездесуде қонақтардың мүмкіндігі жоғарылау», — деді. Ал ұлттық құрамамыздың бұрынғы ойыншысы Евгений Аверченко да «Ақтөбенің» шеберлігі жоғарылау екенін айта отырып, «Тобылды» да есептен шығарып тастамай, ойын тең есеппен аяқталады деп болжады.
* * *
Алайда бұл жолғы болжамдар орындалмады.
Қостанайдағы кездесу әуел баста қарқынсыздау өтті. Алғашқы он минут шамасында қонақтар алаң иелерінің қақпасын нысанаға алумен болды. Одан соң қонақтар да тынышталды, алаң иелері де сабырлы қимылға көшті. Дегенмен екі команда да өзара шабуылдар ұйымдастырумен болды. Бірақ бұл шабуылдар жанкүйерлерге аса қызықты да болмады. Бір жағынан, нөсерлей жауған жаңбыр, екінші жағынан, футболшылардың қитұрқысыз әрекеттері стадион толы халықты жалықтырып та жіберген болуы керек. Әйтсе де о бастан аяспай қырқысатын бұл екі клубтың кездесуінде гол болмауы мүмкін де емес еді. Гол болды, біреу емес үш гол болды.
33-минутта ақтөбелік қорғаушылар Ислам Чесноковқа қарсы ештеңе жасай алмай қалды. Сол қанаттан допты біздің қорғаушыдан іліп әкеткен Ислам сол күйі қақпа алдына еш бөгеусіз жетті де қақпаның оң жақ үстіңгі бұрышына допты дәлдеп соқты. Игорь Шацкий қолын созып та әуре болмады, өйткені мұндай есеппен тебілген допқа бөгет жасай алмайтынын жақсы білді — 1:0.
Бұдан соң ақтөбелік жанкүйерлерге тілін тістеткен жағдай орын алды. Тайм соңына таман Уче Агбо дөрекі ойнағаны үшін бір ойында екінші рет ескерту қағазын алды да, бұл «сары қағаз» енді автоматты түрде «қызыл қағазға» айналып, футболшы алаңда тастап шықты.
Екінші таймда азшылықта қалған «Ақтөбе» аса еркінси алмады. Еркінсігені былай тұрсын, жөнді қарсылық көрсетуге де шамасы келмей жатты. 64-минутта Ахмед эль-Массауди есепті еселеді. Қақпаға шүйілген кезде тура қасында келе жатқан әріптесі Ахмедке допты оңай ысыра салды. Бейне жаттығуда жүргендей асықпай қимылдады, тағы да Шацкий дәрменсіз қалды, тағы да қорғаушыларымыздан көмек болмады — 2:0.
Анау Чесноков пен мына Массауди Ақтөбеде өткен бірінші айналымдағы кездесуде де алғашқы екі голды соққаны мәлім. Біздің қорғаушылардың, басқаларды айтпағанда, тап осы екеуін назарда ұстайтын жөні бар сияқты еді. Олай болмады.
Үшінші голды 86-минутта Руй Кошта соқты. Бұл жолы да қорғаушыларымыздың әбден абдырап қалғаны анық байқалды. Қақпа алдында жүрген Руй қапталдан Еркін Тапалов тастаған пасты еш аптықпай қабылдап, допты бірден қақпаға тоғытты — 3:0.
Сөйтіп, «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, бірінші айналымдағы жеңілістің кегін қайтарамыз деп жүргенде одан да зор абыройсыздыққа жолықтық.
Рас, «Тобыл» биыл чемпиондыққа таласпайтын шығар, дегенмен кімнің кім екенін нағыз көрсететін осы тұста ірі есеппен жеңіске жету командаға да, бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевқа да жаңаша серпін бергені сөзсіз.
Ал біз… Команданы қиын жағдайға тастап кеткен Уче Агбоға өкпеледің не, өкпелемедің не, бәрібір, одан пайда жоқ. Өкініштісі, ең жоғары орынға тура тартып келе жатқанда бұлайша сүріну ешқандай ақталуды көтермейді.
«Тобыл»-«Ақтөбе» — 3:0
Гол авторлары: Ислам Чесноков, 33-минут (1:0); Ахмед Эль-Мессауди, 65-минут (2:0); Руй Кошта, 87-минута (3:0).
Ескерту қағазын алғандар: Роман Асранқұлов, 38-минут, Цотне Мосиашвили, 51-минут, Альберт Габараев, 53-минут («Тобыл»); Уче Агбо, 26-минут, Бағдат Қайыров, 79-минут («Ақтөбе»).
44-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Уче Агбо алаңнан қуылды.
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Дмитрий Бессмертный (Леонел Струмия, 47-минут), Әлібек Қасым, Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Бағдат Қайыров, Әділхан Таңжарықов, Уче Агбо, Амаду Думбия (Дархан Бердібек, 68-минут), Жан Жайро, Фредди Гондола (Ыдырыс Умаев, 47-минут).
Бас бапкер — Игорь Леонов.
22 қыркүйек 2024 жыл. Қостанай қаласы, Орталық стадион.
* * *
Басқа кездесулер:
«Ордабасы»-«Астана» — 2:4
«Шахтер»-«Елімай» — 1:2
«Қайрат»-«Қайсар» — 1:0
«Атырау»-«Жеңіс» — 2:1
«Тұран»-«Қызылжар» — 1:0
* * *
Біздің мергендеріміз:
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;
Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;
Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,
Габи Кики, қорғаушы — 2;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,
Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;
Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;
Матео Барач, қорғаушы — 1;
Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;
Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;
Арман Кеңесов, қорғаушы — 1;
Фредди Гондола, шабуылшы — 1.
* * *
Жерлестеріміз 20 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 4 рет жеңілді. Ұпай саны — 34. Доп айырмашылығы — 32-22.
* * *
21-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:
- «Елімай» (Семей) — 37 ұпай;
- «Қайрат» (Алматы) — 35 ұпай;
- «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 34 ұпай;
- «Ордабасы» (Шымкент) — 33 ұпай;
- «Астана» (Астана) — 30 ұпай;
- «Тобыл» (Қостанай) — 27 ұпай;
- «Атырау» (Атырау) — 26 ұпай;
- «Қайсар» (Қызылорда) — 25 ұпай;
- «Жетісу» (Талдықорған) — 20 ұпай;
- «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
- «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай;
- «Жеңіс» (Астана) — 13 ұпай;
- «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай.
* * *
22-тур ойындары
3 қазан, бейсенбі
«Қызылжар» — «Ордабасы»
«Жетісу» — «Елімай»
4 қазан, жұма
«Жеңіс» — «Тобыл»
«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙРАТ»
«Атырау» — «Тұран»
«Астана» — «Шахтер»
Е.АХАТҰЛЫ.