Дамыған мемлекеттердің ізімен…
Асылхан МАДАЙҰЛЫ,
инженер.
Жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы Үкімет «елімізде атом электр стансасын салу қажет пе, жоқ па?» деген сұрақты ортаға салды. Бұл — тәуелсіз Қазақстанның тарихында осындай мәселе бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған саяси іс-шара. Референдум — халықтың сенімін арттыруға және АЭС салу туралы шешімнің әділ әрі ашық қабылдануын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін демократиялық тетік. Әр азаматтың пікірі маңызды, сол себепті әр дауыс елдің болашағына ықпал ететін шешімге әсер ете алатынын түсінуі керек. Сондықтан тарихи оқиғадан өзін осы елдің тұрғынымын деп санайтын азамат тысқары қалмай, өз парызын орындады деп ойлаймын.
Демалыс күні таңертеңнен бастап теледидар, әлеуметтік желілер арқылы халықтың саяси науқанға белсенділігі жоғары екенін байқадым. Мен де Ақтөбе қаласындағы №13 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым.
Референдум өтіп кеткесін айта беруге болатын шығар, инженер ретінде мен АЭС салуды қолдаймын. Бұл — өте керек нәрсе. Неге десеңіз, әлем елдері осындай стансаның салынуын қолдап, іске асырып жатыр. Әрі уран өзімізде өндіріледі. Бірақ қауіпсіздік жайын мықтап ескеру қажет. Қазір заман дамыған, кез келген қатердің алдын алуға болады деп ойлаймын. Тек мұнымен кәсіби мамандар айналысса болғаны.
Жылма-жыл электр энергиясына деген сұраныс артып келе жатыр. Кішкентай баладан жасамысқа дейін телефонның «құлағында ойнайды». Ал бұл электр қуатымен жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. Бұл — бір ғана мысал. Сондықтан энергетикалық тәуелсіздікке жету үшін АЭС салу біз үшін өте қажет. Әрі біздің елдің электр энергиясын сырттан алатын ескерсек, бұның керектігі даусыз.
Ақтөбе қаласы.