АЭС

АЭС — таза энергия көзі

Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты

Атом электр стансасы құрылысы бойынша өткен референдум еліміз үшін өте маңызды оқиға болды. Бұл энергетикалық саланы дамыту үшін маңызды шешім деп есептеймін. Қазақстандағы энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуы елдің экономикалық өсіміне оң әсер етеді. Дауыс берушілердің жартысынан астамының референдумға қатысуы халқымыздың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Экологтар мен сарапшылар, ғалымдар арасында түрлі пікір болғанымен, халықтың белсенділігі демократияның маңызды көрсеткіші екенін дәлелдеді.
Бүгін орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы шықты. Дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады. Біз референдумның алдында арнайы штаб құрып, халыққа атом электр стансасын салуға байланысты ақпарат беруге тырыстық. Технолог мамандармен кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
АЭС салу энергия тапшылығының алдын алады деп есептеймін. Қазірдің өзінде елімізде электр қуатына сұраныс артып, энергия тапшылығы байқала бастады. Осыған байланысты мамандар дабыл қағып, АЭС салу туралы бастаманы қолдап жатыр. Қазіргі уақытта жел мен күн сынды баламалы энергия көздерін пайдалану — жоғары дәрежеде деп айту қиындау. Себебі мамандардың есебі бойынша елімізде жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі бір пайыз екен. Атом электр стансасын салу көп уақыт пен қаражатты талап етеді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елімізде де «таза энергия» көзін өндіретін АЭС салынады деген үміттемін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button