Ақтөбенің каратэ шеберлері
Облыста каратэ спорты қарқынды дамып келеді. Шығыс спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 147 спортшы жаттығады. Жуырда осы мектептің спортшысы Дияна Серғазина Филиппин елінің астанасы Манила қаласында өткен ХХІІ Азия чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанған еді. Осы орайда түрлі додаларда облыс намысын қорғап жүрген жас спортшылардың жетістіктері туралы спорт шеберлерінен білген едік…
Каратэ — қол мен көздің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін жақсартатын, дене күшін арттыратын спорт түрі. Шығыс спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің каратэ бөлімінде 6 жаттықтырушы жұмыс істейді. Кәсіби спортшылар да бос уақытын спорт мектебінде өткізіп, жастарға жекпе-жектің тактикаларын үйретеді.
— Шығыс спорт түрлері бойынша облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебі 2022 жылы 13 қазанда құрылды. Мектепке балалар мен жасөспірімдер 7 жастан бастап қабылданып, 16 жастан бастап жарыстарға жіберіледі. Олар дзюдо, таеквондо, каратэ, кикбоксинг, у-шу, жекпе-жек, қоян-қолтық ұрыс спорт түрлері бойынша жаттығады. Қазіргі таңда мектебімізде 578 спортшы бар. Мектепке қабылданған оқушылар арнайы медициналық тексерістен өткен соң қалаған үйірмесіне тіркеле алады. Спортшылар биыл Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 3 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді. Жанель Мақат, Дина Серғазина, Азамат Берікұлы сынды мектеп оқушылары жүлделі орындардан көрінді. Щучинск қаласында өткен дүбірді додада Раушан Назарова ел мерейін асқақтатты. Сонымен қатар Қарағанды қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен «KARAGANDA OPEN 2024» халықаралық турнирінде 4 алтын, 6 күміс, 4 қола медальға ие болды. Бүгінде мектебімізде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылар Ерік Айтмағамбетов және Виктор Сычев, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары Андрей Ақтауов, Ринат Сағындықов сынды білікті мамандар еңбек етеді. Осы жаттықтырушылардың ізін Нұрқанат Әжіқанов, Нұрия Тізімбай, Дияна Серғазина, Раушан Назарова сынды шәкірттері жалғастырып келеді. Олар бүгінде көптеген халықаралық додаларда ел мерейін асқақтатып жүр, — дейді спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Тұрымбетова.
ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ:
Лариса АХМЕТОВА, дәрігер:
— Мен балалар дәрігерімен. Спорт мектебінде жаттығатын балалар мен жасөспірімдердің уақтылы тексерістен өтуіне жауаптымын. Бүгінде үйірмеге келушілер баршылық. Жекпе-жекке деген құмарлық — жауынгер қазақтың қанында бар қасиет. Шығыс спорт түрлерінің қай түрі болмасын тірек-қимыл мүшелеріне өте пайдалы. Ұдайы жаттығу иммунитетті көтереді. Жаттығу кезінде баланың бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, шыныға түседі. Сондықтан денеңіздің бұлшық еті нығайып, сымбаттылығыңыз арта түседі. Жаттығу барысында жарақат алам деп қорықпау керек. Дұрыс әдісті қолдана білген спортшы қашанда жетістікке жетеді. Өзін ғана емес, өзгені де қорғай алатын, шымыр, шыныққан, оқыған-тоқығаны мол өнегелі жас жеткіншектеріміздің қатары артса, ел намысын асқақтатар азаматтарымыз көбейері сөзсіз.
Халықаралық дәрежедегі төреші, спорт шебері Азамат Қуатбаев күнделікті уақытының көп бөлігін жаттығу залында өткізеді. Өзі жаттығып қана қоймай, жас спортшыларды халықаралық, республикалық жарыстарға даярлайды.
— Каратэ — жылдамдық пен дәлдікті қажет етеді. Каратэнің бірнеше түрі бар, олардың әрқайсысының ережелері де әртүрлі. Каратэ тек ұрып-соғуды және соққылардан қорғануды ғана емес, сонымен бірге қиындықтарға төтеп беруге де үйретеді. Жекпе-жек кезінде қарсылысқа арақашықтықта шабуылдау керек. Мәселен, тiк тұрудан екiншi жаққа ауысу, алға жылжу, шегiну, бұрылыстар —жекпе-жектегі ең қауіпті кезеңдер. Қарсылас осыны пайдаланып шабуыл жасауы мүмкін. Міне, осыны — бар білгенімді жастарға үйреткім келеді.
Бүгінде Шымкент қаласында өтетін каратэ (WKF) Шито-Рюден балалар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына іріктеу турниріне қызу дайындалып жатырмыз. Жарыс 5-9 қыркүйек аралығында «Жеңіл атлетика манежі» спорт кешенінде өтеді. Аталған жарыс жеңімпаздары Филиппинде өтетін Азия чемпионатына жолдама ала алады. Төрешілер дүниежүзілік каратэ Федерациясының қабылдаған ережесіне сәйкес кумите, ката және командалық кумите, ката бағдардамалары бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерді анықтайды. Шығыс спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі атынан жарысқа 30 шақты жас өрен қатысады, — дейді Азамат Қуатбаев.
Жас спортшылар пікірі:
Азамат БЕРІКҰЛЫ,
Екі мәрте Қазақстан чемпионы:
— Мен каратэ спортымен алты жасымнан бері шұғылданып келемін. Спортқа келу туралы ой кездейсоқ келді. Буллингтен қорғану, денсаулығымды нығайту мақсатында қорғанудың түрлерін үйреніп, қарсыласыма соққымен жауап беру үшін осы спорт түрін таңдадым. Ел біріншіліктерінде екі мәрте чемпион атандым. Ташкент қаласында өткен жарыста Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстанның мықты спортшыларымен кездесіп, қола жүлдегер атандым. Ендігі кезекте Азия чемпионатына жолдама алып, әлемдік жарыстарда топ жарығым келеді. Маған жарыс алдында үнемі қолдау көрсетіп отыратын ата-анама, бауырларыма және жаттықтырушым Азамат Қуатбаевқа ерекше алғыс білдіремін.
Жанарыс АБДОЛЛА, жас спортшы:
— Мен 2020 жылы спорт мектебіне қабылдандым. Әрине, спорт жеңіс пен жеңілістен тұрады. Менің сайыстарға қатысуымдағы басты мақсатым — денсаулығымды нығайту. «Шынықсаң, шымыр боласың», — деп бекер айтылмаған. Бала кезден-ақ мені спорт клубына тіркеген ата-анама ерекше ризашылығымды білдіремін. Каратэ спортына келген оқушы, ең алдымен, өзін-өзі басқара білуі және күш-жігерін игере білуі шарт. Бұл спорт жылдамдық пен дәлдікті қажет етеді. Жаттықтырушыларымның арқасында республикалық турнирлерде жүлделі орындар иелендім. Алдағы уақытта мектебіміздің түлегі, ел мақтанышы Нұрқанат Әжіқанов секілді мықты спортшы болғым келеді.
Айлин БЕКБОЛАТОВА, жас спортшы:
— Спорт саласында жетістікке жетуіме әкем себепші болды. Бес жасымнан бері әкеммен бірге спорт кешендеріне үзбей келіп, бірге жаттығатынмын. Бойымдағы қабілетті байқаған әкем мені каратэ үйірмесіне берді. Бүгінде Шығыс спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі комадасының сапында нәтижелі ойын көрсетіп жүрмін. Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді. Ол — қаншама маңдай тер мен еңбектің нәтижесі. Әкем Азамат Қуатбаев секілді спорт шебері атанғым келеді. Оның ішінде каратэ — ең күрделі де жауапкершілігі мол спорт түрі. Мықты спортшы болуым үшін шабуыл мен қорғанысты, әдіс-амалдарды қолдана білуді шебер меңгеруім қажет. Нәтижелі ойын көрсету үшін тынбай жаттығып жатырмын. Батыс Қазақстан облысының Ақсай, Орал қалаларында өткен жарыстарда жеңімпаз атанғанмын. Каратэден бөлек, жүзу спортын үйренгім келеді. Жүзу спорты шаршағаныңды басып қана қоймай, бойыңды сергітеді. Сондықтан жастарды бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға шақырамын.
Оның айтуынша, жылдан-жылға каратэ спортына қызығушылық танытып, үйірмеге келушілер айтарлықтай көбейген. Жаттықтырушы спорт мектебіне келушілерге, ең алдымен, каратэнің негіздері үйретілетіндігін айтады.
— Мектепке келушілерге, ең алдымен, каратэнің бастапқы деңгейі теория жүзінде үйретіледі. Кейіннен дене қыздыру жаттығуларын орындап, күнделікті жаттығу қарқынын үдетіп отырамыз. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай аптасына 3-5 рет жаттығады. Бүгінде Қазақстан чемпионатында ел намысын қорғайтын спортшыларымыз күнделікті екі мезгіл уақытын жаттығу залында өткізіп жүр. Әліби Ахметов, Әмір Жантілеуов сынды шәкірттерім ел біріншіліктерінде жүлделі орындардан көрініп келеді. Ал Әли Бекетов пен Азамат Берікұлы секілді мектебіміздің мақтаныштары Ташкентте өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Жалпы каратэ спорты бұлшық еттерді нығайтуға, төзімділік пен күшті дамытуға, жүрек пен тыныс алу жүйесін жақсартуға септігін тигізеді. Каратэ сабақтары жалаң аяқ өткізіледі. Бұл —денені қатайтудың тиімді әдісі. Каратэшілер ең алдымен жекпе-жек кезінде соққыларды таңдауға және жылдам әрекет етуге үйренеді. Жаттығудың тактикалық бөлігі өте маңызды, өйткені ұрыс стилі соған байланысты туындайды. Оқушылар басты айла-әдісті үйрену үшін екі ай уақыт беріледі. Бұл уақытта оларды толық үйретіп шығу мүмкін емес. Оқушылар күнбе-күн жаттығу жасап тұруы керек және барлық ынта-ықылыстарын жаттығуға жұмсауы керек. Егер жаттығу дұрыс жасалмаса, онда көздеген мақсатқа жету қиындайды. Каратэ сабақтарын оқушы бастапқы кезде қалай түсінсе, ары қарай іс жүзінде де солай орындайды, — дейді жаттықтырушы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.