Қоғам қайраткеріне құрмет
Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға арналған ескерткіш тақта 12-шағын ауданы, №21 үйдің қабырғасына орнатылды.
Ескерткіш тақтаның ашылуына арналған жиынғаоблыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, ішкі саясат және мәдениет басқармасының өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы — ректор Лаура Қарабасова және университет ғалымдары, ақсақалдар,отбасыжәне шәкірттері қатысты.
Жиналғандар елдің мәдениеті мен ғылымының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер Амангелді Айталыны еске алып, сөз сөйледі. Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан ғалым еңбектерінің зерттелуіне және дәріптелуіне өңір әкімдігінің әрдайым қолдау білдіретіндігін жеткізді.
— Осыдан 3-4 жыл бұрын Амангелді Әбдірахманұлы Түйетөбенің басында сөйлеген сөзінде: «Жалпы, азаматты еске алу— тек жылап-сықтау емес, оның елге деген махаббатын, сіңірген еңбегін дәріптеу, бағалау», — деп атап өткен еді. Бұл ескерткіш тақта ұрпаққа Амангелді Айталыны еске алуға, ұмытпауға себепкер болады деп ойлаймын, — деді Жолдас Батырхан. Сондай-ақ ол осы іс-шараға атсалысқан ел азаматтарына алғысын білдірді.
Одан соң тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев Амангелді Әбдірахманұлымен 1970 жылдары оқытушылық қызметке бірге келгенін, ғылыми ізденістерде қатар жүргенін әңгімеледі.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов:
— Мен Амангелді ағаның шәкіртімін, туған інісіндей, баласындай болдым. Лекциялары ерекше қызықты өтетін. Кабинетке кіріп келгенде кескіні суық көрінетін. Араласқан кезде ағаның көңілі баладай екенін көрдік. Тау тұлғалы азамат баламен балаша, үлкенмен үлкенше сөйлесетін. Кейін отбасымызбен араластық. Туған інісіндей, тіпті баласындай болдым. Балаларым мен немерелерімнің әр қадамына баға беріп отыратын, — деп еске алды.
Амангелді Әбдірахманұлымен бірге өмір сүріп, ұрпағының бойына парасаты мен даналығын сіңіре білген Гүлжан Битөре ғалымды еске алуға жиналған ақтөбеліктерге отбасының атынан ризашылығын білдірді.
— Жүрегі қазақ деп соғатын. «Мен қазақ болып тудым, қазақ болып кетемін» дейтін. Көптеген еңбектерін жазды. Бірнеше жыл бойы университетте дәріс берді.
Қызметінің соңғы жылдарында дінтану сабағынан дәріс оқыды. Үйге келгенде студенттердің сабақ кезінде сұрақтарын ашық қоя алмайтынын, олардың сауалдарын жазбаша жинап алып, жауап беретінін айтатын. Ол студенттерінің қызығушылығын жоғары бағалайтын еді. Жастар өте ақылды, көп білгісі келеді, тіпті кейде бізден де асып түседі деп айтып отыратын. Бұйырса, қаңтардың аяғында «Дінтану: сұрақ-жауап» оқу құралы жарыққа шығып қалар. Мұнда жастардың көкейіндегі сауалдар мен оларға берілген жауаптар жинақталатын болады, — деді Гүлжан Сүйінбайқызы.
Ескерткіш тақтаныфилософия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан мен Амангелді Әбдірахманұлының немересі Ақсұңқар ашты.Ескерткіш тақтада: «Бұл үйде 2010-2022 жж. ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, 1999-2008 жж. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Амангелді Әбдірахманұлы Айталы тұрды» деген жазу бар.
Жиналғандар гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.
Жиын соңында Амангелді Айталының ұлымен сөйлестік.
— Әкем үш баласын да жоғары оқу орындарында оқытты. Өте еңбекқор болатын, көп жұмыс істейтін. Үнемі үстел үстінде жазу жазып не кітап оқып отыратын болғасын ба, есімде солай қалыпты. Әкем қонақжай еді, достары көп болды. Бала кезімізде жазда Астрахандағы ата-әжелеріміз бен әкеміздің ағасына, шешеміздің әпкелеріне қонаққа баратын едік, — деп еске алды Айбар Амангелдіұлы.
Айбар Амангелдіұлы өзінің 1987 жылдан бері IT саласында жұмыс істейтінін айтты. Ал Жанар Амангелдіқызы— маркетолог, Алматыда ірі компанияда жұмыс істейді. Айдар Амангелдіұлы— полковник, Қорғаныс министрлігінде қызмет етеді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының 6 айынан бастап бауырына басқан немересі Ақсұңқар бүгінде Түркияда оқиды.
— Атам маған «Профессордың немересі болсаң да, басқа адамдардан өзіңді артық санама, жұмыстан қашпа», — дейтін. Ол қарапайым адам болды. Отбасының қасында, ұрпағының ортасында ғылыммен айналысып, бақытты өмір сүрді деп ойлаймын. Атамның еңбектерін енді ғана оқып жүрмін, — деді Ақсұңқар.
Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессорАмангелді Әбдірахманұлы 1939 жылы 10 қыркүйекте Астрахан облысы Володар ауданы Болдырево ауылында дүниеге келген.
1959-1964 жылдары Атырау мемлекеттік педагогикалық институтын, 1964-1967 жылдары бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік институтының аспирантурасын тәмамдаған. Еңбек жолын 1959 жылы Астрахан губерниясы Марфин ауданы (қазіргі Володар)
Қызылтаң ауылының мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ұзақ жыл қызмет атқарды. 1999-2007 жылдары екі мәрте Парламент Мәжілісінің депутаты, 2007-2010 жылдары Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, 2010 жылдан Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдылық әлеуметтік мәселелерін зерттеу» орталығының жетекшісі қызметін атқарды.
Профессор Амангелді Айталы «Құрмет белгісі» (1986), «Парасат» (2001), III дәрежелі «Барыс» (2015), II дәрежелі «Барыс» (2021) ордендерімен, «Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» медальдарымен марапатталған. Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.