Ел бірлігі — ең басты құндылық
Амантай САДИЕВ,
облыстың бас имамы:
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел өркендеуінің басты алғышарты бірлік екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі түбегейлі өзгерістер жағдайында алдымызда ауқымды жұмыстар тұрғанын айта келіп: «Біз қиындықтарға мойымай, барлық мәселені біртіндеп, байыппен шешуіміз керек. Мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, қазіргі бұлыңғыр замандағы еліміздің тағдырына да тікелей әсер етеді. Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз — айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет», — деп атап көрсетті.
Расында, халықтың бірлігі ғана ел өркендеуінің берік негізі бола алады. Бірлік бар жерде, тыныш, бейбіт өмір бар. Ал бейбіт өмір — бақ-берекенің бастауы. Дана халқымыз: «Байлық байлық емес, бірлік — байлық» — деп бекер айтпаса керек. Тыныштықты бұзбау, бөлінбеу, бейбіт елге бүлікшілік әкелмеу, халық арасына іріткі салмау — қасиетті Құранда да жиі айтылатын Алла тағала бұйрық еткен іс. Бұрынғы бабаларымыз да осы жолды ұстанған.
Президент атап көрсеткендей, «Біз берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз». Лайым алда да солай бола бергей дейміз.