Ақтөбеде студенттерге барлық қолайлы жағдай жасалған
Ақтөбе облысында Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған жоғары оқу орны студенттерін әлеуметтік қолдау бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді.
Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан кеңінен айтып берді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда студент жастарды жан-жақты қолдау шаралары қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, биылғы қыркүйек айынан бастап Ақтөбе облысында 4 жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясы көтеріледі. Бүгінде бұл оқу орындарында жалпы саны 24 мыңнан астам студент бар, — деді Жолдас Батырхан.
Оның айтуынша, 24 мың студенттің 7822-сі — мемлекеттік грант иелері. Атап айтсақ, олардың ішінде 7224-і — бакалавриатта, 418-і — магистратурада, 115-і докторантурада оқиды.
— Сондай-ақ Ақтөбе облысында студент жастарды жатақханамен қамту жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл орайда өңірімізде ешқандай мәселе жоқ. Тіпті бірқатар жатақханаларда бос орындар бар. Бұл — облыста жастар жатақханамен толық қамтылды деген сөз, — дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.
Бүгінде Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарының жатақханаларында 1475 орын бос тұр.
Ал жалпы 4 жоғары оқу орнында 4869 орындық 11 жатақхана бар. Оларда 3394 студент тұрып жатыр. Барлық жатақханада жастарға қолайлы жағдай жасалған, олардың білім алып, демалуына мүмкіндік мол.
Данагүл ҚАЗИХАН.