Маңызды мәселелер қозғалды
Кездесу
Облысқа жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінің қызметшілерімен және облыстық көпсалалы балалар ауруханасы ұжымымен кездесті.
Әскери бөлімді аралап, сарбаздармен және қызметшілермен кездескен Мәжіліс депутаттары былтыр елімізде қабылданған заңнамалық өзгерістер мен әскерилердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы сөз қозғады.
— Қай мемлекеттің болсын айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Қандай жағдайда да халықтың тыныштығын қорғайтын сіздерсіздер. Сондықтан әскери қызметшілер мен сарбаздарға жағдай жасалуы керек. Сондай-ақ жас ұрпақты патриот, Отанын, халқын сүйетін адам ретінде тәрбиелеуге тиіспіз. Бұл орайда сіздер жастарға үлгі болуларыңыз қажет, — деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Басқосуда Жұлдыз Сүлейменова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерістерге, оның ішінде буллингке байланысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ әскери қызметшілердің мәртебесін көтеруге, тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты жұмыстарға тоқталды.
— Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы кредиттік берешекті азайтуға байланысты Парламент депутаттары алдына міндет қойған болатын. 2024 жылы Заңға Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл заң бойынша әскери борышын өтеп келгендер 2 айдың ішінде кредиттен және оның үстемеақысынан босатылады. Сондай-ақ әскери борышын өтеушілердің балаларын кезектен тыс балабақшаға орналастыру мүмкіндігін қарастырдық, — деді ол.
Бұдан кейін Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева мен депутат Жұлдыз Сүлейменова
облыстық көпсалалы балалар ауруханасына барды. Ұжыммен кездесіп, нысанды аралап шықты.
Кездесуде медицина саласындағы бірқатар мәселелер мен қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістер жайы талқыланды.
Дания Еспаева дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған жаңа заңның тиімділігіне назар аударды.
— Өткен жылы 106 заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізіліп, 37-сін қарадық. Оның 19-ына Президенттің қолы қойылды. Былтыр қазан айында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қарадық. Қазіргі кезде осы заңның жүзеге асырылу барысын сіздермен талқылауға дайынбыз, — деді Дания Еспаева.
Жұлдыз Сүлейменова тұрғындар арасында МӘМС-ке қатысты сын-пікірлер көбейгенін атап өтті.
— Соңғы жылдары ауылдарда медицина инфрақұрылымын дамытуға көп күш салып жатырмыз. Былтыр Amanat партиясының депутаттары ауылдық жерлерге баратын дәрігерлер үшін бір реттік көтермеақыны, яғни ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерін енгіздік. Бұл ауылға сапалы мамандарды тартуға мүмкіндік береді,— деді Жұлдыз Сүлейменова.
Басқосуда аурухана дәрігерлері медициналық құрал-жабдықтардың және ота жасауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігін айтып, ауданаралық хирургиялық бөлімшелер ашу туралы өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ соңғы бес жылда аурухана мамандары шетелдерге барып, кәсіби біліктілігін арттырмағанын атап өтті.
Депутаттар ақ халаттылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, барлық мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізетіндерін айтты.
Айта кету керек, депутаттар «Ұлттық Банк» облыстық филиалы қызметкерлерімен де кездесті.
Д.АЙДАР.