184, 9 миллион теңге бюджетке қайтарылды
Брифинг
Биылғы көктемгі су тасқыны облыс жұртшылығын әбігерге салды. Біраз отбасы баспанасыз қалды. Осыған байланысты мәдениет саласы бойынша жоспарланған бірқатар шараларды өткізуден бас тартуға тура келіп, оларға бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды.
Қайтарылған қаржы көлемі 184, 9 миллион теңгеден асады.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиын мәдениет саласы бойынша өткен 8 айдың ішінде істелген жұмыстардың қорытындыларына арналып, осы тақырыпта облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова баяндама жасады.
Көктемгі су тасқыны кезінде облыста 4 мәдениет мекемесінің ғимараты зардап шеккен. Бұлар — Ырғыз ауданындағы Нұра ауылының клубы (ауыл кітапханасы да осы ғимаратта орналасқан), Ойыл ауданындағы Екпетал ауылдық кітапханасы мен Қаратал ауылындағы клуб пен кітапхана ғимараттары. Бүгінде Нұра ауылы көшірілетін Сарыоба мен Қаратал ауылында жаңа мәдениет ошақтары ғимаратының құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін қаражат бөлінген. Ал Екпетал ауылы Ойыл ауданының орталығына көшірілгендіктен, мұндағы кітапхананың штат бірлігі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне ауыстырылды.
Қазір облыс бойынша осы сала қызметкерлерінің саны 3,3 мыңнан асады, оның ішінде шығармашылық құрамда 1469 адам бар. Өткен 8 ай ішінде облыста мәдениет қызметкерлерінің күшімен 19,8 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған.
Тахауи Ахтанов атындағы облыстық театрдың репертуары жыл басынан бері 5 жаңа қойылыммен толыққан. Оның ішінде М.Әуезовтің «Қобыланды» дастан-драмасы да бар. Ал облыстағы музейлер қоры 2678 жаңа жәдігермен толығыпты.
Өңірімізде қазір 234 кітапхана жұмыс істеп тұр, оның 180-і — ауылдық жерлерде. Кітап сатып алуға биыл облыстық бюджеттен 13 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде креативті индустрияны дамыту қолға алынды. Осыған орай облыс орталығындағы Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының базасында креативті орталық, Сақтаған Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында MakerSpace шығармашылық кеңістігі жұмыс істеп тұр. Бұл креативті кеңістіктер әсіресе жастар арасында қызығушылық тудырып, бүгінде кітапханаларға келушілердің саны 14,1 пайызға артты, — дейді Алтынай Юнисова.
Сондай-ақ облыста тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру, архив құжаттарын цифрландыру, аудандардағы мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды. Соңынан басқарма басшысы журналистердің сауалдарына жауап берді.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.