Шегірткеден қорыққан егін екпес
Күләш ДЕРБІСАЛИНА,
кәсіпкер.
Ырғыз ауданы.
Ел Президенті биылғы Жолдауында ертеңіміз үшін аса қажетті мәселені көтерді. Еріксіз таңған жоқ, халықтың еркіне салып отыр. АЭС салу заман талабынан туындап отырғанын көзі қарақты ағайын айқын аңғарды. Әрине, ешқашан да жаңа идеяның жолы жеңіл болмаған.
Президент те бұл жайтты жүз ойланып, мың толғанып, ғылыми негіздерге сүйеніп айтып отырғаны сөзсіз. Батыл бастаманы басым көпшілік түсініп отыр. Дегенмен «бүйректен сирақ шығарып» мәселені сан-саққа жүгіртушілер де аз емес. Халқымыз «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді мұндайда. Қауіпті екен деп ертеңгі күнді ойламай қам-қарекетсіз отыра берсек, біз үшін жақсы дүниені кім жасап бермек?! «Үш күнін ойламаған ерден без, үш жылын ойламаған елден без» деген ата-бабамыздың пайымының тереңдігіне бойласақ етті.
Қазір әлем елдері жанталасып, үш жылын емес, елу-жүз жылын ойластырып жатыр. Жасанды интеллект «жапырағын» жайып, жұрт жерді қойып өзге ғаламшарды игерудің жолын іздеуде. Жыл санап емес, күн санап дамып, өзгеріп жатқан дүниенің қарқынына көз ілеспейді. Ал біз осындай атом ғасырында көлеңкемізден қорқып, тезек жағып жылынып жүре береміз бе?!
Әрине, тәуекелдер де жоқ емес, тәуекел кез келген істе болады. «Тәуекел деп тас жұт» деген халқымыз. Ендеше, батыл шешім қабылдап, тәуекелге бел буайық!
Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, айналасына ұйыса білсек, ел дамуына қосқан үлесіміз сол болғаны.