Тарих

«Келер таңның шолпаны»

Профессор Құдайберген Жұбанов 1934 жылы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың қайтыс болуына 30 жыл толуына байланысты «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деген мақала жариялады.

Сол кездегі Абай шығармашылығын бағалау төңірегіндегі айтыс-таластар мен көзқарастарды еске алсақ, бір алуан пікір иелері Абайды туындыларымен қоса бұрынғы үстем тапқа телісе, енді бір алуаны Абайдың әдеби мұрасын халыққа тән мұра деп бағалағаны, ал тағы бір топ оған әрі-сәрі қарағаны мәлім. Дәл осы кезде қазақтың халық әдебиеті мен Абайдың оған көзқарасы қандай болғандығын, ақынның одан қандай нәр алғанын, Абайдың шығыс әдебиетіне қатысын, оның несіне назар аударып, несінен безінгенін, орыс әдебиетінен қандай үлгі-өнеге алғанын тарихи жағынан толық сипаттап, ғылыми жолмен дәлелдеген, оның (Абайдың) тарихи қызметін ең алғаш рет дұрыс бағалаған профессор Қ.Жұбанов болды деуге негіз бар. А.Ысқақов ескерткендей, ол кезде «Абай — күшті ақын», «жақсы ақын» дегенді біраз адам айтқан, бірақ олар Қ.Жұбановтай Абай күшті болса неліктен, несімен күшті, жақсы болса — неліктен және несімен жақсы деген пікірді тарихи дәлел, нақтылы айғақ келтіріп, ғылыми жолмен тыңғылықты етіп көрсеткен жоқ еді. Абайтану саласында қалам тербеген, атсалысқан зерттеушілер тұрпайы социологиялық пайымдауларға бой алдырмай кете алмады. Бүкіл қоғамды, соның ішінде әдебиет зерттеушілерін деуысынан шығармай ұстаған заманда абайтану саласында кеңірек етек алған көзқарастардан құлан-таза болу мейлінше қиын еді. Сөйте тұрса да зерттеушілік ойға сәуле шашқан бірегей еңбектер де сол тұста жарық көріп үлгерді. Бұл реттеакадемик, жазушы М.Әуезов пен профессор Қ.Жұбановтың қаламынан туған ғылыми мақалаларды атауға тиіспіз. «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы Абайға бағышталған арнаулы санында (№11-12) жарияланған көптеген мақала, зерттеулердің ішінен М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» және Қ.Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деп аталатын екі еңбек зерттеушілік сипатының тереңдігімен ерекшеленді. Қ.Жұбановтың Абай жөніндегі зерттеу еңбегі автордың көптеген ой-толғаныстары мен іргелі де терең ғылыми танымының көбінесе тезистік тұрғыдан берілген ерекшелігін танытады. Еңбекте көбінесе тезистік желі беріліп, айтылған әрі алға қойылған зерттеулік ой-нысаналарының қабаттары сыр бүгіп жатса да, олардың беймағлұм қатпарларын жазып, ішкі сырларын ашуды ғалым абайтану саласында жазылар монография зерттеуіне қалдырғандай көрінеді.

«Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты еңбек тек ғылыми тереңдігімен ғана емес, тілінің құнарлы, шұрайлы, көкейге қонымды, әсерлілігімен де оқырманды баурап алады. Ол Абай турасындағы еңбегін салған жерден бояуы қанық, құлаққа жатықестілетін сөз образдарымен бастайды. Бір үзінді келтірейік: «…тозған мұсылман күншығысының мәдени қалыбын бұзып, көнерген халық даналығының тар аумағынан шығып, әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде жеріне қарай жетелеген ақын-жазушы ол кезде, Орта Азия былай тұрсын, — Ресей күншығысы ғана емес, мемлекеттіел Түркияда да кем болған. Онда да «бармақ өлшеулі» өлең «қаба діл» «қара халық» белгісі

болып, «нәфис әдебиетте» араб, парсы «ғарузының» «қаңсығы таңсық» көрінетін-ді». «Бармақ өлшеулі» деп түріктер буын негізді метриканы айтады.

«Қаба діл — тұрпайы тіл», «нәфис әдебиет — көркем әдебиет», «ғаруз» — араб-парсының өлең өлшеу жүйесі дауысты дыбыстардың ұзыны мен қысқасының кезектесуіне сүйенген болады. Абайдың 1858 жылдарда жазған

«юзі раушан, көзі гауһар, лафилдек бет үші әһмәр…» дейтін өлеңі осыжүйемен жазылған.

Қ.Жұбанов осылайша әрбір айтатын ойын бейнелі, перделі сөздермен көмкеріп, оқырманға негізгі ойды әсерлі сурет арқылы жеткізеді. Мәселен, ол татар ағартушысы Чиһабутдин Мәржани туралы түсінік бергенде сөйлемді былайша кұрады: «Мәржани — шіріген ислам іргесін ақыл кездемесімен жамамақ болған схоластикаға қарсы шығып, елді ақылға бағындырып, мектепке дейін ғылым мен орыс тілін енгізу қамында өткен, өзінше «Қазанның Лютері» еді. Дін жөнінде Абайдың ұстаған жолы да осы жол болатын».

Тағы бір ретте Қ.Жұбанов Абайға баға беруде Энгельстің М.Лютерге берген бағасы ескерілмей жүргенінкөрсетеді. Энгельс ренессанстың тарихи ірі мәнін айта келіп, ол дәуірдің ірі адамдарды керек қылғанын, сол дәуір тудырған титандардың бірі Мартин Лютер екенін еске алады. Сол Лютердің Энгельс көрсеткен еңбегі, жоғарыда айтқандай, дін реформасын жасау үстіне, дін жайында жазған кітаптарын неміс тілімен жазғандығы, жаңа шіркеу музыкасын жазып, оған жаңа түрлі дұғалар шығарып беруі болатын. Міне, осы Лютерді Абаймен салыстырғанда профессор Қ.Жұбанов Абайдың нағыз қазақи пішінін сипаттайды. Онда былай делінген: «бір елдің әдебиет тілін жасауда мұндай еңбек сіңірген адамды біз Энгельсше бағалай білетін болсақ, XIX ғасырда қазақ ауылында жасаған, сеңсен тон, шидем күпі киіп, Шыңғысты жайлаған Абайдан пролетариат төңкерісіне басшы болуды немесе «Капиталдың» авторы болуды талап етуіміз орынсыз…».

Қ.Жұбанов Абай тұлғасын: «Абай — жағдайының жағдайсыздығы тудырған, басып тұрған қараңғылық ішінен келер таңның шолпаны болып елестеп, тұнып тұрған тымырсықта келер дауылдың дауылпазы болып күңіренген адам. Бұл өз ортасының Дантесі сияқты. Бірақ, Данте — ескінің соңы, жаңаның алды еді. Орта дәуір мен ояну дәуірінің аралығындағы көпір еді. Ал Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар, ол соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты» — деп сомдады. Осы шағын сипаттамада қаншама теңеу, қаншама ұлғайған метафора, қаншама философиялық ой-толғам жатқанын ескерер болсақ, ғалымның қаламының желі барына, білімді сөз өнерімен ұштастыру шеберлігіне ешқандай күмән қалмайтыны хақ. Ғалым қолданған қазақ тілінің этнографизмдерінің өзі де оның публицистикалық тілінің кұнарлылығына айғақ болғандай. Бұл орайда оның қаламына ілінген этнологиялық қолданыстарды атап өтер болсақ, профессор Қ.Жұбановтың қазақ тілінің сөз байлығын молынан игергенін көреміз. Ол былай дейді: «Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өйткені Абайдың алдында да әдебиет болды. Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын. Бірі — емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «Әлди, әлди, ақ бөпем», атаның «Сал-сал білек, сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті. Екіншісі — қажылы ауыл, молдалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөлек таныс ескі Орта Азия үлгісі — шағатай әдебиеті».Осындағы әдебиеттің салаларын түлікке теңеп тану процесі мал баққан қазақ ұғымына жат емес. Төрт түлікті білетін қазақ оқырманы Абайдыңеншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын дегенде әңгіменің ғылымдық жағын, яғни теориялық пайымдауларды тосырқамай бірден қабылдайды.

Абай өлеңдерін шағатай үлгісімен салыстырғанда, ғалым сөйлемге айрықша реңк, екпін беру үшін оны риторикалық сипатта, сұрау түрінде құрады да, оған өзі жауап беріп отырады: «Шағатай әдебиетінің алдымен көзге түсер ерекшелігі — мистицизм, диуаналық лирика. Онда бастан-аяқ өртенген ғашықтықтан басқа нәрсе болып жарымайды. Оның ғашықтығының түрі де бөлек, объектісі кім екені белгісіз: Құдай ма? әйел ме? тіпті еркек пе? Ғашықтығы жыныссыз ғашықтық.

Кәне, Абайда бұл бар ма? Ұшқыны да жоқ», —деп түйеді автор.Сондай-ақ:«Дүние азабының тізесі батып, көресіні көре-көре «құдай салдыға көнген, өлім мен тіршіліктің жігін жоғалтқан, қарсыласар дәрмен көксемей, тағдырдың лағынет қамытына мойнын өзі сұққан көнбістілік, құлдық идеалы — міне, иран-шағатай әдебиет мистицизмі салған жол — осы. Абай бұдан аулақ. Бұл — қолмен болмаса да, оймен бостандық іздеп, «көппен көрген ұлы тойды» бұзбақ болған адам. Тағдыр қамытынан қалай босанудың жолын, әдісін рас, таба алмаған. Бірақ бұлқынбады деу зорлық», — деп түйіндейді.

Абайдың пікір бағыты, әдеби нысанасы сопышылдық жолынан аулақ екенін айтқанда, ол осы аулақтықтың Абай өлеңінің поэтикалық техникасына да тән екеніне тоқталады: «Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны шалағайлыққа жібермеген. Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ оның ойы да — сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады». Қ.Жұбановтың осы біз келтірген ой түйініне тиісінше мән берген Ә.Дербісалин: «Қ.Жұбановтың 30-жылдардың бас кезінде Абай поэзиясының көркемдігі жөніндегі өзіндік ойлары өзінше мәнді, өзінше бағалы. Өйткені олар — Абайды тереңдей тану кезінде емес, Абай бізге қажет пе, жоқ па, қажет болса нендей қасиеттерімен қажет деген тұста, Абайды жаңадан «ашу» тұсында айтылған алғашқы ізгі лебіздер», — деген еді. Қ.Жұбановтың Абай туралы еңбегінен алған үзіндіде ғалым ой мен сезімнің, түр мен мазмұнның бірлігін диалектикалық байланыста түсіндіреді.

Ал енді шағатай әдебиетіне тән жалаң түр қуушылық машықты ақындық өнердің сорлылығы деп білген Қ.Жұбанов Абайдың да сол батпақты белшесінен кешіп барып, ұшығына шығып қайтқанын пайымдаудың квинтэссенциясы ретінде жеткізеді. Мысалы: «Ескі күншығыс ақынының әріп бейнесін дөп қолдануы өмірден қашықтап, қаламы мен әрпіне ғана қарап тізесін құшақтап қалған касталық жағдайын көрсетеді. Абай осы белеске шейін өрмелеп барып, шағатай жолының сорлылық ұшына шығып болып, одан безген сықылды», — дейді.

Қ.Жұбанов халықтың қанатты сөздерін орнын тауып,шебер кәдеге жаратып отырды. Мәселен, Абайдың ақындық өнерінің қалыптасуын сөз еткенде, оның алғашқы нәр алған бұлағы халық әдебиеті екенін түсіндіру үшін: «Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі — халық әдебиеті» — дейді. Ал ақын Абайдың бастапқы өнер қуған сәтін түсіндіру үшін: «Он жасынан бастап жұмсаған сөз қаруы осы қалыпқа соғылған» деген сөз орамын қолданады. «Қалыпқа соғылу» — нақты халықтық қолданыс. Қалып — әр алуан шеберлердің қолданған құралы. Оны етікші де, кірпіш құюшы да, темір ұсталары да ұстап, тұтынады. Осылайша Абайдың алғашқы өлеңдерінің үлгісін халық поэзиясынан шыққан деп нақтылайды.

Ғалым Абайға дейінгі халық әдебиетін енжар, бойкүйез заманның ұйқылы-ояу, өлі мен тірінің арасындағы поэзиясы деп қарастырып, Абайдың арқасында XIX ғасырда сол әдебиет «азалы ақ көрпесін сілкіп тастап», Еуропа үлгісіндегі классикалық әдебиет дөңіне көтерілді, соның өзінде де ол қазақ әдебиеті болуын жойған жоқ дейді.

Ауызекі үлгідегі халық поэзиясының классикалық жазба әдебиет дөңіне жетуі Қ.Жұбановтың пайымдауынша, «жансыз дүниенің қайта тірілуі» тәрізді.

Абайдың өлеңіндегі мынадай жолдарға назар аударыңыз:

«Жұрттың бәрі сөз сатқан;

Сатып алып не керек.

Екі сөзді Тәңірі атқан,

Шыр айналған дөңгелек».

«Өмірдің арба дөңгелегінше айналуы»деген ұғым көптеген халықта бар. Алайда бұл айналыс ілгері дамуды, прогресті білдірмейді, өзінің басқан ізін қайта басужалғаса береді. Философиялық пайымдау бойынша, егер айналыс спираль тәрізді болса онда дөңгелек ескі сүрлеуге қайта баспайды, жоғары өрлейді. Профессор Жұбанов өз еңбегінде: «Өткен өмір арбасының дөңгелегімен қоса айналып дөңгеленген ескі тозған үлгісін тастап, Абай «тіл ұстартып, өнер шашпақ болады», — дейді. Ол Абайдың образ жасауда қандай тәсілдерге бой ұратындығын таныту үшін шоғырланған тіркесімдерді пайдаланады. Мысалы,«Жаңалық желісінің шет бұршағы» тіркесін алыңыз. Мұндағы желі —қазақтың құлын байлау үшін тартқан кергі арқаны. Осы желінің ұзына бойына әрбір құлынды жеке-жеке байлайтын ілмек жіптер тағылады. Қазақта оны «бұршақ» деп атайды. Шет бұршақ — сол желінің ең шеткі ілмегі. Профессор Қ.Жұбанов «жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты» дегенде Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы, шеткі бұршақтан сүйреп тартып тұрған поэзияның құлыншағы деген мағынада қолданған.

 Мұхтар МИРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button