Денсаулық

Барынша абай болыңыз

Брифинг

Облыстық ЖИТС орталығы өткен жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Өткен жылы облыста АИТВ жұқпасы бойынша 72 дерек тіркелді.

Облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспированың айтуынша, науқастардың 90 пайызы вирусқа қарсы антиретровирустық терапия алып жатыр.

— Өткен жылы жұқпаның алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып,  профилактикалық жұмыстар атқарылды. Былтыр  облыста 244 мыңнан астам сынама тапсырылып, халықтың негізгі топтары мен жастар үшін 6 мыңнан астам жедел тест өткізілді. Тест жұқпаны дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Жұқпаны анықтау үшін қосымша тексерулерден өту қажет. Зертханалық тексеру тамырдан қан алу арқылы жүргізіледі. Ол үшін жеке куәлікпен тіркелген жері бойынша емханаға немесе жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромын анықтайтын орталыққа жүгіну керек. Арнайы орталықта тест тапсыру тегін. Өткен жылы адам иммун тапшылығы вирусына шалдыққан  58 ер, 14 әйел адам анықталып, диспансерлік тіркеуге алынды. Олардың екеуі — шетел азаматы. Науқастардың барлығы әртүрлі жағдайда ауру жұқтырған. Инфекция жұқтырғандар 18-67 жас аралығында. Олардың 47 пайызы — жұмыспен қамтылғандар, 7 пайызы — студенттер болса, 57 пайызы — 20-39 жас аралығындағы адамдар, — дейді ол.

Облыстық ЖИТС орталығының бөлім меңгерушісі Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, бұл жұқпаны жұқтырған адамдар үрейге бой алдырмағаны дұрыс. 

—  Жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына кез келген адам шалдығуы мүмкін. Әсіресе соңғы уақытта ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар саны көбейді. Өткен жылдың соңында 18 жастағы адамның жыныстық жолмен инфекция жұқтырғаны анықталды. Дертті жұқтырғандар арасында жүйелі ем қабылдап, балалы-шағалы болғандар да бар. Бүгінде облыста адамның иммундық тапшылығы вирусымен өмір сүретін 582 адам дәрігер бақылауында. Сондықтан аталған дертке шалдыққанын білген адам дәрігер бақылауында болып, емнен бас тартпауы қажет, дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button