Басты жаңалықтарСпорт

Қысқы спорттың бүгіні

Жиын

Ақтөбе облысында биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және шайбалы хоккей сияқты қысқы спорт түрлері дамыған. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Шоқпытов жеткізді.

Бұл спорт түрлеріне 10 015 адам қатысады. Соның ішінде 7257 адам шаңғы спортымен, 1220 адам хоккеймен, 720 адам мәнерлеп сырғанау спорты түрімен айналысады. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінен 4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 586 бала білім алады.

Қысқы спортпен айналысу үшін Мұз сарайы, №5 БЖСМ жанындағы «Олимп» мұз модулі, 6 шаңғы базасы, 82 хоккей алаңы бар, оның 3-еуі — жабық және 79-ы — ашық алаңдар. Алайда мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккей бойынша білікті жаттықтырушы-оқытушылардың тапшылығы, сондай-ақ биатлонды дамыту үшін қажетті спорттық базаның болмауы мәселе күйінде қалып отыр.

Шыңғыс Шоқпытов атап өткендей, қысқы спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамасына облыстан екі спортшы енген: біреуі —биатлоннан, екіншісі — шаңғы жарысынан. Спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарға ұдайы қатысады, ұлттық команда құрамында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп жүр. Сонымен қатаролимпиадалық резервті дайындау орталығында биатлон бөлімшесі жұмыс істейді, оның тәрбиеленушісі Владимир Коневец— Қазақстан чемпионы және әлем Кубогының қатысушысы.

— Биыл Харбинде (Қытай) қысқы Азия ойындарын өткізу жоспарлануда. Ақтөбе облысынан оғанекі спортшықатысуға үміткер: Бексұлтан Ернұр (шаңғы жарысы) және Владимир Коневец (биатлон). Бексұлтан Ернұр қаңтар айында Туринде (Италия) өтетін қысқы Универсиадаға қатысады. Егер ол Универсиадада үздік ондыққа енсе, Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алады. Владимир Коневец наурыз айында өтетін Австриядағы әлем чемпионатына жолдама алды. Оның іріктеу жарыстарындағы нәтижелері де Азия ойындарына қатысу мүмкіндігін анықтайды,— деді Шыңғыс Шоқпытов.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров қысқы спорт түрлерін облыс орталығында ғана емес, аудандарда да белсенді дамыту қажеттігін айтты:

— Ол үшін тиісті жағдайлар жасау, жаңа спорт нысандарын салу, аудандарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Білікті жаттықтырушылар мен мамандарды тарту, сондай-ақ спортшыларымыздың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын ынталандыру қажет. Жастар мен оқушылардың қысқы спорт түрлерімен белсенді айналысуы маңызды. Сонымен қатарөңірдің барлық тұрғындары үшін спорт нысандарына ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыс істейтін боламыз,— деді өңір басшысы.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button